Қазығұрттың тұрғындары қалай қорланды?

11.11.2018
Қаралды: 224

Жуырда редакциямызға уайымнан жүзі сынық бір ана келді. Өзін Зейнеп Төлбасықызы деп таныстырған ол кісі Қазығұрт ауданының тұрғыны екен. Әділдік үшін күресемін деген ана өзін қандай жағдай мазалайтынын айтып берді.

 

Зейнеп апайдың жолдасы Түркіменбай Тәжиев 9 жылдан бері төсекке таңылыпты. І-топтағы мүгедек екен. Жол апатына ұшыраған ері бастан ауыр соққы алып, бір-ақ күнде қимыл-қозғалыстан қалған. Бұл кезде апайдың өзі омыртқасына ота жасатып, бір жыл уақытқа жуық ауруханада емделіпті. Өмірлік серігінің басына түскен қайғысына қа­рап жата алмай, үйіне құстай ұшып жетеді. Содан бері күндіз-түні ерін баласындай күтіп, қайтсем де аяққа тұрғызамын деп емдетумен келеді. Түркіменбай ағамыз ем-домның арқасында енді дұрыстала бастағанда арқасынан жа­ра шығып, төсекте жатқандығынан онысы кетпей біраз әбіржітіпті.

 

Тағы да емхана, ауруханаларға сүйрелеу басталады. Дәрігерлер біршама уақыт емдеп, ақыры бұл жараның жазылмасын айтыпты. Зейнеп апай сонда да Алладан жәрдем сұрап, үмітін үзбей, емшілерді жағалаған. Тілегі қабыл болып, жара жазылыпты.

 

«Басынан соққы алған соң жолдасым тез шаршап, сәл нәрсеге ашуланып қала беретін болды. Шуды жақтырмайды, ұл-қызымызбен көңілін тауып, қабағына қараймыз. Оған да оңай емес. Он жылға жуық атпалдай азаматтың жарымжан атануы соққы ғой. Бізге де қиын.

 

Осы жылдардың ішінде өзімді ұмыттым. Жуындырамын, киіндіремін, тамақтандырамын. Бұрынғыдай жас та емеспін. Науқас адамды шомылдырудың, күтіп-қараудың қандай екенін басынан өткерген жан ғана түсінеді ғой. Мұнымды міндет етпеймін, қай­та күйеуімді аяққа қойсам деп Шымкент, Алматы, Ташкент қалаларына дейін барып, шипа қонса деумен келемін. Мемлекеттің жәрдемін де алып, оңалту-сауықтыру орталықтарына барып тұрамыз. Міне, менің мәселем де осы.

 

Жыл сайын ерім жолдамамен Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасының «№8 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мем­лекеттік мекемесінде ем алады. Биыл да қолдағы 20 күндік жолдамамен 1-қараша күні үлкен ұлым екеуміз жолдасымды ертіп, орталыққа келдік. Заттарын реттеп, мекеме басшылығына ұлымның қараушы ретінде қалатындығын ес­кертіп, ауылға қайттым. Бірер күн өткесін Түркі­менбайды моншаға шомылдыру үшін тағы келдім. Жиі-жиі жуындырып тұрмасақ, үлкен адам тез иістенеді ғой. Оның үстіне төсекке таңылған адамның әжетханаға бара алмайтыны тағы бар. Киімдерін жуып, жақсылап жуындырып, орталыққа қайта әкелдік. Бәрі жақсы еді. Тек...

 

12-қараша күні балам әкесін ертіп келіп тұр. Оның үстінен жағымсыз иіс шығады деген желеумен осы орталықтың бірқатар қызметкерлері арыз жазыпты. Яркина деген бастап, ары қарай Урынбаева, Қамытбеков, Рахматуллаева, Кожамова, Сафаргалиев, Дүйсебаев, мекеменің терапевт дәрігері У.Салыбекова, кітапханашы Р.Турашбекова және әлеуметтік қызметкер Р.Ахметовалар қол қойыпты. Соның негізінде жұбайымды емдеу уақытынан бұрын шығарып отыр.

 

Осы он екі күннің ішінде күйеуімнің халін білу үшін бірнеше рет бас сұққам. Соншалық нашар иісті сезген болсам, баламды қайтарып, тазалығы мен күтіміне өзім қа­райтын едім ғой. Өмірімде бұдан артық қорланып көр­меппін. Небір сынақтарды өткеріп, дәл осы жағдайға намыстан жарылардай күйде жүрмін.

 

Орталықтың басшысы мін­детін уақытша атқарушы П.Шар­дарбековаға барғанымда да естігенім осы. Сонда Үкіметтің берген жолдамасын жарты жолдан тоқтатып, мүгедек жанды маған ескертпестен шығарып жіберулері заңды ма? Мемлекеттік орталықтың бұл мәселеге нақты жа­уап беруін қалаймын. Әділдікті талап етемін. Сол әділдікке «Замана» газеті арқылы жетсем деймін», – деп сөзін аяқтады Зейнеп апай.

 

Біздер бұл азаматшаның айтқандарын бейнежазбаға тү­­сіріп, қолжазбасын да қоса алып қалдық. Құзырлы мекемелер бұл кісінің шағымына не деп жауап берер екен?

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ