Кірпікті күлгін, яғни «фиолетовый» түске бояу басталды

18.11.2018
Қаралды: 245

Осы мақаланы оқитындардың басым көпшілігі әйелдер қауымы болатынын ішім сезеді. Себебі мен сөз еткелі отырған «кірпік жапсыру» тақырыбы тек нәзік жандыларға ғана қызықты.

 

 

Бүгінде кәдуілгі қара емес, күлгін түсті кірпік жапсыру үрдісі белең алып келеді. Шымкенттегі «Дами Бъюти» сән салонының сұлулық маманы Мәдина Кәріба­еваның айтуынша, мұн­дай кірпіктерге 18 – 35 жас аралығындағылар ерекше қызығушылық танытатын көрі­не­ді. «Мұның кереметі неде?» – деген сауалыма: «Жай ғана, ерекшеленудің бір түрі», – дейді ол.

 

– «Омбре» деген термин бар. Бұл «аралас түстер» дегенді білдіреді. Омбрені бұрын тек шаш түстеріне ғана пайдалансақ, қазір кірпіктің де түстері өзгеріп жатыр. Яғни қара түстен жалыққан кыз-келіншектерге күлгін түсті омбре кірпік жал­ғауға ұсыныс білдіремін. Бұл – түбі қара түспен басталып, ұш жағы күлгінге ұласқан түрі. «Инстаграмдағы» парақ­шама салынған сауалнамаға сәйкес, 95 пайыз әйелге мұндай кірпік түсі ұнаған.

 

– Бағасы қанша тұрады?

 

– Мендегі материал люкс-класс санатынан бол­ғандықтан кәдуілгі кірпік жапсыру құнынан жоғарырақ. Корея елінде жасалған мұндай материалдар қымбаттау тұрады. Сәйкесінше сапасы да жақсырақ. Оны арнайы тапсырыспен алдырамын. Құны 5 мың теңгені құрайтын мұндай қызмет түрін қыз-келіншектерге өз таңдауларына сай ұсынамын.

 

– Сұраныс көп пе?

 

– Менің мұнымен айналыса бастағаныма екінші ай болды. Соның өзінде Жаңа жыл мейрамына қарай тапсырыс берушілер қатары аз емес. Тек түсі өзгеше деме­сеңіз, мұның ұзындығы және иілуі (изгиб) жағынан кәдімгі жасанды кірпіктен айырмашылығы жоқ. Көзге аса қат­ты білінбейді,  сондықтан күнделікті жапсырып жүруге де болады. Негізінен жаңажылдық кештерге тамаша кетеді. Мұнымен 1 – 1,5 ай жүруге болады. Тек дұрыс күте алса, жетіп жатыр.

 

...Қыз-келіншектердің табиғаты сол, қалтасы көтерсе, ерекшеленгісі келеді де тұрады. Дегенмен бәрінің де жарасымды болғанына не жетсін! Күндердің күнінде күлгін түсті, яғни «фиолетовый» қас та сәнге айналып кетіп жүрмесе жарар еді.

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ