Концертте көрермендер залға лық толды

18.11.2018
Қаралды: 271

7-желтоқсан күні Шымкенттегі Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда жерлесіміз, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, журналист-жазушы, «Замана» Баспа үйінің директоры Иса Омардың шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш болып өтті. Ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Концерт қайырымдылық негізде, тегін болды, оны  жүздеген  көрермен тамашалады.

 

Жалпы, қаламгер Иса Омар – есімі республикамызға белгілі азамат. Ол осыдан 30 жылдай бұрын өңірімізде алғаш рет «Замана» атты тәуелсіз газет ашқан, бұл газет бүгінде республика жұртшылығына танымал. «Замананың» жанынан түрлі бағыттағы қосымша га­зеттер жарық көріп, өз оқырмандарын тап­қан. Сондай-ақ бұл газеттер арқылы қолына қалам ұстаған талай адам көпшілікке танылды.

 

Иса Омар бүгінде кәсіпқой журналистігімен қатар ақындығымен, сазгерлігімен де танылып жүр. Жұртшылық оның бұған дейін де жарық көріп, көпшілік арасына таралған «Аяқталмаған ән»,  «Замана», «Таразы», «Адамдық қағи­дасы» және тағы басқа да кітаптарын, өлең және ән-жинақтарын біледі. Оның шығармалары орыс, өзбек, қырғыз тілдерінде жарық көрген.

 

Міне, сондықтан да Иса Омардың кешегі әдеби-сазды  ән кешіне шымкенттіктер мен қала қонақтары көп жиналды. Филармонияның кең залында отыратын орын жетіс­пеген­діктен кей азаматтарға концертті тік тұрып көруге тура келді. Кімді де болса Иса Омардың өмірдің сан саласын қамтитын ойлы, тағылымды өлеңдері және сөзі мен әуенін өзі жазған әндері бейжай қалдыр­ған жоқ.

 

Автордың шығармашылық кеші өзіндік сценарийімен де ерекшеленді. Концерт барысында жүргізушілер автордың өмір жолы мен шығармашылығын таныстырды, сол кезде сахнада тақырыптық бейнебаяндар көрсетіліп жатты. Концертте жас таланттар автордың өлеңдерін оқыды. Әндер тақырыбын ашатын слайдтар мен жас әртістердің осыған байланысты көрініс-қо­йылымдары, сазды әуендер – бәрі де бір-бірімен үйлесім тауып, көрерменге керемет әсер берумен болды. Автордың бү­гінде халыққа кеңінен танымал болып үлгерген «Алға, қазағым!» әні мен 100 әннен тұратын ән-жинағына енген бас­қа да әндері орындалды. Ерекше даусымен республикаға танымал бол­ған жерлесіміз Хадиша Шалабаеваның орындауындағы және автордың өзі баулып жүрген жас әншілер орындаған әндер көпшіліктің көңі­лінен шықты.

 

Бұл концерт екі сағаттай уақытқа созылды. Ол көрерменге мол әсер берді, әсіресе қарт кісілерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Концерт соңында республикалық ардагерлер кеңесі Шымкент қалалық филиалының төрағасы Исамудин Рысбай мырза кеш иесіне ардагерлер атынан ризашылық білдіріп, Алғыс хат табыс етті. Автор­дың өзі де көрермендерге өзінің ризашылық сезімін жеткізіп,  кітаптары мен  ән-жинақтарын тегін таратып берді.

 

...Біз ардақты азамат Иса Омарға халыққа осындай әдемі кеш ұйымдастырып беріп, жақсы көңіл-күй сыйлағаны үшін өзіміздің алғысымызды білдіреміз. Оған зор денсаулық, шығармашылық шабыт пен  мол табыстар тілей­міз.

 

Бегалы ИМАНӘЛІ,

Бәйдібек ауданының

Құрметті азаматы.

Бегалы Иманәлінің байланыс

телефоны: 8-701-348-35-32.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ