26 жасында «Аймакс» компаниясын басқарып отыр

18.11.2018
Қаралды: 114

Түркістан облысы, Кентау қаласында кәсібі кәдімгідей өркендеген «бизнесвумен» тұрады. Аты-жөні – Айжан Ботабекова. 26 жастағы кәсіпкердің бір емес, бірнеше бизнесі Кентау қаласы бойынша қарқын алып келеді.

 

Кәсібін 20 жасында бас­таған Айжанның менші­гінде табыс көзін кіргізіп отырған 5 бірдей компаниясы бар. Жас болса да кездескен қиындыққа мойымай, үлкен жауапкершілік жүгін арқалап жүргенінің өзі неге тұрады?

 

Ол жуырда ғана Астана қаласында өткен «Қазақстанның ауыл аймақтарын тұрақты дамытудағы әйел­дердің үлесі» атты форумға қатысып, «Жас көшбасшы» номинациясын иеленді.

 

1992 жылы 14 наурызда дүниеге келген Айжан Айтжан­қызы 2010 жылы Кентау көпсалалы колледжін экономист-есепші мамандығы бойынша аяқтайды. Сосын жас маман кәсіп ашуды көздейді. Істің көзін көшірме орталығынан бас­таған бойжеткен мұнымен шектеліп қалмай, 2012 жылы «Позитив» атауымен Кентау қаласында бірінші эксклюзивті сыйлықтар мен атаулы естелік сыйлықтар дүкенін ашады. Бұл дүкенде шығарылатын дүниелердің 40 пайызы қазақстандық шикізаттардан жасалады екен.

 

Сонан соң 2013 жылы спорт саласы мен кәсіпкерлікті ұштастырып, «ролик конькиінде» сырғанайтын роллердром мен үстел теннисі алаңшасын қолданыс­қа береді. Көп ұзамай, дәл осы жылы жарнамалық-ақпараттық «Бег-Мак» апталық газетін жарыққа шығарады. Қала халқы сатылымдағы үйлер мен көліктерді, жұмыс туралы хабарландыруларды, тағы басқа да жарнамаларды осы басылымнан таба алады.

 

Әр жылда бір кәсіпті іске қосып, елдің ықыласына бөленген Айжан шаршауды білмейді. Қайта шабыттана түсіп, 2014 жылы «визитка», алғысхат, күнтізбе, жарнамалық материалдар басатын полиграфиялық салон, «Тойбастар» контентін ашты. Яғни бұл салада эксклюзивті шақыру билеттері, сыйлықтар (атаулы бал, шоколад, бонбоньеркалар), мектеп пен балабақшаларға фотокітапшалар да­йындайды. Осылай «Бизнесханым» атанған Айжан бұл кәсіптерге бір атау беріп, «Аймакс» деп аталатын үлкен компанияға топтастырады. 

 

«Аймакс» жеке кәсіпкерлігінің директоры Кентау қаласының экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін 2015 жылы қаланың «Үздік жас кәсіпкер» номинациясын еншіледі. Креативті ойларға бай, қарап отыруды жаны сүймейтін кәсіпкер бүгінде жолдасы Мақсат Бегжановпен отбасылық бизнестің қанатын бірге қатайтуда.

 

«Кәсіпкерлік нөлден басталды. Бастапқыда ешқандай несие алмадық. Бар болғаны аз-маз ақша және сенім болды. Әрбір тиынды үнемдеп жұмсап, жұмыс­тың қарқын алуына барымызды салдық.

 

Менің табысымның басты кепілі – ешкім жүріп көрмеген жолдарға із салу. Үздіксіз іздену. Бұл өте қиын жол, алайда еңбек пен сабыр бәрін жеңетініне көз жеткізіп келемін», – дейді кәсіпкер.

 

Айжан екі балалы ана болса да белсенділігімен көзге түсуде. Заманауи технологиялардың барлығын меңгерген ол жергілікті өңірдің блогері екен. «Вконтакте», «Фейсбук» және «Инстаграм» әлеуметтік желілерінде 10 мыңға жуық оқырманы бар. Ол өзінің әрбір жазбасында өңірдегі жастарды кәсіпкерлікпен айналысуға шақырып, бағыт-бағдар беріп отырады екен.

 

«Көп еңбек еткенге бақыт та басын иеді», «Әлем де еңбекпен ғана жасарып, жаңғырады» деген сөздер  – кентаулық кәсіпкердің өмірлік ұстанымы.

 

 Д. ҚАЛЕН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ