Жетісайда Жадыра деген көріпкел бар

24.11.2018
Қаралды: 1581

Асыл дінімізде болашақты болжауға болмайды деген ұғым бар. Себебі оны білу тек  Жаратушы иемізге ғана тән. Сонда да көп жағдайда келешегі жайында білгісі келетін адамдар табылып жатады. Осы орайда ел арасында бал ашу дәстүрі қалыптасқан. Болашақты алақанға қарап, құмалақ жайып айта беретін жандар арамызда кездесіп тұрады. Мысалы, жетісайлық Жадыра Әбдібайқызы өмірінің 36 жылын мәжбүрліктен мылқау болып өткерсе де кісінің келешегін айтып беруден танбаған екен. Біз бүгінде 41 жастағы осы көріпкел Жадырамен сұхбаттасып едік.

 

Қасиет құрсақта қоныпты

 

– Алдымен өзіңізді жете таныстыра өтсеңіз.

 

– Түркістан облысы, Жетісай ауданының тұрғынымын. 1978 жылы дүниеге келдім. Әкем – шаруашылықта есепші, анам үй шаруасындағы әйел болған. Ағайынды 1 ұл, 5 қызбыз. Мен үйдің екінші перзентімін.

 

Бүгінде өзім де көпбалалы анамын. Дүниеге 2 қыз, 4 ұлды әкелдім. Қазір ауылдағы №10 амбулатория­да жұмыс істеймін.

 

– Көріпкелдік қабілетіңізді неше жасыңызда,  кім байқады? Бірінші жасаған жорамалыңыз дәл келді ме?

 

– Қабілетім туралы мен тумай жатып-ақ нағашы атам біліп қой­ған екен. Жұртшылық «Иса тәуіп» деп атап кеткен атам емші әрі болашақты бағдарлай алатын үлкен көріпкел болыпты. Ол кісі анам мені көтергеннен дүниеге келуіме қарсылық білдірген екен.

 

Бойына бала біткенін сезген күннен анамның тілі күрмеліп, мыл­қауға айналыпты. Онысынан әкем қатты қаймығып әрі намыстанып, анамды төркініне апарып тастаған көрінеді. Перзентінің мұндай күйге түскені шешемнің жақындарына қатты батса керек. Әсіресе атамыз: «Іштегі қызды тума. Менің қасиетім оған да дариды. Өзің мойындамай келген қазақшылықты осы қыз ұстаса, өмір бақи алысып, күресіп өтеді. Бұл бойжеткенде адамдар сымсыз телефонмен сөйлесетін заман келеді. Ақпарат алудың оңай кезеңінде өмір сүретін қызың қасиетін байқатып алса, қиындықтың көкесін сонда көреді. Соған дайын болсаң, онда ерік өзіңде», – депті. Анам сонда да маған жарық дүние сыйлауға шешім қабылдапты.

 

Бір ғажабы, мені өмірге әкелген күні анамның күрмелген тілі ше­шіліп, сөйлепті. Көп ұзамай әке­мізбен де қайта жарасып, тату-тәтті ғұмыр кешеді. Тек менің жайым болмаса...

 

Екі жасымда тілім анық шыққан екен. Бір күні әжемнің қасында ойнап отырғанымда үйге бірнеше көрші апалар келеді. Барлығымыз даладағы тапшанда отырған екенбіз. Олар қайтуға жиналғанда соңынан кетіп бара жатқан әжеге: «Қазір анау темірден құлап, өлесіз!» – деппін. Айтқанымдай, әлгі апа тапшанның тепкішегінен сүрініп құлап, сол жерде тіл тартпай кетіпті. Ал жан дауысы шығып, жаныма жетіп келген әжем аузымнан қолына түскен затпен ұра беріпті. Қан-жоса болған түріме ешкімнің қарағысы да келмепті. «Қыздарын жын қағыпты! Сап-сау кемпірді өлтіріп отыр!» – деп шулапты сонда ауыл адамдары.

 

Осыған ұқсас жағдайлар бұдан кейін де талай рет қайталаныпты. Көзіме түскен адамның жанынан теледидардағыдай көрініс көрінеді. Соны айна-қатесіз зуылдатып айтып бере қоямын. Мәселен, «ауыр жағдайға ұшырайсыз», «ұл туасыз», «аяғыңыз сынады», тағысын-тағы. Мұндай сөз кімге ұнасын? Әжем мен анамнан қанша таяқ жеп, ескерту естісем де ауызға түскенді іркіп қала алмайтынмын.

 

Бұған әбден күйінген әжем бала болсам да молдаға тілімді байлатуға дейін барыпты. Бірақ сол әдетімді 13-ке келгенше тоқтатпадым. Туған-туыс, көрші-қолаң  менен қорқатын халге жеткенде атам мен апам 7 молда шақыртып, тілімді байлатып, әке-шешеммен қосып ауылдан алыс жерге апарып тастайды. Содан жиырма жасқа аяқ басқанда елге қайта көшіп келдік.

 

Келер жылы не болады?

 

– Ел ертеңіне қатысты қандай болжамыңыз бар? Келер жылы нендей жаңалықтар күтіп тұрғанын айта алар ма едіңіз?

 

– Жуырда ғана жақсы түс көрдім. Аппақ түйеге ер адам мініп, жол жүріп барады екен. Бұдан түйгенім, Қазақстанды жарқын болашақ күтуде. Түйе дейтін жануар байлық пен молшылықтың, даналықтың жаршысы ғой. Түйені ер азаматтың ерт­тегені тыныштық пен тұрақтылықты білдіреді. Егер әйел кісі түйеде отырған болса біраз жайсыздыққа көрінер еді. Демек, келешекте тек жақсылықтан үмітті болайық.

 

Менің болжауымша, келер жылы кішкене ғана өзгеріс орын алмақ. Наннан тарығу, бағаның тұрақтамауы секілді мәселелер туындайды. Ол ұзаққа созылмайды. Жылдың екінші жартысында бидай көбейіп, кез келген өнім түрі молаяды.

 

– Естуімізше, 36 жыл мылқаудың күйін кешіп, өмір сүріпсіз. Сонда адамдармен мүлде сөйлес­педіңіз бе?

 

– Менің тәрбиемді мықтап қолға ал­ған әжем мен анам жан баласына сөйлемеуімді қадағалады. Оның үстіне молдалардың тіліме «құлып» салғаны тағы бар. Үлкендерден үнемі: «Сөйлеме де, сөйлеспе! Кісінің көзіне қарама!» – дегенді жиі естідім. Бала болып ойнағаным есімде жоқ. Уақыт өткен сайын тұйықтала бердім. Содан ба, жынды адамның кейпінде жүруді шығардым. Аласұрып, бойымды билей алмай қалған кездерім әлі күнге дейін есімде. Жақындарым оқытып, дем салдырған соң ғана өзіме келеді екенмін.

 

Көпшіліктің мен туралы алыпқашпа сөздері, менің қабілетім тұрмысқа шығуыма кедергі болмады. 24 жасымда келін атандым. Келін боп түскен шаңырағым бөтенсімеді. Барынша сөйлеспеуге тырысып, қысқа қайырамын да, тірлігімді істеуге кірісемін. Дегенмен қиындықтар мұнда да мені айналып өтпеді. Сол баяғы өсек сөздер күйеуімнің алдынан шыға беретін. Бірақ бала тауып, өз шаруамнан өзгеге назар аудармайтынымды білген соң ұрыс-керіске жол бермейтін. Дегенмен бұл ұзаққа созылмады. Жұрттың сөзі жеңіп, біз ажырасып кеттік. Қазір бала-шағам қасымда, жұмысым да бар, күйеуімнің жұртымен араласып тұрамыз.

 

Қандай дерттерге шипа бар?

 

– Қазақшылықты мойындап, адам қарайсыз, емдейді екенсіз. Осы күнге дейін қандай сыр­қаттарды емдеп жаздыңыз?

 

– Алақанға қарап, науқасты мазалаған барлық сырқатты айта аламын. Бірақ соның ішінде тек қан қысымы мен инсульттен құлаған жандарды және құрсақ көтермей жүрген әйелдерді ғана емдеймін.

 

Алғашқы екі дерттен массаж ар­қылы 6 айда, одан ұзаса бір жыл ішінде жазамын. Ал бедеулікті кәдімгі мал жалайтын қара тікен тұзбен емдеймін. Мұнда айта кетерлігі, тұзды міндетті түрде кез келген малдың жалауы қажет.

 

– Сіздің емдеп, жаздым деген инсульт ауруының алдында көп дәрігерлер қауқарсыз. Сондай-ақ түрлі апатты жағдайда денесі жансызданып қалған адамдарды да аяққа тұрғыза аласыз ба?

 

– Алланың құдіретінде шек жоқ қой. Тәңір менің алдыма бұл науқас­тарды бекер жібермейді. Науқасты қалай емдеу керектігін өзімді қолдап жүретін нағашы атам көрсетеді.

 

Биыл жазда ауылда трактор айдайтын 19 жастағы жігіт аударылып, белден төмен қимылсыз қалған. Бірер көше арыда тұратын көршім еді. Содан анасы алып-ұшып маған жетті. Баланы жақсылап қарап, екі ай бойы массажбен емдедім. Үшінші айда жігіт өз аяғымен жүріп кетті. Бұл қуанышқа бүкіл ауыл куә. Әйтпесе оған өмір-бақи мүгедектер арбасына таңылу күтіп тұр деп диагноз қо­йылған еді. 

 

– Қызмет ақысына қанша аласыз? Естуімізше, телефондағы дауысқа, суретке қарап та болжам жасай алады екенсіз...

 

– Үйіме келген бірде-бір адамнан «мынанша бер, пәлен теңге қалдырып кет» демеппін. Өмірдегі ұстанымым – кісі ақысын жемеу, жылатпау. Осы болмысымнан қара жерге кіргенше айнымақ емеспін.

 

Суретке қарап болжайтыным бары рас. Егер суреттегі кісі алыста тұрса, суретін туыс-жақынынан беріп жіберсе ғана айтамын. Телефон арқылы да солай.

 

– Ашық сұхбатыңыз үшін рақмет, лайым жақсылық хабарды жиі есту бұйырсын дейміз.

 

Сұхбаттасқан – Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ