Бірнеше сауда орны мен автобекет ашқан

11.11.2018
Қаралды: 323

Түркістан облысындағы Шардара қаласының тұрғыны, кәсіпкер Дәулет қажы Өзденбаев – сауда саласында кәсібін жандандырып отырған азамат. Ол өз кәсібін сонау 1997-жылы Шардара қаласындағы орталық базардың шаруашылық дүкенін өз меншігіне алудан бастаған. 2005 жылы өз қаражатына үлкен әмбебап сауда орталығын ашқан. Ал 2009-жылы 40 миллион теңге қаржы жұмсап, «Мәриям ана» деп аталатын зәулім сауда орнын іске қосыпты. Бүгінде онда 30-дан астам жұмысшы тұрақты жұмыспен қамтылған.

 

«Өмірімнің басым бөлігін сауда саласына арнаған адаммын. 1972 жылдан аудандық жұмысшыларды жабдықтау бөлімінде, одан соң 1974 жылы орталық базарда, 1978 жылы «Мәдени-тұрмыстық кешен» дүкенінде, 1991 жылдан өзім кәсіпкерлікті бастағанша «Жер-су» акционерлік қоғамына қарасты автобөлшектер дүкенінде еңбек еттім. Одан соң жекешелендіру саясаты жүріп кете барды. Сауда саласындағы көп жылдық тәжірибеме сү­йеніп, орталық базардан бұйыр­ған сауда орнында жұмыс істей бас­тадым.

 

Уақыт талабына сай базардағы істі өрістету мақсатында бір дүкен және «Мәриям ана» сауда орталығын ашуды жөн санадым. Бұл үшін жергілікті әкімдік пен кәсіпкерлік бөлімі мамандарына алғысым шек­сіз. Олардың тарапынан қолдау көрсетіліп, жер мәселесі, құжаттар толтыру жұмыстары да ұзамай шешілді.

 

Бір отбасыға қажеттінің барлығын, яғни тұрмыстық заттардан бас­тап, азық-түлік пен киім-кешекке дейін біздің сауда орындарынан табуға болады. Бағалары да қымбат емес», – дейді Дәулет Байтуған­ұлы.

 

Бүгінде ел ағасы Дәулет қажының осынша жылдар бойғы еңбегі үкімет тарапынан еленіпті. Ол кісі «Совет сау­дасының үздігі» марапатынан бастап,  «Ең үздік кәсіпкер», «Жыл адамы» аталымдарын, Шардара ауданының Құр­метті азаматы атағын және  көптеген Алғыс хаттар мен Мақтау қағаздарын иеленіпті.

 

Бизнес саласында есімі танылған ағамыз бірнеше жыл бұрын Шардара ауданында автобекет салып, қолданыс­қа беріпті. Мұнда да 10 – 15-ке жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр екен.

 

Сауапты іспен айналысу да ол кісінің өмірлік ұстанымы іспетті. Көмекке мұқтаж жандарды өзі іздеп тауып, азық-түлік, киім-кешектерін түгелдеп, алғыстарын алып келеді.

 

Елеулі ісімен атақ та, абырой да жинаған кәсіпкер қарапайым қалпын сақтағысы келеді екен. Онысын өзі туралы қысқа ғана айтқанынан білдік. Дәулеті тасып, кәсібі өркендесе де «бас­тысы, бәріміз де адамбыз ғой» деуден аспаған Дәулет мырза осындай жан екен.

 

Д. БАЙЖІГІТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ