Айдарбектің қызы Айдарбектің қызына келін болды

21.11.2018
Қаралды: 139

Біздің басымыздан бір қызықты оқиға өткен еді. Соны өзім бірнеше жылдардан бергі тұрақты оқырманы болып табылатын «Замана» газетінің оқырмандарымен бөліскім келіп отыр.

 

Бадаумен сыйлас бажа едік

 

Сонау 1930-жылдардағы ашаршылық миллиондаған қазақты жан-жаққа шашыратып, тоз-тозын шығарғанын барша қазақ жақсы біледі. Сол жылдары біздің әке-шешеміз бір қызымен Қызылорда облысының Жаңақорған ауданынан Оңтүстікке, Сарыағашқа ауып барып жан сақтаған. Ұлы Отан соғысы кезінде әкеміз Қыдырбекті өзі науқас болса да 1943-жылы жұмысшы батальонына алып, Сталинградты қайта қалпына келтіру үшін әкеткен. Сонда анамның Өзбекстанның Орта-Шыршық ауданында тұратын інісі Аймахан нағашымыз бізді қасына көшіріп апарады. Ол кезде анамыз Гүлсім үш балалы екен. Ағам Шайдарбек, әпкем Қалдықыз және мен – Айдарбек.

 

Әкемізді 1944-жылы әбден жұмысқа жарамай, науқасы асқынған кезде елге қайтар­ған, келгесін 1946-жылы қайтыс болған. Інім Әнуарбек сол 1946-жылы туылған. Анамыз 4 баланы бағып, колхозда аспаз болып істеп бәрімізді қатарға қосты. Сол жерде (қазір Сунақ ауылы деп аталады) орта мектеп бітіріп, есейдік.

 

Мен 1962-жылы 20 жасымда киномеханик мамандығын алып, жұмыс істеп жүргенде бір күні күзде ауылға сол Жаңақорғаннан үш кісі қонақ келді. Біреуі нағашым Аймахан, апамның інісі, олар ертерек Жаңақорғанға, елге көшіп кеткен болатын. Ол кезде жұмыс істеп, жағдайымыз енді түзеле бастаған. Нағашым қасындағы кісілердің үлкенін Бадау, кішісін Құлбай деп таныстырды. Апам екеуміз ол кісілерге қызмет жасап, үйде музыка аспапары, мандолин, баян бар, өзім тарта беретінмін, шын пейілмен күттік.

 

Бадау ағамыз маған әбден риза болғаны ғой: «Айдарбек, Қазақстанға көшіп келіңдер. Саған бір божбанның қызын әперем, екеуміз бажа боламыз», – деп шын пейілін білдіріп жатыр. Мен де: «Бәке, көшіп барсам, міндетті түрде божбанның қызын аламын», – деп уәде бердім.

 

Жаңақорған ауылында Сырдарияның сол жақ жағалауын игеру басталып, 1966-жылы бірнеше жаңа совхоз ашылып, біз жанұямызбен сол жаңа совхоздың бірі – «Задарияға» көшіп келдік. Ертесіне Бадау ағам естіп үйге келіп, ескі таныстар құшақтасып көрістік.

 

Сол жылы 25 гектар жер алып, күріш ектік. 68 центнерден өнім алып, совхоз бо­йынша алдыңғы қатардан көріндім. Облисполкомның мақтау қағазын және қосымша еңбекке 5200 сом алып, шала байып қал­дық.

 

1967-жылы 24-қаңтарда үйлендім. Әкелген келіншегім божбанның қызы болып шықты. Ертеңіне Бадау ағам келіп тұр. «Әй, Айдарбек, баяғы Ташкенттегі сөз есіңде ме? Міне енді, бажа болдық», – деп тұр. Мен де өз кезегімде: «Бәке, мен де сізге уәде беріп едім ғой. Сол уәдемді орындадым», – деп, екеуміз қайта құшақтасып едік.

 

Бәкеңнің үйіндегі жеңгеміз Бибайша – өте сыпайы, ақкөңіл. Сол кезде үш ұл, бір қызы болатын, келесі 1968-жылы жеңгеміз тағы арыстай ұл тапты. Ертеңіне Бадау ағам үйге келіп, маған: «Атын Айдарбек деп қойсам қалай көресің?» – деп рұқсат сұрады. «Саған ұқсап жүрсе болды», – деген ағама мен, әрине, қуана келістім. Бадау ағам үйленген күннен бастап мені «Молодой бажа» деп атайтын, өзі өте дуалы ауыз болатын, сол ауылда өте беделді, сөзді кесіп айтатын, өтірік-өсекке қас, шыншыл да бір сөзді ағамызды мен өте құрметтеп, сыйлайтынмын. Ол кісі де мені өте жақсы көретін. Жұмыс бабымен Түгіскенге, кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына ауысқанымда қуанып, бар ақылын айтып, таза жүр, адал бол деп кеңес берген ағамды қалай ұмытайын? Сол ауылда ең бірінші болып жаңа «Жигули» автомашинасын алған еді. Әттең, жалған дүние, 50 жастың маңайында авариядан қайтыс болды. Әйелі, яғни жеңгеміз бір-екі жыл бұрын дүниеден өткен болатын.

 

Бір қыздары Роза қазір Алматыда, ғылым кандидаты. Ең үлкен ұлы Амандық – Ауыл шаруашылығы институтын бітірген, ол да Алматыда тұрады. Жер комитетінде істейді. Екінші ұлы Аманбек те жоғары білімді, аудан комсомол комитетін басқарып, түрлі қызметтер атқарған, қазір Жаңақорғанда тұрады. Әке шаңырағындағы үшінші ұлы Асылбек – өз бизнесі бар азамат. Ал төртінші ұлы, менің аттасым Айдарбек қазір Алматыда, кеден басқармасының белді қызметкері. Өкініштісі, Бадау ағамыз да, жеңгеміз Бибайша да сол балалардың қызығын көре алмай кетті. Ал балалары жетімдікті көтере жүріп жоғарғы білім алып, қызмет істеп, тек жақсы аты шыққан азаматтар болды.

 

«Задария» совхозы маған да құт-береке әкелді. Сол жерде күріш егіп жүріп, Ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне оқуға түстім. Оны 1974-жылы бітіріп, жолдамамен «Түгіскен» совхозына агроном болып бардым. Ал 1978-жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына ауысып, Қызылорда қаласына қоныс аудардым. Облыстық мекемелерде жұмыс істеп, 2005-жылы зейнетке шықтым.

 

Ол кісінің кенже ұлымен құда болдық

 

Біз 1974-жылы Түгіскенге көшіп кеткеннен кейін Бадау ағамызбен қатынас сирей бастаған еді. Оған, әрине, ауыл алыстығы себеп болды. Дегенмен сол ауылға барсам Бадау ағама соқпай кетпейтінмін. Өйткені онда ағам Шайдарбек бар, анам соның қолында тұратын.

 

Әйелім Сапура екеуміз 5 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсірдік. Қолымыздан келгенше оқытып, мамандық әпердік, бәрі де жоғар­ғы білімді. Мен «Түгіскен» совхозына бар­ғанда 3 қыз, 1 ұлым болатын. Сол совхозда зоотехник болып істейтін, кейін екі-үш совхозға директор болған Абдуллаев Амангелдімен көрші отырдық. Жақсы араласып жүрдік.

 

Сәуле есімді үшінші қызым кішкентай кезінен пысық болды. 3 жасар кезінде Әбекеңе ұнап, бірде ол: «Осы қызыңды келін етемін, бүгіннен бастап құдамыз», – деді. Мен: «Ондай ойың болса, бүгіннен бастап, қалыңмалын төлеп қой», – деп күлгенмін.

 

Біз 1978-жылы қалаға ауыстық. Ол кезде қызым Сәуле 8-сыныптан соң мед­училищені бітіріп,  медбике болып істеп жүрген. Әбекеңнің ұлы Бақытжан да қалада милицияда істейді екен. Әбекең екеуміз уәдемізді бұзбай, құдалығын атқарып, ке­лінін өзі басқарып отырған «Өзгент» совхозына алып кетті. Сол Бақытжан мен Сәуледен 4 қыз, 1 ұл өсіп-өнді. Үлкені Мөлдір университет бітірген, Алматыда мамандығы бойынша жұмыс істеп жүр. Ұлы Бағлан да университет бітірген, қазір облыс орталығында өз мамандығы бойынша қызмет ат­қаруда. Одан кейінгі қызы Салтанат университетте студент болса, Аяулым, Сымбат деген қыздары мектепте оқиды.

 

Биыл көктемде сол Бағлан баламыз, яғни қызым Сәуледен туған немерем үйленетін болып, біз құдалыққа дайындалдық. Құдалары Алматыда тұрады екен, мен жай-жапсарын сұраған кезде таң-тамаша қалдым. Қызымның құдалары Сунақтың Бессары руынан, соның ішінде баяғы Бадау ағамыздың ең кенже ұлы Айдарбек болып шықты. Бұған әрі қатты қуандым, әрі таңқалдым.

 

Сонымен 40 жылдай көрмеген Айдарбек баламмен әрі ініммен біз осылай табыстық. Соңғы рет оны 9-10 жасында көрген екенмін. Енді, міне, Бағлан немерем сол Айдарбектің қызы Алуамен табысып, жаңа қарым-қатынасқа жол ашты.

 

2012-жылы мен «Жүріп өткен жолдар» атты кітап жазған едім. Қатар өскен жолдастарды, қызметтес азаматтарды, аға-інілерімді, олардың елге сіңген еңбектерін, жасаған жақсылықтарын жазғанмын. Кітапта Бадау ағам мен Бибайша жеңгемнің асыл қасиеттері туралы да баяндап өткенмін. Осындай тектілерден тараған, Бадау ағама тарта туған асыл азаматтар той үстінде көңілімді бір марқайтты. Бәрі келіп құшақтасып көрісіп, Бадау ағам мен жеңгем Бибайшаны еске алып, орындарынан бір аунатып алдық.

 

«Өмір – өзен» деген осы. Бадау ағам тірі болғанда ғой, құда болып төрде бірге отырар едік. Ендігі тілек – балаларымыздың қарым-қатынасы нығайып, барыс-келісі арта берсін дейміз. Ал Айдарбек аттасыма құдалықтарың мың жылдық болсын, қайда жүрсеңдер де жолдарың ашық болсын дегім келеді.

 

Айдарбек ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ.

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ