Мен қалай 183 мың теңгеге «сұлу» бола жаздадым?

20.11.2018
Қаралды: 474

Жұмыста отырғанмын. Ұялы телефоным шырылдап қоя берді.

 

– Алло, сәлеметсіз бе?

 

– Сәлеметсіз...

 

– Бұл Шымкент қалалық медициналық орталығынан ғой... (Атын атамауды жөн көрдім).

 

– Иә?

 

– Біз сізді өзіміздің орталыққа тегін процедуралардан өтуге шақырамыз. Оның ішінде компьютердік диагностика, косметолог, трихолог, гинеколог мамандардың кеңесі, бетке және қолға арналған спа-процедуралар, парафинді терапия, тағы басқа қызмет түрлері бар. Қазір бізде акция жүріп жатыр, сондықтан да мұның барлығын ақысыз түрде ала аласыз.

 

«Трихологтың тегін кеңесі» дегенге елең ете қалдым.

 

– Соңғы кездері шашым жиі түсіп жүр еді...

 

– Онда бізге келіп, мамандардың тегін кеңесіне жү­гінуіңізге әбден болады. Бізге жазылып қойсаңыз, дәрігер қабылдауына кезексіз кіре бересіз. Сізді қашанға жазайын?

 

Ойланып қалдым.

 

– Мен жұмыс күндері бара алмаймын.

 

– Онда сенбі күнге келіңіз. Біз ол күні демалмаймыз.

 

– Ол күні де жұмыстарым бар еді...

 

– Күндіз жұмыстарыңызды бітіре беріңіз, кешкі уақытқа жазайын.

 

Арасында есімімді де сұрап үлгерген пысық қыз қоярда-қоймай, сенбі күні кешкі 6-ға дәрігер қабылдауына жазып қойды.

 

– Қазір мен сізге мекен-жа­йымыз көрсетілген хабарламаны жіберемін. Содан соң, келерде міндетті түрде жеке куәлі­гіңізді ала келіңіз.

 

– Жақсы. Түсінікті. Сіз менің телефон нөмірімді қайдан алдыңыз?

 

– Біз сауда орындарында жарнамалар жасаймыз, акциялар ұйымдастырамыз. Сол кезде адамдардан таныстарының телефон нөмірлерін сұраймыз. Сіздікін де солай алғанбыз.

 

Ол қай танысым болды екен деген санамдағы сауалға жа­уап іздеп, бүкіл таныстарымды түгелдеп тұрғанымда «Жақсы, сау болыңыз», – деген әлгі қыздың үнінен ойым бөлініп кетті.

 

...Аптаның аяғы болып, сенбі де жетті. Ол туралы мүлде ұмытып кеткен мен үйде жайбарақат отырғанмын. Кешкі сағат 17.00-ге жетер-жетпес уақытта телефоныма әлгі орталықтан тағы да қоңырау келіп түсті. Бұл жолы тұтқаның арғы жағында сөйлеп тұрған өткендегі қыз емес, жас жігіт екен.

 

– Бүгін сіз кешкі 18.00-ге дәрігер қабылдауына жазылыпсыз. Кешікпей келеді деген үміттеміз, – дегенде барып осыдан бірнеше күн бұрынғы әңгіме есіме сарт ете қалды. Апақ-сапақта жетіп баруды қиынсынып:

 

– Кеш болды ғой, басқа күні барсам болмай ма? – деп мен де қашқақтай бастадым.

 

– Басқа күні келсеңіз, акцияға ілікпей қаласыз. Дәрігерлердің тегін кеңесін ала алмайсыз.

 

– Бірақ қараңғыға қалып кетемін бе деп тұрмын. Оның үстіне жақын да жер емес екен.

 

– Қаланың қай ауданында тұрасыз?

 

– Қырғы базардың тұсы.

 

– Олай болса, сіз үйіңізден қазір шыға беруіңіз керек. Келген соң бір сағаттай уақытыңызды аламыз. Жеке куәлігіңізді ұмытпауыңызды сұранамыз. Оның үстіне дәрігерлеріміз сізге бола үйлеріне қайтпай, күтіп отыр, – деп мекен-жайды тәп­тіштеп тағы бір түсіндіріп шықты. 

 

Сол күні бармас та едім, «сізге бола қайтпай отыр» деген сөзден соң амалсыз келіс­кендей болдым. Аялдамадағы өзім мінетін лық толы автобусты көргенде ойымнан айнып қала жаздасам да көлікке өзімді күштегендей болып мініп, аталған жерге жарты сағаттың ішінде жетіп бардым. Клиниканың ішіне кіргеннен кейін де әлгі жігіт қоңырау шалып, менің келген-келмегенімді бір тексеріп қойды. Тіркеу бөліміндегі қыздарға жақындап барып, бүгінге жазылғанымды айттым. Күте тұруымды сұраған олар дәліздегі диванды нұсқады. «Ау, келген бойда кезексіз кіре бересіз дегендері қайда?!» деп қоямын іштей.

 

Шамамен он минуттан соң жап-жас жігіт жаныма жақындады. «Жүріңіз», – деп бос тұрған кабинетке алып кірді. Сөйтті де, алдымен өзін, одан соң әлгі орталықтың жұмысын таныстыра бастады. Арасында бас шұлғып қоямын. Содан кейін барып: «Сізді қандай маманның кеңесі қызықтырады?» – деп келген мақсатыма қарай сөз қозғай бас­тады. «Трихолог», – деген жауабымнан соң қарама-қарсы ка­бинеттің есігіне басын сұғып қарады да: «Мынау – біздің дәрігер-диагнос­тымыз» деп мені ішке кіргізіп жіберді.

 

Байқағаным, кеңес беретін трихолог та, косметолог та осы секілді. Өздері айтқан тегін процедуралардың қарасы да бай­қалмайды. Маған бола жұмыстан қайта алмай отырған дәрігерді болса да көргенім жоқ. Бұл отырғаны тіпті жайбарақат.

 

Жас келіншек аз-кем әңгімеден соң қолындағы мен бұрын-соңды көрмеген түсі­нік­сіздеу құралын алдымен бетіме, содан соң шашыма үйкей жөнелді. Сол арқылы компьютерден бет және бас терісінің бірнеше есе үлкейтіліп көрсе­тілген құрылымы мен қатпар-қабатын тайға таңба басқандай етіп көруге болады екен.

 

– Теріңіз өте құрғақ. Құрғақ тері қартаю процесін тездетеді. Емдеу керек. Әсіресе шашыңыз­ға мән беру керек. Шаш қылшықтарының орналасу қашықтығы алыс, арасы ашық, екінші дәрежелі таздану белгісі бар. Түптері бос. Шашыңызда ақ бар. Ол жүйкеге күш түскеннен болады. Менің де күйзелген сәт­терім бол­ған. Уайымдамаңыз, болашақта бәрі жақсы болады. Көзіңізді жұмыңыз.

 

Көз қабағының үстінен әлгі құралымен тағы бір жүріп өтті.

 

– О-о, өтіңіз толған... Бетіңіздегі мынау көрінер-көрін­бес қара дақтар соның белгісі. Уақыт өте келе өтіңізге тас байланады. Одан соң өтті алып тас­тауға тура келеді. Ал бір мүшесі жоқ адам мүгедекке айналатынын білесіз.

 

Дәрігердің сөздерінен кейін сол жерде өзімді сексендегі қарт секілді сезініп кеттім. Әсіресе қартаю туралы айтқаны жаныма батып барады. Әйелдердің жанды тұсын ол да білетін се­кілді.

 

– Әйел адам үшін үнемі күтім керек. Сіз әдемі болып жүрсеңіз, балаларыңызға да жақсы емес пе? Денсаулыққа мән берген дұрыс. Ерлер де әйелдің сұлуына қарайды. Міндетті түрде тез арада бетіңізге, әсіресе шашыңызға ем керек. Жасыңыз отыздан енді асты, осы бастан қолға алсаңыз, сізде бәрін қалыпқа келтіруге болады. Қазір мен сізге қажет болатын емдік шаралардың түрлерін жазып бе­ремін, – деп бастырмалатып тастаған ол маған «терапия» сөзінен басқасы таныс емес бірнеше процедура түрін қағазға жазып, қолыма ұсынды. Ары қарайғысы ақылы екенін түсініп тұрған мен бағасын да біле кетуді жөн көрдім. Әйтеуір, не керек, 5-6 айдың ішінде шаш пен бетті жылтыратып шығудың құны 183 мың теңгені құрайтынын білген соң рахметімді айтып, сыртқа қарай жылыстай бердім.

 

Кабинеттен шыққанымды кү­тіп тұрған әлгі жігіт жаныма жетіп келді. «Көрдіңіз бе қалай екенін? Теріңізді көріп шошыған жоқсыз ба?» – деп қояды. Шошуын шошысам да оларға бере қояр ондай қаражатым қайда? Қо­лымдағы баттиып баға жазыл­ған қағазға қарап, ол да жағдайды түсініп-ақ тұр. Ол мені әу баста біз бас сұққан кабинетке қайта ертіп келді.

 

– Әпке, көп қыз-келіншектер біздегі емдік шаралардан өткісі келеді. Себебі біз тек нәтижеге жұмыс істейміз. Әдемілікті кім жек көрсін? Біздің клиенттеріміз 300 – 400 мыңға дейінгі бағада түрлі процедуралардан өтеді. Оның қасында 183 мың – көп ақша емес. Қаржылары жетпегендер несие түрінде рәсімдеп жатады. Сіздікін бір жылға бөліп есептеп көрсек, міне, айына небәрі 15 мың теңге ғана шығады екен. Мен сізге өз тарапымнан қосымша 20 мың теңгеге жеңілдік жасатып беремін. Сонда 163 мың теңге шығады. Ол кезде айына 13 мыңмен құтыласыз. Егер өзіңізге осындай аз ғана қаражат қиямын десеңіз, қазір жоғар­ғы қабатта отырған банк қызмет­керлеріне барып, несиені рәсім­деп қайтайық. Тезірек ойланыңыз, әйтпесе олардың жұмыс уақыты аяқталуға жақын, – деп сөзін аяқтады.

 

Әңгіме арасында қанша ай­лық алатынымды, бас­қа қандай кіріс барын, табыс табатын жолдасымның бар-жоғын да сұрап үлгерді. «Мен ойланып алайын, содан соң басқа бір күні келер­мін», – дегеніме көнгісі келмей: «Ол кезде сіз 20 мың теңге жеңілдіктен айрыласыз», – деп қосып қойды.

 

Ойланып тұрмын. Әлгіндегі дәрігердің «қартаю» туралы айтқан әңгімесі ойымнан кетер емес. Осының бәрін жасамасам, аз уақытта басы таз, мыржым-тыржым біреуге айналып шыға келем бе деген қорқыныш басымырақ болып тұр. Онымен қоймай, өтімнен айырылсам, ары қарайғы өмірім не болмақ?

 

Ақыры «шешінген судан та­йынбастың» кейпін киіп, келісім бердім. «Аман болсам, бір құтылармын» деп қоямын іштей. Жеделтетіп жоғарғы қабатқа кө­те­рілдік. Бір бөлмеде бір өзі отырған қызға жақындап келдік. Ұйқы қысып отырған секілді ме, әйтеуір ол да қайтуға асыққан адамға аса ұқсамайды. Әлгінде ұмытпауымды қайта-қайта нақ­тылаған жеке куәлігімнің қа­жеттілігі осы кезде білінді. Керекті мәліметті жіберіп қойып, банктың мақұлдауын күтіп отырмыз.

 

Кенет ұйқымнан оянғандай болдым. «Әй, мен не істеп отырмын? – деп қоямын өз-өзіме іштей. – 183 мың теңгеге сатып алған сұлулықтың нәтижесі қандай болады? Бәлкім емдік шараларының бағасы басқалардан қымбат шығар, салыстырып көруім керек пе еді? Шығынымды көбейтіп алған жоқпын ба? Неге келісім бере салдым? Қазір бас тартсам ұят болар ма екен? Қараптан қарап екі кештің ортасында, ойламаған жерден несие рәсімдеп кеткеніме жол болсын?» –деп жанымды же­гідей жеп отырғанымда  әлгі қыздың: «Мақұлданбады», – деген сөзін естіп, іштей қатты қуанып кеттім. Мақұлданбағаны қандай жақсы болды!

 

Атып тұрып, кетуге ыңғайландым. Әлгі жігіттің: «Көңіл-күйіңізді түсірмеңіз, дүйсенбі күні тағы келіңіз. Бізде екінші бір банктің өкілі отырады. Соған жүгініп көрейік», – деген сөзіне жарым-жартылай мән беріп, «қашпақ болсаң, зымыра» деп осындайда айтады емес пе, есіктен шыққанша асықтым.

 

...Иә, бүгінгі қымбатшылық заманда сұлулықтың да құны­ның арзан емес екенін білемін. Десек те осындай айла-шарғымен адамды адастырып әкететін әлгіндей орталықтардың ісін құп көрмеймін. Өзіңе таңдау мүм­кіндігін беріп тұрған секілді сөйлегенімен сен үшін шешім қабылдап үлгеретін қызмет­керлерді нағыз психолог дерсің! Сәл болмағанда бір қоңыраудың арқасында банк алдындағы батпандай қарызды үйге арқалап әкеле жаздаған мен сол жолы оңай құтылғаныма қуандым. Бәлкім бұл да маркетингтің бір тәсілі шығар. Әйтсе де осындай жолмен қанша қыз-ке­лін­шекті өз «тұтқынына» айналдыр­ғанын кім білсін?!

 

Таяуда дәл сол клиникадан тағы да хабарласып: «Сіздің телефон нөміріңіз біздің орталықтың ақылы сертификатын ұтты. Сол арқылы сіз түрлі процедуралардан тегін өтесіз. Соның ішінде...» – деп тізбектей бастағаннан-ақ тұтқаны қоя салдым. «Сертификат ұттыңыз» деп өті­рікті желдей естіріп отырған қызметкердің сандырағы үшін тағы да сандалмасыма кім кепіл? Не десе де сұлулықты қарызға алғым келмейді.

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ