Жұрт «Алманың» сапалы шұжығын алады

12.11.2018
Қаралды: 138

Сайрам ауданы, Қарасу ауылындағы «Алма» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі өз жұмысын 2007 жылы бастаған болатын. Сол жылы «Аграрлық несие корпорациясынан» 60 миллион теңге несие алып, оған шұжық шығаруға қажетті құрал-жабдықтар алады. Алғашқы кезде небәрі бес адаммен ісін бастаған бұл кәсіпорында қазіргі таңда 30 адам жұмыспен қамтылып отыр. Олар орта есеппен 55-60 мың теңге көлемінде тұрақты түрде жалақы алуда.

 

– Алғашқы кезде шұжықтың 5-6 түрін ғана шығардық. Бүгінде бізде бұл ет өнімінің 40-тан аса түрі өндіріледі. Негізгі шикізат көзі – сиыр, тауық, жылқы еттері. Құс етін тауық фабрикаларынан, сиыр және жылқы етін мал сою бекеттерінен келісім-шарт негізінде алып отырамыз. Өзіміздің ірі қара мал ұстайтын алаңшаларымыз да жоқ емес. Цехтың күніне 1,5 тоннаға дейін шұжық өндіретін мүмкіншілігі бар. Бірақ қазіргі таңда күндігіне 800 келідей шұжық шығарудамыз. Өнімдеріміз өзге аудандарға, Шымкент, Алматы, Астана қалаларына жө­нелтіледі. Сондай-ақ өзімізді таныстыру мақсатында түрлі жәрмеңкелерге қатысып тұрамыз. Шұжықтарымыз Шымкент қаласының дүкендеріне, сауда орындарына қойылған. Әзірге сұраныс жақсы.

 

Негізі цехымыз үлкен емес. Енді ғана өсіп келеді. Десек те біздің өнімді Шымкент қаласында көпшілігі біледі. Себебі сапа жағына жоғары мән береміз. Еттің де, шұжықтың да сапасы аудандағы зерт­ханалар арқылы тексеріліп отырады. Тексерілмегенін біз пайдаланбаймыз. Зертханада ғана емес, өзімізде де шұжық сапасына бақылау жасалынады. Аз шығарсақ та дәмді әрі сапалы етуге тырысамыз.

 

Болашақта тағы да мемлекеттен несие алып, қосымша қондырғылар алсақ дейміз. Олардың бағасы өте қымбат, бірден болмаса да шетінен әкеле береміз. Сөйтіп, цехты үлкейтсек дейміз. Ол кезде тағы да 15-20 адам жұмысқа тартылған болар еді, – дейді кәсіпорын төрағасы Ақылбек Шалқаров

 

Кәсіпкер мемлекет тарапынан беріліп жатқан несиелердің кәсіпті жаңадан бас­тағандар үшін өте тиімді екенін айтады.

 

– Мемлекет тарапынан жасалған жағдайдың арқасында алға жылжып жатырмыз. Ерінбей еңбек етіп, жұмыс істесе, бизнесте табысқа жетуге болады, – дейді ол кісі.

 

Бұл өндіріс алдағы уақытта қосымша цех салып, шұжықтарды шетелге шығаруды көздеп отыр.

 

И. МАҚПАЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ