Сіз өзіңіз қалаған газетке жазыла алдыңыз ба?

14.11.2018
Қаралды: 342

Бүгінде алдағы, 2019-жылдың бірінші жартыжылдығына газет-журналдарға жазылу науқаны аяқталуға жақын. Әдеттегіше бұл жолы да белден басулар аз болмағанға ұқсайды. Оны Раушан есімді желі қолданушысының көпшілікке арнап: «Әріптестер, мектебіңізде газет-журнал­ға жазылдыңыз ба?» – деп тастаған сауалына берілген жауаптарға қарап-ақ аңғаруға болады. Оған бір күнде ғана 130-ға жуық адам жауап қатыпты. Сондай пікірлердің бірқатарын назарларыңызға ұсынуды ұйғардық.

 

Шынарбекқызы Еркегүл: 20 мың теңгеге жаздырып қойды ғой.  Төлейміз. Қарсы шығып көрдік. Ауданның тапсырмасы дейді ғой.

 

Гүлнұр Исаева: Иә, жазылдық. 28 мыңға.

 

Danyshpan Baіdіlda Koіshybaіuly: Газет-журналға күштеп жаздырту көбінесе Оңтүстік өңірде белең ал­ған.

 

Лаура Төлебаева: Күштеп жаздыртады. Түркістан қаласы.

 

Гүлфайруз Байсейітова: Жазылмасаң болмайды. 16 – 18 мыңға жазды. Біреулердің жеке бизнесі үшін жазыламыз. Қазіргі күнде газет-журналдан не оқисың? Керектің бәрін интернеттен аласың.

 

Бұлбұл: Бізде күштеп жазғызады.

 

Гүлжауһар Әбдірахманова: Жазылдық. Амал жоқ.

 

Береке Баянхан: Әрине, күштеп жаздыртып жатыр.

 

Күнзипа Асадуллаева: Иә, сол, тіпті мектепке де план берген.

 

Салтанат Ибрагимова: Сенен сұрамайды. Сыртыңнан жазады.

 

Гүлнафис Әлімбаева: Қайдан... Қыр соңыңнан қалмай жаздыртады.

 

Ардақ Сүлейменқұлова: Қоймады ғой директорға қайта-қайта шақырып.

 

Гүлнәр Зұлпыхарова: Қоймай жаздырады.

 

Күлшат Шымбаева: Жаздырып қойған. Тек ақшасын төлеу қажет. Ал қандай газет екенін алғанда бі­леміз.

 

Салтанат Жақсыбаева: Жазыласың ба деп сұрамайды ғой. Ақшасын алған кезде сұрайды.

 

Ұлжан Құрманбаева: Жазылдық. Қаласақ та, қаламасақ та жазылатын сияқтымыз. Сыртыңнан жаза салады кейбір мекемелер. Мысалы, біздің үйде 3 «Егемен Қазақстан», 3 «Ордабасы оттарын» аламыз. Таңқаламын. Келесі жылы тағы бір балам жұмысқа тұрса 4 «Егемен Қазақстан» және 4 «Ордабасы оттарын» аламыз ба? Бұл басынушылық қашан жойылады өзі?! Сонда осы газеттің планы ма бұл?

 

Гүлмира Сағымбаева: Әрине, жазылдық. Жазылмай көр осыдан! Бұрын әдістемелік журналға жазыл деп бұйыратын еді, қазір жоспарды орындау үшін газетке жазылсақ болды. Оны оқи ма, оқымай ма, орысша ма, қазақша ма – бәрібір. Әйтеуір жоғарыдан келген план орындалса болды.

 

Мәрия Оңтаева: Жазылмай көр!

 

Ақмаржан Мәтжанова: Иә. Жазылмасаң қоймайды ғой.

 

Assem Zhusupova: Адам оқымайтын, тек ақша төлейтін газеттерге жаздыртады. Жазылмаймыз!

 

Uljan Asanbaeva: Талап қояды. Жексұрын боласың.

 

Жан Аманова: 14.000 теңгеге жазылу керек екен. Жартысын өткен айдың, қалғанын осы айдың жалақысынан береміз.

 

Баян Сембина: Жазыласың ба деп сұрамайды да. Айлығыңнан ұстап қалады, болды.

 

Ғабит Рахымбеков: Жазылдық. Жаздыртып қояды.

 

...Міне, әлеуметтік желіде жолданған сауалға осындай жауаптар беріліпті. Басқасын айтпағанда бір ғана білім беру саласында осындай жайлар орын алып жатыр екен.

 

Бұл сұраққа жауап берген жандардың басым көбінің сөзі «жаздыртадыға» саяды. Яғни қандай газетке жазылады, жазылғысы келе ме – оны одан ешкім де сұрамайды, бас­тысы – жоғарыдан келген тапсырманы орындау керек. Тіпті 28 мың теңгеге газет-журналға «жаздыртыл­ғандар» да бар.

 

Жалпы, бұл қойылған сұраққа орай кей азаматтар өзінің қалаған газетіне жазылатынын айтыпты, бірақ ондайлар некен-саяқ, саусақпен санарлық. Көбі газетке өз еркінсіз, амалсыз жазылатындарын білдірген. Ал адам құқын белден басып, тапа-тал түсте қалтасына түскендей етіп қаламаған газетіне шығындататын мұндай құйтырқы әрекеттерге қашан тосқауыл қойылар екен?

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ