Шымкентте «Қазына» атты кітап үйі ашылады

26.11.2018
Қаралды: 730

Шымкентте таяу күндері бір жақсы жаңалық орын алғалы отыр. Қаламызда «Қазына» кітап саудасы үйінің филиалы ашылмақ. Біз бұл жөнінде аталған сауда үйінің атқарушы директоры Ақмарал Қуанбекқызынан естідік.

 

«Бүгінде дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Филиалды қаладағы «Береке» сауда үйінің ішінен ашпақпыз», – дейді Ақмарал Қуанбекқызы.

 

«Қазына» кітап саудасы үйі өткен жылы Алматы қаласында ашылған. Директоры – Алмас Шәйкен деген ұлтжанды азамат. Өзі Қарағанды жақта туып-өскен, негізгі мамандығы – қаржыгер ол Алматы дүкендерінде қазақ тілінде басылған кітаптардың өте сирек кездесетінін көріп, қатты қынжылыпты. Содан қала ішінен тек қана қазақша кітаптар сататын дүкен ашуды ойға алады. Сол мақсатын өткен жылы іске асырыпты.

 

«Дүкенді ашқанмен алғашқы кездері оған қазақша кітаптар таппай қиналдық, – дейді Ақмарал. – Бұл бағытта 8 ай бойы жұмыс істедік. Бүгінде бізде 30 мыңнан аса кітап бар. Көркем әдебиет, тарихи, діни кітаптар, балалар әдебиеті, ертегілер, танымдық кітаптар, түрлі сала мамандарына арналған сөздіктер бар. Жалпы, кітап қорының 70 пайыздайын көркем әдебиет құрайды».

 

Айтуынша, кітаптардың бағасы 150 теңгеден басталады. Қолжетімді. Дегенмен аса бағалылары да бар екен. Мысалы 100 томдық «Бабалар сөзі» 245 мың теңге тұрады.

 

Бүгінде бұл кітап саудасы үйінде 20-дан астам адам еңбек етеді екен. Кітап авторларымен тікелей жұмыс істеу жолға қойылған. Яғни кітабы шыққан азаматтар «Қазына» кітап саудасы үйімен  келісіп, оған өз туындыларын өткізе алады, мұндағылар оның тауарын сатып береді. Бұл дүкенге тапсырыс жасасаңыз, соңғы он жыл ішінде жарық көрген кез келген әдеби, ғылыми кітаптарды іздеп тауып та бере алады.

 

«Қоғамдық ағарту бағытында жұмыс істеуді алға мақсат етіп қойғанбыз, – дейді Ақмарал. –  Осы орайда бірнеше арнайы бағдарламаларымыз да жұмыс істейді. Мысалы, «Қазыналы қонақ» айдарымен ашылған бағдарлама айына 2 мәртеден, осыған дейін бірнеше бас қосуын өткізді. Оған Мұхтар Шаханов, Дос Көшім, Зейнеп Ахметова, Тұңғышбай Жаманқұлов сынды аға-апаларымыз келіп қатысты, кітап оқу мәдениеті, адам­гершілікті тұлға қалыптастыруға қатысты сыр-сұхбаттар жасалды. Ал «Қазына мен қайырымдылық» бағдарламасы бойынша балалар үйлеріне кітап сөрелерін жасап бердік. Балалар және Қарттар үйлерінде кітапқа байланысты қайырымдылық іс-шараларын өткіздік. Сондай-ақ «Қазына парти» деген жастарға арналған бағдарлама бар. Арбатта «Ауылдың алты ауызын» шыр­қаймыз, өлеңдер оқимыз, кітаптар таратамыз. Мұның бәрін жұртшылықтың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіру мақсатында жасаймыз».

 

...Қысқасы, Алматыда жұмысын жолға қойған «Қазына» қазақша кітаптар саудасы үйі енді өзінің филиалын қазағы қалың Шымкенттен ашпақ. Іске сәт дейміз. Руханиятымызға берері мол мұндай орталықтар еліміздің басқа аумақтарында да ашылып, оған халық қолдау білдіріп жатса, кәнеки!

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ