«Жасау» дүкенінен қыз жасауына қажеттің бәрі де табылады

27.11.2018
Қаралды: 372

Қыз тұрмысқа шыққан соң ата-ананың алдында жасау бері парызы тұратыны анық. Оны берудің түпкі мақсаты да сол, күйеуге шыққан қыз барған жерінде ешкімге кіріптар болмасын, үйленген жастар қиналмасын, үй болып, аяққа тұрсын деп тұрмысқа қажетті дүние-мүліктің бәрін түгендеп беруге тырысады.

 

Бүгінде уақыт өткен сайын қыздың артынан берілетін жасау да түрлі дү­ние­лермен толығып келеді. Соған сәй­кес, оған жұмсалатын қаражат көлемі де қымбатырақ. «Әркім көрпесіне қарай көсіледі» десек те, бүгінгі күні оның құны ата-ананың қалтасына қарай шамамен 500 мың мен 2 миллион теңгенің аралығын құрап отыр.

 

Таяуда Шымкент қаласында қыз жасауын сататын «Жасау» атты дүкен ашылды. Дүкен иесі Айжан Бейсенбаева мұндағы көрпе-төсектердің барлығын көмекшілерімен бірге тігіп, сатылымға қояды. Өзі өндіруші, өзі сатушы Айжан ханымның тігіншілікпен айналысып келе жатқанына жиырма үш жыл болыпты.

 

«Шымкентке келгенде ең алғаш рет көрпе-төсекті базарға алып шыққан мен болатынмын, – дейді Айжан ханым. – Оған дейін ешкім сатпайтын. Көрпе-төсекті жақсылап тіксеңіздер, өтеді екен деп көршілеріме айтып, біраз адамды осыған үйреткенмін.

 

Жасау – қыздың абыройы, мақтанышы. Әжелеріміз «мынау – менің жасауымнан келген алаша», «анау – анам тоқыған кілем» деп кешеге дейін айтып отыратын. Сол секілді, сапалы жасалған дүние ұзағынан қызмет ететін болады. Қызға не берсе де жарасады емес пе? Қазір көрпе-төсек қана емес, кілем, жиһаз, ыдыс-аяқ, тұрмыстық техникалар, оған қоса, көлік те, үй де беріп жатқандар бар. Бұл – әркімнің жағдайына қарай жасалатын дүние. Әр қаланың салты бөлек, мәселен, Шымкентімізде қызға сегіз көрпе, сегіз көрпеше, махаббат көрпесі мен түшегін міндетті түрде береді. (Аты «түшек» бол­ғанымен, заты – кәдімгі матрац).

 

Жасаудағы кейбір дүниенің өзіндік философиялық мәні бар. Жастар ренжісіп қалып жатқанда төсегі бөлінбесін деп ұзынша сопақ жастық берсе, ел мен ел қосылсын, бастары біріксін, құралсын деп құрақ көрпе қосады. Себебі құрақтың өзі кішкентай бөлшектен құрала келе көлемді дүние­ге айналып шыға келетін нәрсе емес пе? Ал қазір «Жас отбасының шамшырағы жанып тұрсын, жүздері жарық болсын» деп аспалы шам да беріп жатыр.

 

Қыздың артынан киім-кешек те апаратыны белгілі. Біз оны да ұйымдастырып қойдық. Дүкеніміздің екінші қабатында Түркиядан әкелінген брендті көйлектер, аяқ киімдер, сырт киімдер тұр. Қазір бесік те әкеліп қойып жатырмыз. Оны ұсталарға тапсырыс беру арқылы жасатамыз. Балаға қажетті жабдықтың барлығын осы жерден табуға болады. Ал мұндағы кілемдер – кеше ғана «Алтын сапа» марапатына ие болған «Бал текстиль» атты шымкенттік фабриканың өнімдері. Алдағы уақытта үшінші қабатқа ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техникаларды әкеп қоямыз. Сонда қыз ұзатқан ата-ана жан-жаққа сабылмай, барлығын бір жерден ала алатын болады.

 

Тек қызын ұзатқандар ғана емес, жаңа үйге қолы жеткендер де біздің келушілеріміз болып табылады. Жаңа үйге кірген кезде мейлінше барлығын жаңартқан дұрыс. Көрпе-төсекті, әсіресе жастықты жиі ауыстырып тұру керек. Себебі адам бойынан түрлі энергиялар бөлінеді. Ауысқан көрпе-төсекпен қатар жаман энергия да жоғалады.

 

Қазір базарларда мақтасы таза емес, ал матасы синтетика көрпешелер көбейіп кетті. Біз Жетісайдың аппақ мақтасы мен Түркияның, Өзбекстанның, Қытайдың сапалы маталарын пайдаланамыз. Сапасын өзім міндетті түрде тексеруден өткіземін. Ол үшін сатып алған матаны бір жуып көремін. Сондықтан мұнда тізіліп тұрған көрпе-төсектің қай-қайсысы болса да сапа жағынан дес бермейді. Отыз жылға дейін жарамды десем, өтірік айтпағандығым болар. Бағасын да қолжетімді етіп қоюға тырысамыз. Осындағы көрпешелердің құны – 7-8 мың теңге маңайында. Мұндағы мақта-мата бағасының үстіне қол еңбегіміз үшін қо­йылатыны небәрі  1500 – 2000 теңге ғана. Оларды қыз-келіншектер үшін ыңғайлы етіп тігіп жатырмыз. Сыртқы тысын ауыстырғанда қолдарына ине ұстамайды. Көрпе қабының бір шетіне сырма саламыз, бұл сөгіп, қайта тігу жұмыстарын болдырмайды. Сырмасын ашып, көрпеден шешеді де, оп-оңай жуа береді.  

  

Осындай сату орнын ашу неше жылғы арманым еді. Бұл – бірнеше жылғы еңбегімнің нәтижесі. Дүкеннің ішін «жастардың өмірлерінде де, көңілдерінде де кірбің болмасын» деген ниетпен әдейі аппақ қылдым».

 

Айжан ханым осылай дейді. Шынында да, кірген кезде тазалығымен, әсемдігімен, биіктігімен адамға әдемі әсер сыйлайтын дүкен сатып алушылар үшін де ыңғайлы. 

 

Қазақ «Жасаусыз қыз, жабдықсыз үй болмайды» деп қыз жасауына ерекше көңіл бөлген. Десе де қызы бойжеткен кей аналардың: «Жасауға не береді, қанша қаражат кетеді?» – деп отырғанын құлағымыз шалғаны бар. Мақаланың сондай жандарға көмегі тиеді деген ойдамыз.                                     

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ