Әдемі жиһаздар жасайды

13.11.2018
Қаралды: 263

Бүгінде мемлекет жастар арасынан да кәсіпкерлерді көптеп шығаруды көздеп, түрлі бағдарламаларды іске қосып жатыр. Осындай жәрдемнің шапағатын көрген жанның бірі – Тәңірберген Есполов деген азамат. 26 жастағы Тәңір­бергеннің бүгінде өз жеке бизнесі бар. Өңірімізден шыққан жас кәсіпкер «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының таяуда өткізген байқауында «Ең үздік кәсіпкер» деп танылып, 1 миллион теңге сыйлықпен марапатталған болатын.

 

Тәңірберген өзгеше бизнес түрін қолға алған. Ол «Royal Komfort» деп аталатын жиһаз фабрикасын ашқан, бүгінде жасанды ротангтен жиһаздар шығарады. Өнімдеріне сұраныс жақсы. Біз кешегі аптада  фабриканың жас басшысымен хабарласып, оны сөзге тарттық.

 

«Менің негізгі мамандығым – құрылысшы, – дейді Тәңірберген. – Алматы сәулет-құрылыс академиясында оқығанмын. Кезінде үй, кеңсе жөндеумен айналысатын компания ашқанмын. Жұмыс істей жүріп көп нәрсені аңғардым, із­дендім. Жасанды ротангтен жиһаз шығару идеясы басыма сол кездері келген. Кейін бизнес-жоба жасап, оны  қаланың кәсіпкерлік басқармасында қорғадым. Сөйтіп «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 3 миллион теңге грант ұтып алдым. Ойымдағыны іске асыруға осылайша жол ашыл­ған болатын.

 

Негізі ротанг деген өсімдіктен жиһаз жасау шет елдерде бұрыннан бар. Ал біздің жиһаз жасауда қолданатынымыз – полиэтиленнен алынған жасанды ротанг. Украинадан арнайы маман шақыртып, оны шығаратын құрылғы жасатқанбыз. Ал оған қажетті бөлшектерді әр жақтан жинадық. Ақырында «экструдер» деп аталатын құрылғы құрас­тырылды.  Ол полиэтиленді балқытып, лента тү­рінде шығарады. Жиһаз сол ленталардан қолмен өріліп, тоқылады. Тапсырыс­қа қарай түрлі-түсті ету үшін оған әрқалай бояулар ендіреміз. Жиһаздың сырт­қы корпусын темірден жасаймыз».

 

Тәңірберген осылай дейді. Яғни жасанды ротангтен жиһаз құраудың аса қиындығы жоқ сияқты. Бүгінде оның фабрикасынан жасанды ротангтен тоқылған жиһаздардың түр-түрі шығарылуда. Сұраныс Шымкенттен, еліміздің өзге қалаларынан да түсіп жатыр екен. Тіпті бір өзбекстандық азаматтар да келіп, жиһаз жасатып алыпты. Ал фабрика шығарған жиһаздарға сұраныс негізінен дәмхана, тойхана, қонақүй, демалыс аймақтарының иелерінен, сондай-ақ жекелеген азаматтардан да түсіп жатыр екен. Өйткені бұлар күй талғамайды, жауын-шашынның астында да тұра береді, формасын сақтайды, тез ескірмейді, сынбайды, ма­йыспайды, тасымалға да оңай. Жиһаздар бағасы 75 мың теңгеден 450 мың теңгеге дейін барады.

 

Ал «Royal Komfort» жиһаз фабрикасында бүгінде 5 адам тұрақты жұмыс істейді екен. Айлық жалақылары – 80 мың теңгенің төңірегінде. Т.Есполов алдағы уақытта өнім көлемін арттырмақ ниетте. Ол кезде, әрине, оның фабрикасында тағы да жаңа жұмыс орындары ашылары сөзсіз.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ