Кір сабын мен қағаз шығарады

13.11.2018
Қаралды: 204

Түркістан облысының Келес ауданында алғаш рет шаруашылық сабын мен әжетхана қағазын шығаратын кәсіпорын ашылды. Аудандағы Абай ауылының Балтабаев көшесінен бой көтерген «Qagaz» шағын цехында бүгінде 7 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын басшысы Өмірсерік Алтынбаевтың айтуынша, екі бірдей өнім өндіретін цех жобасына 40 миллион теңге жұмсалыпты.

 

«Кәсіпорын ретінде жаз мезгілінде тіркеліп қойғанбыз. Дегенмен содан бері қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу, шикізат көздерін алатын орындарды іздеу мәселелерімен жүрдік. Мәселен, сабын жасайтын құралды Түркістанда тұратын ұстаға жасатып, бұл жабдықтың тілін үйрену үшін бір маманды жібердім. Түр­кістандық шебер құралды өзі орналастырып беріп, екі күн осында жүрді. Алғаш­қы 500-ге жуық сабынды шығаруымыздың да куәсі болды.

 

Өзімнің мамандығым технолог болғандықтан күніне 1000 дана шаруашылық сабын шығару аз көрінеді. Келешекте бұл тұрмыстық затты екі есеге ұлғайтқымыз келеді.

 

Ал әжетхана қағазын жасайтын құрыл­ғымыз Ресейден алынды. Оған 12 миллион теңге жұмсалды. Қазір «макулатура» жеткілікті болса, тәулігіне 4000 – 5000 дана қағаз өндірудеміз.

 

Бұл жобаның негізгі мақсаты – қалдықтарды қайта өңдеу  арқылы күнделікті қолданатын өнімдермен аудандық нарықты қамтамасыз ету болып табылады», – дейді кәсіпкер.

 

Бүгінде тауарлар негізінен Келес ауданы аумағына, Шымкент қаласына және Қызылорда облысына жөнелтілуде. Тәжікстан, Ауғанстан сынды елдерден сұраныс түсуіне байланысты алдағы уақытта өндіріс қуаттылығын арттырып, тауарды шет мемлекеттерге экспорттауды жоспарлауда.

 

Бүгінде өз мамандығы бойынша кәсіп бастап отырған кәсіпкерлер көп емес. Тәжірибесі мен біліміне сеніп, нарықта сұранысқа ие осындай дүниелерді өндіріп отырған Өмірсерік Әлібайұлына табыс тілейміз.

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ