Қыздар футбол командасының қақпашысы

17.11.2018
Қаралды: 275

Біздің елде спортты серік етіп, талай шыңдарды бағындырып жүрген сұлулар көп. Соңғы кездері бұрымдылардың әйелдер футболына деген қызығушылығы да арта бастағанын байқап жүрміз. Сондай жандардың бірі – 17 жастағы шымкенттік Назым Исмайлова. Ол ең қиын міндет – қақпашылықтың жүгін арқалап жүр. Назым жасөспірімдер арасында Қазақстанның 6 дүркін чемпионы атанған.

 

Өзімен қатар қыз балалар түрлі сәнді дүниелерге қызығып жүрген шақта Назым ұлдармен алысып-тартысып, доп тепкенді ұнатыпты. Анасы Ақмарал қызы 10 жасқа толғанда Шымкент қаласындағы «Биік» әйелдер футбол командасына өзі апарып, содан бері Назым жасыл алаңнан алыстамаған. Ары қарай әңгімені қақпашы қыздың өзі айтып берсін.

 

– Назым, сенің доп қууыңа ешкім қарсылық білдірмеді ме?

 

– Мүмкін аға-інілеріміз қарсы шығар. Бірақ әйелдер қауымы бұл ойынға аса жауап­кершілікпен қарайды, жеңіске деген ұмтылысы да мол. Сол себепті әйелдер футболына көпшілік түсіністікпен және сеніммен қараса екен деймін.

 

Футболға келуімді анам ғана құптады. Туыстарым қатты қарсы болған. Уақыт өте келе, менің жеңістерім мен ұмтылысымды байқаған соң көнді ғой. Қазір әулеттің мақтанышымын.

 

– Ерлер футболы мен әйелдер футболының айырмашылығы неде?

 

– Айырмашылығы түсінікті ғой деп ойлаймын. Ерлердің футболы қатал әрі онда түйткілдер көп. Әйелдер футболы керісінше, сабырмен өтеді. Сондықтан қыздар ауыр жарақатсыз ойнап шыға алады. Бір сөзбен айтқанда, біз әдемі ойын өре білеміз.

 

– Футболға неше жастан қызықтың?

 

– Жеті жасымнан бері. Теледидардан осы спорт түрін тамашалаудан жалықпайтынмын. Ауылда доп қуған ұлдармен жағаласып бірге ойнаушы едім. Ал қуыршаққа көйлек тігіп, шашын тарап отырған сәтім есімде жоқ. Мүмкін қуыршақпен ойнамаған да болармын.

 

– Кәсібің сенің өміріңде қандай орын алады?

 

– Дәл қазіргі уақытта өзімді басқа салада елестете алмаймын. Ойын алаңы, қақпа, жаттығу, теңбіл доп – өмірімнің бөлшегі іспетті. Күндердің күнінде бұл қызығушылық қалып, отбасылық өмірді ойлануым мүмкін. Әзірге футбол – өмірім.

 

– Қақпашы болу қиын шығар? Ұстазың, жаттықтырушың туралы айтсаң. «Биіктен» басқа командада ойнайсың ба?

 

– Қақпашы болу – қиын да, оңай да емес. Барлығы кәсібіңді сүйіп, жауапкершілікпен қарауыңа байланысты. Қырағылық, шапшаңдық – мен үшін ұран. Мұны үйреткен «Биік» футбол командасына, алғашқы ұстазым Абдулваит Юлдашевке алғысым шексіз. Қазіргі жаттықтырушым Ескендір Геймат шеберлігімді шыңдап келеді. Кәсіпқой қақпашы атанғаныма екі жыл болды. Өткен жылы команданың капитаны да атандым. Осындай білікті ұстаздарымның арқасында жақсы ойын көрсетіп, 15 жасымда көзге түсіп, Қазақстанның 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасына шақырту алдым. Онда ойнап жүргенімде 19 жасқа дейінгі құрама шақырды. Бұл жерде өнер көрсеткеніме көп бола қойған жоқ. Соның өзінде Англия, Шотландия, Дания секілді көп елдерде жарыстарға қатыстым. Дүркіреген ойындар болды. Еліміздің намысын қорғап, талай рет жеңіс туын көтердік. Осы жетістіктерден соң мені Қазақстан ұлттық құрама командасы шақыруда. Мен үшін бұдан артық мәртебе жоқ деп түсінемін.

 

– Аяқтарыңды қалай қорғайсың? Жалпы, қыз бала ретінде биік өкшелі аяқ киімді ұнатасың ба?

 

– Ойын барысында азын-аулақ жарақаттар болып тұрады. Барынша қорғанып жүруге тырысамыз. Қақпа алдында тартысқан ойыншылар аяқ сермей береді ғой. Сондықтан көп жағдайда соққы болмай тұрмайды. Аяқтарымның көгеріп, ауырып қалған кездері жетерлік.

 

Бойым – 174 сантиметр, ұзын бойлы қызбын. Сондықтан сонша биік «каблук» кие алмаймын. Ал той-жиындарға міндетті түрде туфли киіп барамын. «Бутсы» мен «кроссовка» – ең жайлы, сүйікті аяқ киімдерім.

 

– Арманыңмен бөліссең. Жалпы, отбасылық өмір үшін футболдан бас тарта алар ма едің?

 

– Арманым – жаттықтырушы болу. Келешекте жас қыздарды жаттықтырып, әйелдер футболының бұдан да өрістеуіне үлес қоссам деймін. Сіңлілерімді осы спорт түріне әркез шақырып жүремін. Себебі әйелдер футболының келешегі зор. Ол – әлемдегі нөмірі бірінші спорт. Қазақстанда да бұл футбол кеңінен қанат жайып келеді. Спортшыларға да барынша жағдай жасалған.

 

Әзірге тұрмыс құру ойымда жоқ. Бірақ отбасылық өмірді биік қояр едім. Мұны уақыттың еншісіне салайын.

 

– Кімді үлгі тұтасың?

 

– Үлгі тұтатын футболшыларым өте көп. Соның ішінде португалдық футболшы Кришти­ану Роналдуды және қазақстандық қақпашы-жаттықтырушы Мәдина Шойкинаны ерекше атағым келеді.

 

– Сұхбатың үшін рахмет, алар асуың бұдан да биік болсын!

 

Сұхбаттасқан – Д. БАЙЖІГІТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ