Арам ақшалар миллиардтап саналады

18.11.2018
Қаралды: 297

Елімізде былтыр сыбайлас жемқорлық қылмысымен 1835 дерек тіркелсе,  2018 жылдың сегіз айында 1393 факт тіркелген. Одан бюджетке келген материалдық шығын мөлшері де аз емес. 2017 жылы 14 миллиард 423 миллион  858 мың теңге болса, 2018 жылдың сегіз айында 3 миллиард 638 миллион 736 мың теңге жымқырылған. Ал жемқор құрылымдар тізімінің көшін полиция қызметкерлері бастап тұр екен. Одан кейінгісін әкімдік, құрылыс, білім, жер қатынасы және ауыл шаруа­шылығы салаларының  қызметкерлері алады.

 

Өкінішке орай, Қазақстан дүниежүзілік парақор елдер рейтінгісінде 180 елдің ішінде 122 орында тұр. Әзірге жемқор шенділердің саны да азаймай отыр. Мәселен, 2017 жылы олардың саны 880 болса, 2018 жылы 1230-ға өскен көрінеді.

 

Мұндай мәліметтерді «Atameken Busіness» телеарнасы арнайы репортажында беріп отыр. Аталмыш ақпарат құралы ірі фигуранттардың жымқырған ақшасына қарай арнайы рейтинг те түзіпті. Жемқорлық қылмысына қатысты атышулы шенеуніктердің ондығы мынадай:

 

10-орында Қостанай қаласының 2014-2015 жылдар аралығындағы әкімі Ахметбек Ахметжанов тұр. Ол 8 миллион теңге пара алып, 13 жылға сотталған.

 

9-орында – 2011-2014 жылдардағы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі  Мүсілім Өміраев. 100 мың доллар парамен 10 жылға абақтыға қамалған. Былтыр рақымшылыққа ілікті.

 

8-орында – Алмаз Әсенов. Ол – Қорғаныс министрлігінің қару-жарақпен қамту басқармасының бұрынғы бастығы, генерал-майор. 2013 жылы 200 мың доллар пара алғаны үшін 11  жылға қамауға алынған. 2016 жылы бостандыққа шықты.

 

7-орынды ҚР Әуе қорғанысы күштері Бас қолбасшысының экс-орынбасары Асқар Бөлдешовке беріп отыр. Ол 140 миллион теңге парамен 8,5 жылға сотты болды.

 

6-орында Нұрлан Жоламанов тұр. ҚР ҰҚК шекара қызметінің бұрынғы директоры 2015 жылы 300 мың доллар парамен 11 жылға соттал­ған.

 

5-орында – Бағдат Майкеев. Ол – ҚР Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары. 2 миллион долларды қалтасына басқаны үшін 6 жыл­ға сотталып, 2015 жылы денсаулығына байланысты бостандық алған.

 

4-орын «ҚазАгро» Ұлттық басқарма холдингінің бұрынғы төрағасы Дулат Айтжановтікі.  2015 жылы бюджетке 1 миллиард 100 миллион теңге шығын келтіргені үшін 3 жылға сотталған.

 

3-орынды Қуандық Бишімбаев иеленген. ҚР Ұлттық экономика министрі болған тұсында 364 миллион теңге пара алғаны және шыны зауытына бөлінген 1 миллиард 200 миллион теңгені жымқырғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

 

2-орынға Серік Ахметовты шығарыпты. 2012-2014 жылдардағы ҚР Премьер-министрі бюджетке 2 миллиард теңге шығын келтіргені үшін 10 жылға сотты болды. Былтыр рақымшылыққа ілікті.

 

1-орында «EXPO Astana - 2017» ҰҚ» АҚ экс-төрағасы Талғат Ермегияев мырза тұр.  2016 жылы 14 жылға сотталған оның бюджетке келтірген шығыны 5 миллиард 901 миллион 445 теңгені құрайды.

 

Өкінішке орай, парақорлыққа жол беріп, миллиондаған қаражатты қалтаға басу  бүгінгі күннің дертіне айналып отыр. Заң жүзінде жазаласа да жойылмай отырған жемқорлықтың санын азайту үшін қоғам болып белсенділік таныту керек-ақ. Бұл кеселдің жолы сонда ғана кесілетін болса керек.  

  

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ