«Ізгілік» дүкені тегін көмек көрсетіп жатыр

28.11.2018
Қаралды: 450

«Ізгілікте жарысайық». Бұл – Шымкент қаласында осыдан бір жыл бұрын жұмысын бастаған әлеуметтік қордың атауы. Аталмыш қорды құрушылар жағдайы төмен отбасыларға көмек болсын деген ниетпен түрлі қайырымдылық шаралар ұйымдастырып келеді. Соның негізінде осыдан бір ай бұрын «Ізгілік» атты әлеуметтік дүкен өз жұмысын бастады.

 

Мұнда жұмыс істейтіндердің ешқайсысы жалақы алмайды, барлығы да – еріктілер. Аталмыш дүкеннен жағдайы төмен отбасылар айына бір рет киім-кешек пен азық-түлікті тегін алып кете алады. Бүгінгідей күн суытқан кезде қажет еткен жандарға «Ізгіліктің» көмегі көптеп тиюде.

 

«Қазір бізде 300-ге жуық отбасы тіркеу­де тұр. Оның ішінде 12 балалы, жалғызбасты ана да бар. Орта есеппен алғанда бір жанұяға 4-5 адамнан келеді. Айына бір рет әр отбасы мүшесі үш түрлі ки­ім мен 3-5 келіге дейін макарон, күріш, қант секілді азық-түлік алуға мүмкіндігі бар. Азық-түлік кәсіпкерлердің, демеушілердің тарапынан ұсынылып отырады. Қалай бізге жеткізіледі, солай таратылады. Кейде үсті-үстіне келіп жатса, кейде 3-4 күн, бір аптаға дейін арасы үзіліп қалатын кездер болады. Бұл көмектер бір жылға дейін беріледі. Бір жылдан соң ол адамды тізімнен шығарып, орнына басқаларына көмек қолын созамыз.

 

Біздің мақсатымыз адамдарды масылдыққа үйрету емес. Сол мұқтаж отбасы мүшелерінің бірінің қолынан тігу, тоқу, пісі­ру секілді пайдалы дүниелер келетін болса, оларға қажетті құрал-жабдығын ал­ды­рып беруге  тырысамыз. Мұнда біз – алу­шы мен берушінің арасындағы көпір­міз», – дейді қор басшысы Асхат Мәуленов.

 

Біз ол кісіге бірнеше сауалдар қойдық.

 

– Сонда қаламызда жағдайы төмен отбасылар көп пе?

 

– Соны кейде өзіміз де түсінбей қалып жатамыз. Бұл істі басында 4-5 жігіт болып бастағанбыз. Бірі қаражатын, енді бірі білімін салды, бірі демеушілер тартты. Кейін мен де үлес қосайын деушілердің қатары пайда болды. Біз өзімізге мүлдем жарнама жасаған жоқпыз. Себебі бізге оның керегі де жоқ еді. Бірақ халық өзі әлеуметтік желілерге салды. Содан келуші­лер қатары көбейіп сала берді. Біз мұндай болады деп тіпті ойлаған жоқ едік.

 

– Ал сіздерден көмек алу үшін қандай құжаттар қажет?

 

– Барлық балаларының құжаты, жолдасының қайтыс болғандығы туралы анықтама  және мүгедектігі туралы құжаттары болса жетіп жатыр. Біз енді ажырасқандардан гөрі күйеуі қайтыс болып, материалдық жағынан таршылық көріп жатқандарға көбірек көмектесеміз. Себебі ажырасқандардың саны қазір өте көп. Сондай-ақ бір баласы барларға емес, көпбалалыларға көңіл бөлуге тырысамыз.

 

Күні кеше күйеуі қайтыс болған алты балалы анаға үй бердік. Балаларының екеуі колледжде студент, қалғандары мектеп оқушылары екен. Оның тұрып жатқан жерін әдейілеп барып көрдік. Өзімен, көршілерімен сөйлестік, ақпарат жинадық. Сөйтіп, оған жер үйдің кілтін табыстадық. Әрине, ай сайын үй беріп тұруға шамамыз жетіңкіремейді, жылына бір рет бір отбасыны баспаналы етсек, сол да жаман емес деп ойлаймын.  

 

– Дүкенге киімдерді кімдер әкеледі?

 

– Бұл – дүкендерден, базарлардан және өзіміз секілді адамдардан келген киімдер. Үйдегі киілмей қалғандарын жуып-тазалап әкеліп өткізеді, оны осындағы қыздар үтіктеп, іліп қояды. Содан соң киім керек адам таңдап жүріп алады. Қазіргі қыс ауасында үйге киетін тәпішкемен келген де отбасыларды көрдік. Солардың барлығы осы жерде өзіне қажеттісін алып кетіп жатыр. Жуырда Шымкенттегі бір дүкен 16 қорап жаңа киімдер әкеліп берді. Тіпті бағалары да тұр. Соның барлығы түгел таратылып кетті.

 

Екінің бірі қор ашып, жағдайы төмендерге көмектесе бермейді. Мұны ашудағы сіздердің мақсаттарыңыз не болды?

 

– Мемлекет мұқтаж жандарға мүмкін­дігінше жәрдемдесуде, қаншама жеңіл­діктер жасап, жәрдемақылар беріп жатыр, елімізде кәсіп бастауға да жақсы мүмкін­діктер бар. Кейбір елдермен салыстыр­ғанда біздегі жағдай мың есе артық дер едік. Біз де қосымша  көмек қолын созуды азаматтық парызымыз деп санадық. Жасырмаймын, өзіміз де сондай отбасыдан шықтық, әкемізден де ерте айрылдық. Сондықтан «Біріңді қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» деп Абай атамыз айтқандай, бір-бірімізге көмектессек, оның айыбы жоқ деп білемін. 

 

Шетелде қалталы азаматтар қайырымдылық жасағысы келсе, осындай арнайы қорларға хабарласып, қаржыларын аударып отырады. Ал бізде қор дегенді діни ұйым деп түсінетіндер көп. Шындығында қор дегеніміз – коммерциялық емес ұйым, қоғамдағы ерікті азаматтардың ұйымдастыруымен халыққа жәрдем береді. Бірақ кейде халықтың жалқаулығы масылдыққа апара жатқандай болады. Бізге келіп алып: «Менің бір балам бар, маған ешкім көмек бермейді, азық-түлік таусылды», – деп айқай шығаратындар да жоқ емес. Мұндағы тегін жұмыс істеп жүрген қыз-жігіттерге ұрсып жатады. Ондай кезде біз де бұл жерде әркім өз қалауымен ғана жұмыс істеп жүргенін, мейлінше сабырмен сөйлеуін түсіндіруге тырысамыз. «Бұлар өздерінің таныстарына ғана беріп жатыр» деп бүкіл жұмысыңды бір сәтте жоққа шығарып тастайтындар да шығады.

 

Бір бай кісі тойында келген халыққа түгел қой беріпті. Сөйтсе ішінде біреуі: «Ақыры берген соң бас жібімен қосып бермей ме?!» – деп ренжіген екен. Сол айтпақшы, көңілі толмайтын неше түрлі адамдар бар. Байқасақ, көмек қолын созып жатқан, тұрмысы төмен отбасы мүшелерін жұмысқа алып жатқан көптеген кәсіпкерлер бар. Баласын балабақшаға тегін алайын дейтін­дер де жоқ емес. Сондықтан «мемлекет маған не береді» дей бергенше, «мен еліме не беремін» деп өмір сүру керек деп ойлаймын.

 

– Ендеше, істеріңізге сәттілік!

 

...«Біздің қор бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Соның ішінде спорт бағыты бойынша Тәуелсіздік мейрамының құрметіне 170-тей бала қатысқан жасөспі­рімдер арасында футболдан жарыс өткіз­дік. Енді олар футбол секциясына тегін қаты­сатын болады. Жуырда жағдайы тө­мен, спортқа қызығатын, алыс жолдан ке­ліп кететін балаларға велосипед, спорт фор­масын сыйладық», – деді қор менед­жері Мұхтар Тәшімов те сөз арасында.

 

Ендеше, сауапты іспен айналысып, алғыс арқалаған осындай азаматтарымыз лайым көп болсын деп тілейік. 

  

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ