«Диплом саудасына» қашан тыйым болады?

14.11.2018
Қаралды: 517

Әріптесіміз, журналист Нәзира Байырбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мынадай жазба жариялады:

 

«Бір белгілі оқу орнын үздік бітіріп жат­қан студент қыздың әңгімесі екі күннен бері дегбірімді қашырды. Айтуынша, диплом жұмысын жазатын кезі келіпті. Же­текшісі – кафедра меңгерушісі. Бірақ: «Диплом жазып әуре болма. 170 мыңға дайын жұмысты аласың», – депті. Студент қыз өзі жазғысы келеді. Ал жетекшісі жазған күнде де бағыт беріп кө­мек­теспейтінін, оны ертең комиссия қабылдамауы мүмкін екенін, бәрі ойдағыдай болса да университеттің антиплагиат туралы бағдарламасынан өткізбейтінін айтып қорқытыпты. Студент қыз ойлана­йын деп кетіп, группаластарынан сұраса, бәріне осы талап қойылған екен. Енді бір группа тегіс 170 мыңнан жинап беріп, университеттің дайын диплом жұмысын сатып алмақшы.

 

Біз онсыз да былғанған, жемқорлық жайлаған елде өмір сүріп отырмыз. Енді осы былғанышты жастарға жұқтырып жатырмыз. Олар да бұны қалыпты, тіпті қажет нәрсе деп қабылдай бастайды.

 

Өкінішті емес пе?

 

Өз басым атын атап тұрып жазайын десем, ана қызға зияным тие ме деп қорқып отырмын. 

 

Ол қыз ақылсыз да емес. «Антиплагиатты әр университетке беріп қоймай, бүкіл республикалық ортақ бағдарламамен қараса ғой. Әйтпесе қазір менің ізденіп жазған жұмысымды университет өз бағдарламасымен қарайды. Олар қолдан кедергі жасап, өткізбей тастауы мүмкін», – дейді. Диплом жетекшісі осылай қор­қытып, бетін қайтарып тастаған ғой.

 

Өз қолын былғағысы келмей, шырылдап отырған студент қызды аяп кеттім.

 

Жемқорлықтан осындай жастарды құтқарып қалудың қандай жолы бар?

 

Әлде әрқайсымыз «өзіме зияны тиіп кетеді» деп жемқор қоғамның ағысымен кете береміз бе?»

 

...Нәзира Байырбек өзін ашындырған жайға қатысты сөздерін осындай сұрақпен аяқтапты.Талайдың жауабын таппай жүрген сұрағы ғой бұл.

 

Біз мұндағы «170 мың теңге» деген сомаға таңқалып отырмыз. Ал шындығында одан да қымбат сияқты. Мысалы, Шымкенттегі бір ірі университетте диплом құны 300 мың теңгеге жеткені туралы да айтылып жүр. Мұндай «саудаға» жұрттың бойы үйреніп кеткені сонша, ешкім де қыңқ етіп үн шығармайды. Тіпті солай болуы тиіс деп қабылдайтындай дәрежеге жеткен. Жұрт «бәрін ақша шешедіге» әбден мойынсұнып біткен. Оқу орнындағы кейбір пысықтар осыны жақсы біледі, сондықтан ақша табудың оңай тәсілін жолға қойып алған. Сондайлардың кесірінен өз ісін адал атқарып жүрген ұстаздар қауымы жаманатты болып жататыны өкінішті!

 

«Берсең де бересің, бермесең де бересің» деп бір топтағы әр студенттен қыруар ақша талап етіп, жастардың өз дипломын өз күшімен қорғауына мүмкіндік бермей отырғандарға бір зауал бола ма, жоқ па?

 

Бәрінен бұрын жастарға обал емес пе? Олар жылдар бойы оқиды, әлі де өз бетімен жұмыс істеп, табыс тапқан жоқ, күн сайын дерлік түрлі қажеттіліктері үшін ата-анасын шығындатады. Одан бөлек, сол ақшаға мыңдаған баланы ата-анасымен қосып теспей сорып отырған жем­қор мұғалімдердің жемсауын толтыруы керек. Ал осындай қоғамда «оқып, білім алған» адамнан ертең қандай маман шығады, қандай азамат шығады?

 

Ау, жемқорлыққа қарсы күресетіндер, қайда қарап отырсыңдар?!  

                    

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ