Индонезияны таңқалдырған қазақ қызы

18.11.2018
Қаралды: 210

Бала кезімізде еңбек пәнінен кестелеу өнерін үйренетінбіз. «Үйренетінбіз» дегенім жай сөз, бір жапырақ матаға инені асты-үстіне әрі-бері өткізіп, гүлге ұқсас бейнені өйтіп-бүйтіп тігіп шығатынбыз. Аталмыш өнер түріне деген қызығушылығымызбен мектеп қабырғасында-ақ қоштасып қойған біз оның «біз кесте», «шым кесте», «зер кесте», тіпті «орыс кесте» деген де түрлері болатынын енді біліп жатырмыз. Ары қарай үңілсек, санап, қиып, оюластырып кестелеу, одан арғысы тігіс түріне қарай «терме тігіс», «қиғаш тігіс», «айқас тігіс» болып түр-түрге бөлініп кете береді екен.

 

Алматылық Гүлназым Өмірзақ – қазақтың біз кестесін шетелде дәріптеп жүрген жастардың бірі. Оның бүгінгі күнге дейін жеткен жетістігі де аз емес. Ол – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, 2010 жылғы мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты және «Шабыт» халықаралық фестивалінің бірінші орын иегері. Оның жұмыстары еліміздегі бірқатар мекемелерде интерьер ретінде ілініп  тұр, сондай-ақ, Люксембург, Ресей, Түркия, Франция, Германия мемлекеттерінде өнер галереясында сақтаулы. Осыншама туындының дүниеге келуіне негіз болып отырған біз кесте – бізбен тігілетін кестелеу әдісі болып табылады. Гүлназым оған қажетті инені арнайы тапсырыспен зергерлерге жасататын көрінеді. «Бізде ондай инелер сатылмайды. Жұмысың ұқыпты шығуы үшін иненің жіңішкелігі маңызды. Жіңішке болса да онымен жұмыс жасау үшін күш керек», – дейді ол.

 

– Гүлназым, қолөнерге қалай келдіңіз?  

 

– Мен кішкентайымнан сурет өнерімен айналысып келемін. Ал кестелеуді 13 жасымнан бастадым. Мені бұған баулыған – анам. Ата-анам өнермен сүйіп айналысатын жандар бол­ғандықтан сол кісілердің арқасында менің де бұл салаға құштарлығым оянды. Тек кестеші емеспін, кәсіби суретшімін. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын осы сала бойынша тәмамдағанмын.

 

– Кешегі Индонезияда өткен көрмеңіз туралы айтсаңыз.

 

– Бұл – менің Индонезияның астанасы Джакарта қаласында өткен екінші көрмем. Алғаш рет менің жұмыстарымды байқаған сол елдегі Қазақстан елшілігінің басшысы Асхат Оразбайдың жары Жанар Суханмен Алматыдағы орталық мұражайда өткен үлкен іс-шарада танысқан едім. Сол кісінің ұсынысымен Индонезияға 2016 жылы бір барып қайтқан болатынмын. Ол кезде жан-жақтан келген өнер адамдарының біріккен көрмесі өткізілген еді. Апарған жұмыстарымды тамашалаған жергілікті халық пен қонақтар өнеріме қатты қызығушылық танытып, жоғары бағалады. Одан кейін сол кісілердің шақыруымен таяуда тағы да көрме өткіздім. Олардың қазақ өнеріне деген құр­меттері, сүйіспеншіліктері, шынайы ықыластары осы кезде қатты байқалып жатты. Олар әсіресе жаңаша, заманауи, этно-модерн стиліндегі картиналарымды ерекше ұнатты.

 

Академия қабырғасында оқып жүр­ген кезімде-ақ көптеген шығармашылық фестивальдарға, республикалық, халық­аралық көрмелерге қатысып жүретінмін. Ата-анам да суретші бол­ғандықтан отбасылық көрмелеріміз көп болды. Норвегия, Германия, Швеция секілді Еуропа елдеріне бірнеше рет бардық. Соң­ғысы Люксембургте өтті. Маған бұл ерекше әсер сыйлады. Өйткені ол бір айдай уақыт көлемінде бұрынғы графтар ғимаратында өткізілді. Қазір де түрлі қалаларда көрме ұйымдастырып жүр­міз.

 

– Шетелдіктердің қазақтың қолөнеріне деген ықыласы қандай?

 

– Өте жақсы. Қазіргі таңда көрме өткізуге шетелдіктердің тарапынан сұраныстар  көп түсуде. Сондай-ақ Индонезиядан «оқушыларға біз кесте өнерін үйретіңіз, сабақ жүргізіңіз» деген ұсыныстар да бар. Шетелдіктер жоғары баға беріп, таңданыс білдіріп жатады.

 

– Бір картинаға қанша уақыт жұмсайсыз?

 

– Әр жұмысыма әрқалай уақыт бөлінеді. Кейде 1-2 ай, енді бірде бір жылдап жасайтын да кездерім болады. Олардың қатарына бізбен кестеленген жұмыстарым да, майлы бояулармен салынған картиналарым да кіреді.

 

Былайынша кестені көптеген әйелдер тіге алады. Бірақ оны сурет өнерімен ұштастыра отырып, қиялмен күрделендіре дамыту тек шеберлерге ғана тән. Ол үшін үлкен төзімділік пен шыдамдылық керек.

 

– Құпия болмаса, туындыларыңыздың бағасы қанша тұрады?

 

– Бағасы аса қымбат емес. Ол 100 доллардан 3000 долларға дейінгі аралықты қамтиды.  Баға картинаның күрделілігіне байланысты қойылады. Неғұрлым көбірек күш-қуат пен уақыт жұмсалса, соғұрлым қымбатырақ. Арнайы тапсырыс та аламын. Ол көбіне мемлекеттік мекемелерден түседі. Бағаны халықтың қалтасына қарай қоюға тырысамын. Өйткені өнерімді Алланың маған берген сыйы деп білемін. Кейде галерея қызметкерлері менен сатып алған картиналарды басқаларға 5-6 есе жоғары бағада сатқанын да естіп жатамын.

 

– Бас-аяғы қанша туындыңыз бар?

 

– Қанша туындым бар екенін айта алмаймын. Бірақ аз емес. Олар жиналмайды, сатылып кетеді. 200-дей туындыны өзіме сақтап қойсам деп ойлаймын. Бірақ біткен жұмысымды қоярда-қоймай сұрап алып жатады.

 

– Әңгімеңізге рахмет. Шығармашылық табыстар тілейміз.

 

Сұхбаттасқан – М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ