Селфи, релфи, мелфи, фелфи...

24.11.2018
Қаралды: 102

Суретке түсу де сәнге айналған қазіргі заманда смартфон ұстағанның селфи­летпегені жоқ шығар. «Селфи» ұғымының тек тілімізге ғана емес, өмірімізге де еніп кетті.

 

Селфиді автопортреттің бір түрі деп қарастырар болсақ, ең алғашқы автопортрет 1900 жылы «Kodak» фотоаппаратымен жасалған екен. Содан бері технология дамыған сайын селфидің де түрлері көбейіп келеді. Соның бірі – лифтолук. Бұл – айнасы бар лифтіде жасалатын селфидің бір түрі. Кез келген жеделсатыға кіресіз де, айнаға қарап тұрып, өзіңізді суретке түсіре қоясыз. Басқа ережесі жоқ. Болды, сіз лифтолук жасадыңыз. Бір қызығы, Ресей саясаткері Дмитрий Медведевтің 2014 жылы жасаған лифтолугі ең әйгілілердің қатарына жатады екен.

 

Ал груфи жасап көрдіңіз бе? Кадрға көбірек адамды қамтып, топпен бірге селфилетуді «груфи» деп атайды. Ол үшін арнайы монопод құралы қажет. 2015 жылы ерекше сәнге айналған мұндай суреттерге берілген груфи атауын маркетингтік тәсіл ретінде қытайлық компания ойлап тапқан көрінеді.

 

Сол секілді селфидің «релфи» деген де түрі бар көрінеді. Ол – сүйікті адамың­мен бірге түскен сурет. Гарвард уни­верситеті қызметкерлерінің зерттеуі бо­йынша әлеуметтік желілердегі су­реттердің ішінде адамдарға ең ұнамайтыны да осы өзгелердің релфиі екен. Психологтар оның себебін қарапайым қызғанышта деп түсіндірген көрінеді.

 

Скотч-селфи деген де бар. Бұл – адамдар өздерінің бет-жүзін скотч жапсырмасымен орап, нәтижесінде сүйкімсіз болып өзгерген түрлерін өзгелерге көрсететін селфи түрі. Оны ойлап тап­қан – 21 жастағы студент Лиззи Дарли. Шетел актеры Джим Керридің фильмінен көрген әрекетті қайталап, «Фейсбук» желісіне салып жіберген селфи суреті 50 мың адамға ұнаған екен.

 

Сондай-ақ, селфидің тек ер адамдардың автопортреті бейнеленетін «мелфи», жануарлармен бірге түсетін «фелфи», биіктіктен түсіретін «экстрим-селфи» секілді түрлері де бар. 

 

Селфиге қатысты тағы бір қызықты дерек: Франкфурт тұрғыны Марсель Фрике атты 17 жастағы бозбала селфи жасау үшін қолын 38 сантиметрге ұзартыпты. Оның ота жасатқан оң қолы 104 сантиметрді құрайтын көрінеді. Селфиге деген әуесқойлығы пышаққа түсуге дейін алып барған бұл жігіттің қылығы көпшілік үшін әлі де жұмбақ. 

   

И. МАҚПАЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ