Тіршілік тұжырымдары

26.12.2018
Қаралды: 665

(Өлеңмен өрілген ойлар)

 

Салыстырсақ өмірді біз өзенмен,

Ағып өтер, болмас кезі тежелген.

Екеуі де артқа қарай бұрылмас,

Еш талассыз шындық осы ежелден.

* * *

Тағдыр қойса сан түрлі алдыңа сын,

Жеңу үшін шаршайсың-шалдығасың.

Сөйтіп жүріп бірақ та бір ғажабы,

Жақсы іздер артыңда қалдырасың.

* * *

Ақылды жан жол табар тар асуда,

Ақылдыға болмайды адасуға.

Ақылдыға орын бер, жолыңды бер,

Ақылдымен ақың жоқ таласуға.

* * *

Бір қызметке келген болсаң жаңадан,

Ең әуелі қоқыстардан тазалан!

Тап-тұйнақтай болсын тегіс айналаң,

Содан кейін ісіңді істе қалаған.

* * *

Екі-ақ жол бар мынау жалған пәниде:

Түзу әлде қисық жолмен жүресің.

Үшінші жол болмақ емес, әрине,

Тек бір жолда өміріңді сүресің.

* * *

Тура жол ол – жолдың нағыз қиыны,

Түзу жүру – шың-құзы көп өткелдей.

Бұдан шығар әңгіменің түйіні:

Туралық бұл – қылкөпірден өткендей.

* * *

Қисық жолдар – жолдың ең бір оңайы,

Теріс жолға түсіп кету деп-демде.

Жаман істің келіп тұрса орайы,

Солай қарай ауып кетер көп пенде.

* * *

Шықпайтын еш шекарадан, сызықтан,

Адамдар бар ұстамды да орнықты.

Неше түрлі құмарлықтан, қызықтан,

Өзін-өзі шектей білсе – сол мықты.

* * *

Бұрыс кеткен жанға толы айналаң,

Әзәзіл көп кес-кестейтін жолыңды.

Ал адамды түзу жолдан таймаған,

«Әулие» деп әспеттесек орынды.

* * *

Ақша табу кетті қазір қиындап,

Ал бірақ та жұмсау оны оп-оңай.

Құм сияқты құралғанмен тиындап,

Су сияқты сусып кетер, о, тоба-ай!

* * *

Егер сенен қарыз алса танысың,

Ол адамның амандығын тілейсің.

Бірақ оның ар-ұятын, намысын,

Сол ақшаға әкеп кейде тірейсің.

* * *

Ақшасы көп адам жүрер алшаңдап,

Жан-жағына шекесінен қарайды.

Ал қалтасы жұқа пенде қалтаңдап,

Өзін неге жұрттан төмен санайды?

* * *

Сөзден бұрын бөз бағалы бүгінде,

Ардан бұрын ақша құнды талайға.

Есі ауысқан мынау қоғам түбінде,

Өз қалпына келер бәлкім қалай да?!

* * *

Қолы ұзынның тақылдайды таңдайы,

Дүниесі көп адамның сөзі ірі.

Бүгін асып-тасынғанның жағдайы,

Не болмақшы таусылғанда «көзірі»?

* * *

Тасы өрге домалаған байлардың,

Алдынан тек «жасыл шамдар» жанады.

Ондай кезде ақыретті ойлар кім,

Соңында оның қандай іздер қалады?

* * *

Бай адамның билік құру – арманы,

Ал билігің бай болсам деп ойлайды.

Зіл-батпан боп жаншыса да салмағы,

Дәмін татқан тоймайды не қоймайды.

* * *

Морт сынса егер мәуелі ағаш бұтағы,

Қалың жеміс салу оның не теңі?

Ашкөздіктен ешкімнің жоқ ұтары,

Шектен шықсаң түбіңе ол жетеді.

* * *

Көрінгенмен еш уақытта өлмейтін,

Басқа салса, жақыныңды жерлейсің.

Шартарапты шарласаң да шарқ ұрып,

Енді қайтып ол адамды көрмейсің.

* * *

Бұл өмірден алатұғын үлесің,

Не боларын қайдан ғана білесің?

Бүгін тойдан табылғанмен, ой, Алла-ай,

Ертеңіне жаназада жүресің...

* * *

Ақыл-кеңес сұрар кезде басқадан,

Қадамыңды қателеспей анық бас.

Өзіне-өзі қарық қып жол ашпаған,

Саған дұрыс жол көрсетіп жарытпас.

* * *

Бір шаруаны байыбымен шешерде,

Ол тірлікке киліктірме бөтенді.

Бөтен адам құртып қойса бекерге,

Жоғалтуың әбден мүмкін есеңді.

* * *

Опық жесең тегіс жерде жығылып,

Себебінен көрме оны басқаның.

Ең әуелі өз қатеңнің сырын ұқ,

Зерттеп алғын оқиғаның астарын.

* * *

Жақсы ғой жоқты айтып жыламаған,

Біреуден бір нәрсені сұрамаған.

Дегенмен шектен шыққан сыпайылық,

Қалдырар тиесілі сыбағадан.

* * *

Біреу жүр олжа іздеп жалмаңдаған,

Біреу жүр олжалыға жарбаңдаған.

Солардың маңайында жүрген болсаң,

Болғаны сенің де онда арзан бағаң.

* * *

Салмақ түссе басына кеп тосыннан,

Көтере алмай иіледі ағаш та.

...Сондай сәтте көмек берген досыңнан,

Ажырама, ол доспен еш санаспа!

* * *

Табиғаттың басқа түссе сынағы,

Жапырақ та жасыл күйде  солады.

Адамдар да кей кезде морт сынады,

Қыршын кетсе қайғысы ауыр болады.

* * *

Суық ұрса жайнап тұрған гүліңді,

Сен бейбақтың қолыңнан не келеді?

Қарсылық қып шығарғанмен үніңді,

Дүлей күштер әлсізді оңай жеңеді.

* * *

Таңқаласың көбелекті көргенде,

Әсемдігі жұртты өзіне қаратқан.

Құдай оған ғажап түрді бергенде,

Неге өмірін келте қылып жаратқан?

* * *

Кім не тапса мінезінен табады,

Бір мінезді адам әркез бағалы.

Бір жерлерде арыстан боп жүргендер,

Бір жерлерде мысық болып қалады...

* * *

Уақыт деген зымырайды білінбей,

Сағат тілі зырылдайды кідірмей.

Ал сағатты ойлап тапқан адамдар,

Сол сағаттай жүре ала ма сүрінбей?

* * *

Күн шығады мезгілінен жаңылмай,

Ай да туар жалқаулыққа салынбай.

Адам шіркін сол табиғат заңындай,

Жүрсе кәне, аяғынан шалынбай?

* * *

Қыстан кейін көктем туар сайланып,

Жаз бен күз де кезек келер айналып.

Сол сияқты адамның да өмірі,

Тұрмасы анық бір маусымға байланып.

 

 Иса ОМАР.

(«Таразы» кітабынан).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ