Алтай шамандарына Шымкенттен де баруда

27.11.2018
Қаралды: 718

Енді көп ұзамай қыстың екінші айы да басталғалы тұр. Алдымызда жаңажылдық демалыс күндері келеді. Осындай кезде, жалпы, қыс маусымында Алтай өңіріне, ондағы атақты шамандарға барып, оқытылып қайтатындар да аз емес көрінеді. Тіпті таяуда ол жаққа Шымкенттен де бірқатар адамдардың барып қайтқаны туралы естідік.

 

2 мың шақырымнан аса қашықта жатыр

 

Жалпы, Алтай таулары Қазақстан, Ресей, Монғолия және Қытай мемлекеттерінің аралығында жатыр. Бір бөлігі Шығыс Қазақстан облысының аумағына кіреді, Ресейде Кемер облысына қарайтын Алтай өлкесі мен Алтай Республикасы бар, ал бір бөлігін Монғолия­ның Баян-Өлгий және Қобда аймақтары, сондай-ақ біраз жерін Қытайдың Шыңжаң-ұйғыр автономиялы ауданы алып жатыр.

 

Жұрттың барып жүрген шамандары осы Алтайдың Ресейге қарасты аумақтарында кездеседі. Жалпы, бұл шағын ұлттың адамдары 100 мыңға да жетпейді, шамамен 80 мыңдай бар. Осының 77 мыңдайы Ресей аумағында тұрады.  Телеуіт, телес, құмандылық, тубалары деген ұлыстардан тұратын, аздаған тіл алшақтығы бар негізгі екі топқа бөлінеді. Енисей қырғыздарына, сахалар мен тываларға ұқсас халық. Түркітектес, бірақ тілдерінде монғолдық әсер басым.

 

Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласынан Алтай республикасының астанасы – Туулу Алтайға (Горно-Алтайск) күре жолмен 767 шақырым, төте жолмен 324 шақырым жүріп баруға болады екен. Ал күре жолмен жүргенде Туулу Алтай Шымкенттен 2548 шақырым қашықта жатыр. (Оған төте жолмен 1632 шақырым жүріп баруға да болады екен). Бұдан бөлек, Шымкенттен Туулу Алтайға 2 сағатта жеткізетін де жол бар. Ол – әуе жолы. Яғни оған ұшақпен де жетуге болады.

 

Алтайлықтардың негізгі діні – шаманизм. «Дін – апиын» деген күрес жүрген замандарда шаман атаулының бәрі қырғынға ұшыратылған екен. Әйтсе де КСРО ыдырап, еркіндік тиген жылдары бұл дін қайта жандана бастапты. Бүгінде көптеген алтайлық шамандар өз ісін жолға қойып алған деседі.

 

9 түрлі қасиет болуы қажет

 

Ал осы Алтай шамандары жұрт жыр қылып айтатын тылсым қуатқа қалай ие болады? Біз бүгін оқырманға осы жөнінде аз-кем ақпарат бере кетуді жөн көрдік.

 

Алтай өңірі – шаманизм сарқыншағы сақталған бірден-бір аймақ. Ол туралы айтылатын аңыз әңгіме де көп. Таулы Алтайды бірде «жыландар мекені» деп атаса, енді бірде «өзге ғаламшарлықтардың кемесі үнемі қонатын өңір» деп те айтып жүр. Не десе де нағыз шамандардың тоғысқан тұсы осы жер. Тылсым әлеммен байланыс жасап, ондағы рухтарды өз қызметіне пайдалана алатын ерекше емшілер осы аймақта көп дүниеге келеді. Алтайда олар «кам» атауымен белгілі. Ал қазақта «бақсы» деп аталады.

 

Шамандық – атадан балаға берілетін ерекше қасиет. Бақсыларда бұл дарын кішірек кезден-ақ байқалады екен. Шамандардың негізгі құралы болып саналатын дауылпаздың даусын естіген кезде, ал кейде аяқ астынан қасиеті барлары қалтырап-дірілдеп, әрлі-берлі сенделіп, секіріп, түрлі миға сыйымсыз іс-әрекеттер жасай бастайтын көрінеді. Мұның «шаман ауруы» дейтін атауы да бар. Психиатрлар мұндай адамдарды ұзақ уақыт ақыл-есі ауысқандардың қатарына жатқызып келді. Себебі, «шаман ауруының» белгілері шизофрениямен бірдей еді. Тән қиналысы мен түрлі галлюцинациялар титықтататын бұл «ауру» бірнеше жылдарға созылуы да мүмкін. Одан құтылудың бір ғана жолы – шамандықты мойындау болып табылады.

 

Шындығында, шамандар – транс пен қалыпты жағдайды бір уақытта ұштастыра алатын ерекше психологиялық тәсілді меңгерген жандар. Шамандар мұны тәлімгерінен бала кезден-ақ үйренеді. Егер ол жұмыс барысында мидың тепе-теңдік қалпын дұрыс сақтай алмаса, онда жүйке жүйесіне үлкен зақым келуі мүмкін.

 

Өз бойында «шаман ауруының» белгілері бар болашақ бақсы осы жолда қызмет ету үшін арнайы рәсім орындауы тиіс. Бірақ, мұны барлық өңірдің шамандары жасамайды. Рәсімге сай, ол бірнеше күнге орманға немесе шөл далаға кетіп, 3, 5, кейде 9 күнге дейін ашығып, нәр татпауы керек. Бұл уақыт аралығында оның қимылдауға да шамасы келмей, құр сүлдері ғана қалады. Осы кезде бақсылыққа бет бұрған адам өзінің өлімін өз көзімен көргендей болады. Бұл – ол үшін ең ауыр сынақ болып табылады. Мұндай «тірідей өлу» – шаманның өз бетінше трансқа түсе алуы және осы күйде өзін де, өзгелерді де басқара алуы үшін жасалатын жаттығу. Бір рет тірі мен өлінің шекарасында болып келген шаман транс қалпына кез келген сәтте және оңай түсе алатын болады. Содан соң, бұл рәсім оның туыстарының арасында мереке ретінде тойланады. Ең соңында оған магиялық іс-әрекет барысында қажет болатын түрлі шөптер мен минералдар, жануарлардың дене мүшелері салынған, арнайы теріден тігілген қапшық сыйлайды. Осыдан соң ол нағыз шаман атанады. «Шамандықтан бас тартқан жағдайда ауру меңдеп, аяғы өлімге әкеледі» деп сенетіндіктен мұндай ерекше адамдар осы жолға түсуге мәжбүр.

 

Әрине, кез келген адам шаман бола алмайды. «Ол үшін оның тоғыз түрлі қасиеті болу керек. Оның біріншісі, жоғарыда айтып кеткендей, бабаларының бірі, міндетті түрде, осы жолды ұстанған болуы тиіс. Екіншісі – денесінде «Құдай белгісі» – жұдырық көлеміндей қал немесе аяқ-қолының бірінде алтыншы сау­сақтың болуы. Сонымен қатар, рухтарды көре және байланыса білу, дәрі-дәрмексіз емдей білу, отпен жұмыс жасай білу, жан-жануарлардың тілін білу, шамандық рәсімдер мен дұғалар және арғы дүниедегі рухтардың атын білу, өз халқының салт-дәстүрін жетік білуші және жалғастырушы қызметін атқара білу секілді қасиеттері болуы тиіс» деп жазады ғаламтор беттерінде.   

 

Көпшілік шамандарды тез ашулан­ғыш, эмоцияға оңай берілетін, күйгелек деп ойлағанымен, керісінше, олар өте сабырлы келеді. Шындығында, ем жүргізу барысында жүйкеге түсетін күшті тек эмоционалды тұрақты адамдар ғана көтере алады. Олардың интуициялық қабілеті өте жоғары, соның арқасында трансқа да тез түседі. Мұндай күйде рухтармен оңай байланысып, сұрақтарына жауап ала алады.

 

Алтай шамандарында мынадай заңдылық бар: алдына келген адамға болашағында орын алғалы тұрған қайғылы жағдай туралы тұспалдап болса да айтылу керек. Қабылдау-қабылдамау – келушінің өз шаруасы. Соған сәйкес «айтылмаған жағдайда әлгі адамның өмірі үшін жауапкершілік шаманның мойнына ілінеді» деген түсінік қалыптасқан. Олар өздері туралы «Басқалар ести алмайтынды естиміз, көре алмайтынды көреміз» дей келе, өздерінің қасиетін жарықпен және аспанмен байланыстырады. Мұндағы әр шаманның өзі табынатын тауы бар. Оған он шақырымнан артық жақындауға болмайды. Тек сол маңға келіп, шыңына қарап сыйынып, кете береді. Олардың түсінігінше, Алтайдың Белуха тауында Шамбала атты рухтар елі мекендейді. Шамбалаға аяқ басқан кез келген адамның өміріне үлкен қауіп төнетінін айтады.

 

Көпшілік шаманға дәрі-дәрмексіз емделу үшін немесе болашағын болжату үшін барады. Ғалымдардың зерттеуінше, діни рәсім кезінде шаманның миы емделушінің ми ырғағымен бірдей жұмыс істей бастайды екен. Ол ырғақ дауылпаз соққысымен және шаманның би қимылдарымен дәлме-дәл келетін көрінді. Осындай жағдайда шаман болашақты болжау немесе ауырған адамның денсаулығына әсер ету мүмкіндігіне ие бола алады. Ғылыми зерттеулердің нәтижесі бойынша, дауылпазға соғылған соққы дыбысы адамның жүйке жүйесіне өзгеріс алып келеді екен. Секундына 4-7 рет соққы беріп үлгеретін шаман қолындағы құралы арқылы трансқа түсіп, өзіне көмектесетін рухтарды шақырып, сол арқылы тылсым әлемге саяхаттай да алады.

 

Әр шаман дауылпазды өз қолымен жасайды. Алдымен қажетті ағашты таңдайды, содан соң оның бір бөлігінен сәл сопақша етіп пішінін шығарады. Ішкі жағына темірден немесе ағаштан ұстағышы жасалынады. Ал екінші күні оны жабайы маралдың не бұғының терісімен қаптайды. Одан кейін «дауылпазға жан бітіру» деп аталатын рәсімін жасайды. Үшінші күні таң сәріде суреттер салынып, күндіз металдан, ал кешкісін матадан түрлі атрибуттар ілінеді. Алтай шамандары, әдетте, оған жылқыны бейнелейді. Дауылпаз  – шаманның ең бағалы және қасиетті құралы болып табылады. Шаманның өзі өмірден өткен соң, оны сындырып, зират басындағы талдың түбіне көміп қояды. Сондай-ақ, оларда «дауылпаз егесінің көзі тірісінде зақымданса, онда шаманды өлім қаупі күтіп тұр» деген наным да бар.

 

Сондай-ақ, шамандарды «ақ» және «қара шаман» деп бөліп жатады. Мұндағы «ағы» жақсы, ал «қарасы» жаман дегенді білдірмейді. «Ақ шамандар» – табиғатында адам емдеушілер болса, «қаралары» адамға жабысқан жын-шайтандарды қуатын, яғни адамның игілігі үшін ауыр рәсімдерді жасайтын шамандар. Бұл екі қасиет те бір шаманның бойынан табылуы әбден мүмкін.

 

Жалпы, шаманизмнің өзі қыр-сыры көп бір әлем екен. Оны ғаламтор бетінде діннің ежелгі түрі деп бергенімен, ғылым­ға татитын салмағы бар секілді. Алдағы уақытта бұл тақырып төңірегінде тағы да қалам тербейтін боламыз.

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ