Шымкентте не көп, жұмысқа шақырушы көп

12.11.2018
Қаралды: 426

Шымкент – миллионер қала, яғни шаһар халқының саны 1 миллион адамнан асқаны белгілі. Осынша адамның күнделікті ішіп-жемін табу үшін еңбек жасындағы мыңдаған жан таңертеңнен кешке дейін әрекет үстінде жүретіні белгілі. Бүгінде қалада жұмыс іздеушілер де аз емес. Сондай-ақ жұмыс берушілер де баршылық екен. Қала көшелеріндегі әр жерде жапсырылған жарнамаларға қарап осындай ой түюге болардай. Біз осындай жарнамалар бойынша бірқатар жерлерге хабарласқан едік.

 

80 мыңнан 200 мың теңгеге дейін...

 

Жалпы, көп жарнамаларда жұмыстың сипаты мен айлық жалақы мөлшері көр­се­тілмейді екен.  «Керемет жұмыс», «Таза жұ­мыс» деген сияқты «шақырып» тұрған осындай бірер жарнамаларда жазылған телефондарға қоңырау шалғанымызда тұтқаны көтерген қыздардан: «Ол жөнінде кеңсеге келіп, басшымызбен сөйлескенде білесіз», – деген бір сарындағы жауап алдық. Олар кеңселері тұрған жердің мекен-жайын тәптіштеп түсін­діріп жатты.

 

Кейбір жарнама иелеріне хабарласқанымызда жұмысқа адам қабылданып қойғанын ес­тідік. Мысалы, «Мерчандайзер, супервайзер керек» деген жарнама бойынша хабарласқанымызда телефон тұтқасын көтерген қыз жұ­мысқа адам қабылданып қойғанын айтты. Тағы бірер жерге хабарласқанымызда телефонды ешкім көтермеді, енді біреулері сөн­дірулі тұрды.

 

Ал «Медициналық дипломыңыз бар болса...» деген жарнамада берілетін айлық жалақының 80 мың теңге екені жазылыпты. Хабарласқанымызда: «Жаңадан ашылған көтерме-жеке сауда компаниясы. Жұмысшылар қабылдап жатырмыз. Жұмысқа тұрсаңыз, сіз­дің міндетіңіз – екі күн келуші адамдарды қадағалайсыз (күзет мағынасында), сосын үш күнде келушілерге өнімдер бойынша кеңес бересіз», – деді телефондағы қыз.

 

«Студенттерге жұмыс» деген жарнама бо­йынша хабарласқанымызда қоймадағы жұ­мыс­қа 2 адам керегін білдік.

 

Ал «Быстро и легко берем на работу» деп тұрғандар аптасына 5 күн сағат 9-дан 17.00-ге дейін істейтін жұмыс ұсынады. «Айлық жалақысы – 90 мың теңге, басқасын кеңсеге келіп, басшымызбен сұхбаттасқанда білесіз», – деді бізге телефон тұтқасын көтерген қыз.

 

«Будь там, где успех!» деп «айқайлап» тұрған жер жұмыстың айлық жалақысын 145 мың теңге деп көрсетіпті. Телефон шалғанымызда оның «көтерме-жеке сауда компаниясының филиалы» екенін білдік. «Жақсы жұмыс істегендерге айлық жалақыдан бөлек, сый­ақылар да беріліп тұрады. Кеңсеге келіп, басшымызбен сөйлесіңіз, басқасын содан бі­лесіз», – деді телефон тұтқасындағы қыз.

 

Тағы бір жерден «Нужен помощник руководителя. До 200 000 тенге» деп жазылған жарнама көрдік. Ондағы телефон нөміріне (хабарласқанымызда: «Жаңадан ашылған компанияның филиалы. Қаланың Қапал батыр кө­шесінде орналасқан. Келіп, басшымызға жолығуыңызға болады», – деген жауап алдық.

 

«Жалынды жастарға жұмыс» деген жарнама бойынша хабарласқанымызда табыстың атқарған жұмысыңыздың нәтижелеріне қарай есептелетінін естідік. Жұмыс орны қаланың Ақпан батыр көшесінде орналасқанын білдік. Алдымен «собеседованиеден» өту керек екен, яғни кеңсеге барып, сол жерде басшылармен сұхбаттан өтесіз, не істеу керегін дәріс беріп үйрететін көрінеді.

 

Аңғарғанымыз – біз көрген жарнамалардың тең жартысы дерлік орыс тілінде «сөйлеп» тұр.

 

Кім қандай жұмыс ұсынады?

 

Біз Шымкенттің әр тұсынан көзімізге шалынған бірнеше жарнамалар бойынша хабарласқан едік. Соның ішінде 7-еуін ғана нақтылап жазып отырмыз. Ал қаламыздағы мұндай жарнамалардың жалпы саны 7 мыңнан да асып кететін шығар. Өйткені оларды көшедегі арнайы қойылған тақтайшалардан ғана емес, әрбір аялдамадан, көше шамы бағандарынан, жылу және газ құбырларынан, есептегіш орнатылған жәшіктерден, өсіп тұрған ағаштан, көпқабатты үй аулаларынан, дуалдардан, тіпті көшеге қойылған қоқыс жәшіктерінен де көптеп кезіктіруге болады.

 

Ал, жалпы, Шымкентте көбіне кімдер жұмыс орнын ұсынады? Осыны білгіміз келіп, көзімізге түскен ондаған жарнамаларды саралап көрдік.

 

Байқауымызша, жұмысқа шақыратындар негізінен жеке кәсіпкерлік нысандары мен жеке адамдар. Соның ішінде асхана, дәмханаға даяшы, ыдыс жуушы, тазалықшы іздейтіндер көбірек сияқты. «Қыздарға жарты күндік жұмыс», «Қыздар­ға жұмыс», «Сатушы керек», «Әйел адамдарға жұмыс. Жас шамасының маңызы жоқ», «Студенттерге жұмыс» деген сияқты жарнамалардың негізінен қыз-келіншектерге арналғанында сөз жоқ. Ер-азаматтарды қоймада жұмыс істеуге шақыратындар бар. Күзетші, вахтер іздейтіндер де аз емес сияқты. Мұғалім, лектор, медициналық кеңесші, шаштараз, дәріханаға жұмыс ұсынушылар да бой көрсетіп қалады. Зейнет жасындағыларды құжат реттеуші, телефон қоңырауына жауап беруші ретінде жұмысқа қабылдайтындар бар сияқты. Сондай-ақ бұрынғы әскери қызметкерлерді, спортшыларды жұмысқа шақырушылар да бар.

 

Негізі біз осындай сипаттағы бірнеше жарнамалар бойынша да телефон шалып көрдік. Бірақ күн жексенбі болғандықтан ба, олар сөндірулі тұрды немесе иесі телефонды көтермеді. Қалай болғанда да Шымкентте жұмыс орнын ұсынушылар баршылық екенін білдік. Ал соларға хабарласқан жұмыс іздеушілердің барлығының бірдей жолы болып кетіп жатыр ма, егер ұсынылған жұмыс­қа орналаса қалған болса, ол ойынан, көңілінен шығып жатыр ма – бұл жағы енді өзге тақырыптың әңгімесі екені белгілі.

 

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ