Әлемнің алты тілінде ақпарат таратып жатыр

21.11.2018
Қаралды: 636

Қытайдағы қандастарымыздың қамауға алынып, болмашы желеулермен саяси үйрену мектептеріне тоғытылып жатқаны туралы ақпараттың таралғаны қашан. Ол туралы бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып та, жазылып та келеді. Елге «Жар­қын Жеті» деген атпен етене таныс Серікжан Біләшұлы да бұл туралы ойларын еркін айтып жүр.

 

Қытай еліндегі қазақтардың күрделі мәселесін кең ауқымда көтеріп, оған халықаралық ұйымдардың назарын аударту мақсатында жұмыстар атқарып  жатқан ол түрлі үндеулер мен жазбалары арқылы ғаламтор желісінде жақсы танылған. «Атажұрт ерікті жастары» ұйымының белсенді мүшесі таяуда мынадай мәлімдеме жасады:

 

«Атажұрт еріктілерінің» алтыншы халықаралық тілі болып француз тілі қосылды. 2018 жылдың 11-желтоқсанынан бастап арнайы француз тілінде арыз қабылдау басталды. Бұл – «Атажұрт еріктілерінің» қосқан алтыншы тілі. Осыған дейін ағылшын, түрік, араб, орыс, қытай тілдерінде арыз қабылдадық. Енді БҰҰ-ның алты тілінің негізгілерін «Атажұрт еріктілерінің» қызмет тіліне қосып отырмыз.

 

Осы аталған халықтардың барлығына Қытайдағы болып жат­қан сұмдықты, әсіресе Қытай билігінің қазақтар секілді азшылық қауымға көрсетіп жатқан сұмдығын әшкерелейміз. Осыншама тілмен бірге араб тілін не үшін қостық? 200 миллионға жуық арабтар Қытайдың мұсылман қауымға жасап жатқан қорлығы мен қиянатын білмейді. Бүкіл Мекке мен Мединенің құрылыс жұмыстарын қытайлар істейді. Санаулы ғана дүңген, ұйғыр, қазақтарды жылына бір қажылыққа жіберіп қояды да, «мұсылмандар­ға еркіндік беріп отырмыз» деп жұртты алдап отыр. Қытайдан Дубайдың өзі миллиардтаған долларға жайнамаз, тәспі, Құран кітаптарын сатып алады. Өндірушілер – қытайлар. Соның алдын алу үшін біз арабтарға қытайлардың азшылық мұсылман қауымға жасап жатқан қиянатын көрсетуге, екіжүзді саясатын әшкерелеуге тиіспіз. Мешіттерді, оның төбесіндегі ай белгілері мен қабірлерді қиратқанын, ондағы арабша жазуларды алып тастап, орнына қытай тілінде жаздырып жатқанын, үйінен Құран табылғандарды 20-30 жылға соттап жатқанын араб әлеміне жеткізуіміз керек. Өздері құрған Ислам институтында өздері 5-7 жыл оқытқан түлектерді үкіметтік қызметкер ретінде  мешіттерге, саяси маслихаттарға, діни басқармаларға жұмысқа алды. Енді солардың 99 пайызын түрмеге қамады, соттады. Қытай түрмесінде шаһид болғандардың санына шашымыз жетпейді.

 

Бұл мәселе жуырда түрік ақпарат құралдарында да бой көтермек. Бұдан қазақ халқы ұтады. Қылмысын білгеннен кейін жаңағы елдер Қытайдың кеңірдегінен алуға дайын болады.

 

Ағылшын тілі мен қытай тілі – әлемдегі ірі тілдердің бірі. Біздің осы тілдердегі аудармаларымыз тікелей Англияның Сырт­қы істер министрлігінің базасына түседі. Бүкіл әлемдік ақпарат құралдары  «YouTube» каналынан ақпарат алуда. Бірнеше күн бұрын халықаралық ұйымдар бізбен хабарласып, Қытай түрмесінен босаған қазақтардың Қазақстанға келген-келмегенін сұрады.

 

Осының барлығы – еңбек. Қытайдағы 500 мың қандасымыз түрмеде қиналып жатқанда, 3 миллион қазағымызға кез келген уақытта түрмеге түсу қаупі төніп тұрғанда, ондағы бүкіл мешіттер мен мектептер жабылып, қазақ тілді оқулықтар мен газет-журналдар өртеліп жатқанда, Ш.Айтматов пен М.Шахановтың кітаптары сөрелерден алынып тасталып, қазақтар Қазақстанға барып-қайтқаны үшін қылмыскер атанып жатқанда, қандасымыз қытай тілін үйренуге мәжбүрленіп, «WhatsApp» қолданғаны үшін он жылға, елге қоңырау шалғаны не қоңырау қабылдағаны үшін жиырма жылға сотталып жатқанда сен үнсіз қалма, қазақ! Малы бары малымен, білімі бары білімімен, ештеңесі жоқ қазақ бізді үгіттеп, ақпаратымызды таратып, көмектессін. Дәл қазір Қытайдағы қазақтың басына келген күн ертең сенің де басыңа келмек. Қазақ қытайдың кеңірдегінде тұрған қылқан болып тұр. Алдымен сондағы 3 миллион қазақты және қырғызды, өзбекті, татарды, тәжікті, ұйғырды құртпақшы. Одан кейін өзінің аранын Орта Азияға, яғни Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстанға ашпақшы. Түбі бір түркі, түгел бол! Қытайдың экспансиясына бірге қарсы тұрайық!»

 

...Міне, Серікжан Біләшұлы осылай дейді. Біз оның айтқандарын ықшамдап жариялап отырмыз. Ол кісілердің Қытайдағы қазақтардың басынан өтіп жатқан қиындықтардан әлемді құлағдар ету мақсатында атқарып жатқан жұмыстары көп екенін ешкім де жоққа шығара алмас.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ