Келесте де келелі істер бар

12.11.2018
Қаралды: 397

Түркістан облысындағы жаңадан құрылған Келес ауданында да кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпорындар ашу мен жұмыссыздар санын азайту бағытында оңды жұмыстар атқарылуда. Ауданда биылғы жыл басынан бері 592,1 миллион теңгені құрайтын 9 жоба іске асырылды. Алдағы жылы 3 ірі жоба іске қосылмақ. Оған мемлекет қазынасынан 4 миллиард 100 миллион теңге қаржы бөлінеді. Сонымен қатар ауданның өркендеуіне себепші болатын төмендегідей ауқымды жобалар іске асырылмақ.

 

2019-жылы 310 гектар аумаққа 1 миллиард теңге жұмсап, грек жаңғағы егілмек. Оны «Оңтүстік Агропродакшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырады деп күтілуде. Ал «Бес Қара» деп аталатын серіктестік 400 гектарға қарқынды бау өсіру үшін 3 миллиард теңге бөліп, істі бастағалы жатыр. Сонымен қатар ауданда балық өсіру және балық етін өңдеу де қолға алынбақ. «Көшім» шаруа қожалығы бұл жобаға100 миллион теңге қаржы жаратып, үлкен өндіріс бастамақ.

 

Бүгінде өңірде белсенді кәсіпкерлік нысандар саны 7279-ды құрап отыр. Шығарылған өнімдер мен көрсетілген қызмет көлемі 23,2 миллиард теңгеге жеткен. Аудандағы бизнесмендер қазына қаржысын 327 миллион теңгеге ұлғайтқан.

 

Келес ауданында жылыжай өсіру де қарқын алыпты. Жыл басынан бері 10,6 гектарды құрайтын аумаққа жылыжай салынған. Ал тамшылатып суару әдісі 287 гектар жерге енгізілген.

 

Құрылыс саласында да айтарлықтай өсім байқалады. Бүгінде жалпы құны 15 миллиард 579 миллион теңгені құрайтын 24 нысанның құрылысы жүргізілуде. Соның 17-сі 2019-жылға өтпелі.

 

Аудандағы 83 елді мекеннің 38-іне «көгілдір отын» жеткізіліпті. 83 елді мекенді ауыз сумен қамту жұмысында да едәуір нәтиже бар екен. Бүгінде құбыр суымен 40 ауыл қамтылыпты.

 

...Қысқасы, Келес өңірінде де ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әрине, өз кезегінде ол аудан экономикасының дамуына үлес қосып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуы арқылы тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жақсаруына да әсер етпек.

 

Д. ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ