Қола мүсіннің мәйітке пайдасы бар ма?

17.11.2018
Қаралды: 357

Астанада лауазымды тұлғалар жерленетін ұлттық пантеон салынып жатқаны белгілі. Қала әкімі Б.Сұлтановтың айтуынша, оның жобасын іске асыру үшін шамамен 958 миллион теңге бөлінген көрінеді.

 

Шындығын айтқанда бүгінде қарапа­йым халық жетісіп жүрген жоқ. Жалақысы мардымсыздар, баспанасыздар аз емес. Астана, Алматы, Шымкентте, тағы басқа қалаларда шұбырғандар көп. Бұл қоғамда жетім-жесірдің боздаған үнін тыңдайтын құлақ қалмады. Жемқорлық деген күнделікті орын алып жатқан ін­детке айналды, парамен ұсталып жат­қандардың барлығы – лауазымды, билік басында жүрген жандар. Заңсыздықтар шаш-етектен. Зорлық-зомбылық түрі көбейді. Бұлай кете берсе қоғам қайтіп оңалады, көсегеміз қайтіп көгереді деген ой қарапайым халықты қатты ойлан­дырып жүр.

 

Енді Астанада пантеон салдырып жатқан шенеуніктер әрекеті туралы сөз қозғасақ.

 

Алланың алдында хан да, қара да бірдей емес пе? Ақыретте пенденің бәрінен де істеген жақсы-жаман амалдары үшін есеп алынады. Сен шенді екенсің, бай екенсің деп күнәңді кешіре салмасы анық. Құран мен хадисте адал жүріп, анық бассаң – жәннатқа, былғанып, былық бассаң – тозаққа барасың делінген. Мәрмәрден дуал тұрғызып, мүсінін қоладан құйса да мәйітке одан келер көк тиын пайда жоқ. Бұл – тірілер үшін рия, өзін-өзі көрсетер мақтанға жатады. Өткендерге сәулетті күмбез орнатып сауапты іс жасадым дегендер Алла алдында зор күнәға батып жатқанын білсе екен. Ысырап жасамаса екен.

 

Жалпы, Исламда жоқ іс-әрекеттерден тыйылайық демекпіз. Кімнің кім екені жал­ғыз Аллаға ғана аян. Өзгеден ерек­ше­ленетін, жанға да, тәнге де пайдасы жоқ іс жасағанша, халық үшін, қоғам үшін пайдалы, сауапты амалдарды көбірек жасауды әдетке айналдырайық демекпіз.

 

Ыбраш ЕСІМОВ,

Қазығұрт ауданындағы

Бақабұлақ ауылының имамы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ