Сүйгеніне сүйеніш болған Құралай

18.11.2018
Қаралды: 471

Бәрі жеңіл әрі оңайға түскен мына заманда махаббатқа берік жандарды көрсек, таңданатын жағдайға жетіп қалғанымыз жасырын емес. Әсіресе жастардың бойынан осындай жылы сезімді байқағанда сүйсініп те жатамыз.

 

Алматылық тұрғындар – Бағдаулет Әмірханов пен Құралай Зейт бір-бірімен 2016 жылдан бері таныс. Құралайдың сіңлісі ҰБТ тапсырып жатқан кезде танысқан олар алғашында өзара ашылып сөйлесе қоймағанымен, кейінгі бір-екі рет кездесуде әңгімелері жараса бастайды. Бірақ арада біразға дейін үзіліс орнап, екеуі де бір-бірінен хабарсыз кетеді.

 

2017 жылы Бағдаулет жол апатына түседі. Сол жолы төрт дос қалаға қыдыруға шыққан болатын. Тамақтанып болып, қайтып келе жатқанда бұлардың көлігі келесі бір көлікпен соқтығысып, сол кезде Бағдаулеттің жұлынына зақым келеді.

 

Ауруханада бірнеше ай жатқан соң 4-5 рет ота жасалып, Бағдаулет үйге шығады. Бірақ жасалған емнің нәтижесі оны аяғынан тік тұрғызған жоқ. Қазір Бағдаулет үшін қозғалудың өзі ауыр. Төсекке таңылған оның мойнына трахеостома қо­йылған. Ағзаға қажетті ауа осы түтікше арқылы жіберіледі. Соны алып тастаған соң ары қарай ем жүргізу мақсатында шетелге бармақ. Ол жаққа құжаттары жіберіліп те қойған. Жігіттің ата-анасы қазір сол дәрігерлерден жауап күтіп отыр.

 

Бағдәулет жол апатына ұшырағалы бері Құралай оның жанында. Жігіттің өмір сүруге деген құштарлығын оятқан да осы қыз. Оның өте ауыр жағдайға ұшырағанын достарынан естіген Құралай оған келуін жиілетеді. Жарасымды әңгіме мен жылы қарым-қатынас екеуінің жұп болып жүре бастауына алып келеді.

 

2018 жылдың қазан айында Бағдаулет Құралайға үйлену туралы ұсыныс жасайды.

 

– Бұл мен үшін тосынсый болды. Сол сәтте менен бақытты адам болмады, – дейді Құралайдың өзі бұл туралы.  – Келешегім үшін еш қорықпаймын. Бұйырса, ол аяққа тұрады. Мен оны білемін және сенемін. Махаббатымыздың күштілігі шығар, қиналып жүрмін деп айта алмаймын, бәрін де бірге жеңетін боламыз. Болашағымды бала-шағамыз көп, бақытты жанұя ретінде елестетемін. Барлық ойымды онымен бөлісіп отырамын. Қазір ол үйде ем қабылдап жатыр, жағдайы бірқалыпты. Төсекте жатып-ақ күнделікті жаттығулар жасайды. Ал өзім сабақтан бос уақыттың бәрінде оның жанындамын.

 

Осы ретте Бағдаулеттің өзін де сөзге тарттық.

 

– Ең алғаш Құралайды көргенде көп сөйлей алмадым. Себебі оны қатал адам ретінде елестеттім. Десе де оны бір көргеннен ұнаттым. Маған оның тік мінезділігі, көзқарасы, сұлулығы мен сыпайылығы ұнады. Таяуда үйлену туралы ұсыныс жасадым. Оған екі апта бойы дайындалдым. Дос­тарым да көмектесті. Сол күні бойымда қобалжу сезімі басым болды. Мен үшін бұл ерекше даталардың бірі болып қала бермек. Бір-екі жыл аралығында үйленеміз деген жоспар бар. Оған дейін менің денсаулығым да қалыпқа келеді деп сенемін. Қазір өз өзіммен жұмыс жасап, алға қарай ұмтылудамын. 

 

Ол жанымда болғанда екеуміздің де ішіміз пыспайды. Уақытымыз тез әрі қызықты өтеді. Көңілімді көтеруге тырысады. Құралайдың үйдегілермен де қарым-қатынасы жақсы, бәрі оны жылы қабылдады, – дейді ол. 

 

Қандай жағдай болса да қиындыққа мойымай жүрген жұптардың бұл ісі шынында да сүйсінерлік. Бағдаулеттің әлі-ақ аттай шауып кететініне, сөйтіп үлгілі отбасының қатарын көбейтетініне тек Құралай ғана емес, біз де сенеміз.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ