Кәсібін тауық өсіруден бастаған

13.11.2018
Қаралды: 244

Отырар ауданының Аққұм ауы­лында «Ақжол» атты шаруа қожалығы бар. Ол өз жұмысын 1991-жылы бастаған болатын. Содан бері егін және мал шаруашылығы саласында үздіксіз жұмыс істеп келе жатыр. Біз осы шаруашылық жұмысының басы-қасында жүрген Оңалбек Мұсабековпен әңгімелестік.

 

 

– Негізі қожалықтың төрағасы – әкем Жүсіп Мұсабеков. Ол кісі қазір зейнеткер, жасы 80-ге таяды. Қазір мұның басы-қасында өзім жүрмін. Бұл сала бізге бала кезден таныс. Жұмысымызды ең алғаш тауық бағудан бастағанбыз. Ол кезде мен мектеп оқушысы едім. 3000 тауық алып өсірдік, жұмыртқасын, етін саттық. Кейін мал басын көбейту ісін қолға алдық. Сол кезде 30 шақты қой, 5-6 сиырдан басталған кәсібіміз жанданып, бүгінде қойдың саны 1000-ға, сиырлар 50-ге жетіп отыр. Одан бөлек, түйе, жылқы да бар. Қазіргі таңда 4 адамды жұмыспен қамтып отырмыз.

 

Бүгінгі күні егін шаруашылығын да қатар алып жүрміз. Аумағы 277 гектар жеріміз бар. Осыған дейін мақта да, жүзім де, жүгері де ектік. Бауымыз да болған. Бірақ су дұрыс келмей, ол қурап қалды. Қазір тек қауын-қарбыз егудеміз. Су тапшылығына қарамастан былтыр да, биыл да өнімді жақсы алдық. Біздің қауын-қарбыздар Шымкент қаласына және Ресей, Қырғызстан ел­деріне жөнелтілді.

 

Алдағы уақытта қолдағы малды қажетті азықпен қамтамасыз ету үшін жоңышқа, жүгері егуді қайта қолға алсақ деп жоспарлап отырмыз. Себебі жем-шөп қымбаттап кетті де, шығынымыз көбейе бастады.

 

Егін егу мақсатында биыл «Ырыс» микроқаржы ұйымынан 2 миллион теңге алып, оны алты айдың ішінде қайта жауып тастағанбыз. Мұндай мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне келешекте қайта жүгінетін боламыз. Біз енді тек осы бағытта ғана жұмыс істейміз, – дейді Оңалбек Мұсабеков.

 

Тынбай істеген тірліктің түбінде адамға берері мол екені белгілі. Осындай еңбегінің берекесін кел­тіріп отыраған жандардың жұмысын үлгі етуден біз де еш жалықпаймыз. 

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ