Түркістан танымастай түрленеді

11.11.2018
Қаралды: 407

Құрылғанына жарты жыл толғалы отырған Түркістан облысының орталығы –  Түркістан қаласын түрлендіруге қатысты жұмыстар қарқын алып келеді. Онда көп ұзамай 30 ірі жоба жүзеге асырылатын болады. Бұлардың 16-сы – еліміздің 16 өңіріне, қалғаны Ұлттық компаниялар мен демеушілерге тиесілі. Бұған қатысты Президенттің арнайы тапсырмасы бар.

 

Қаланың 2021-жылға дейінгі даму концепциясы мынадай 3 негізгі бағыт бойынша жүргізіледі: әкімшілік-іскерлік орталық, тарихи және тарихи-рухани орталықтар.

 

Облыстың атқарушы билігі, басқармалар мен аумақтық департаменттер алдағы жылы өз ғимараттарымен толық қамтамасыз етілуі көзделген. Ол үшін бірінші кезекте облыс әкімдігі, басқармалар мен департаменттер орналасатын ғимараттар бой көтереді. Әкімшілік-іскерлік аймақта сонымен қатар Конгресс-холл, облыстық драма театрының құрылыстары жүргізілетін болады. Бүгінде тиісті жер таңдалынып, құрылысқа қатысты жұмыстар басталып та кеткен.

 

Ал қаланың тарихи аймағы – А.Иассауи кесенесі тұрған төңірек. Онда келешекте амфи­театр, аспан астындағы мұражайлар, түрлі субұрқақтар, мәдени демалыс орындары салынады.

 

Тарихи-рухани аймақта Түркістанға зиярат жасап барушылар мен туристер аралап, серуендейтін, демалатын болады. Онда «Түркі дүниесі орталығы», «Ұлы Дала», «Қазақ хандығының ұлы тұлғалары», «Иассауи» мұражайлары және басқа да бірнеше ғимараттар бой көтермек. Тарихи-рухани аймақтың айналасында қолөнер шеберханалары, халыққа қызмет көрсететін түрлі нысандар орналасады. Яғни мұнда келген жұртшылық қазақ халқының тарихымен, тұрмыс салтымен танысып, танымдық-тағылымдық нәр алады.

 

...Міне, Түркістанда осындай керемет істер атқарылғалы жатыр. Қала тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында онда көптеген тұрғын үйлер де салынатын болады. Мақсатты жүргізіліп жатқан жұмыстар нәтижесінде қалаға келетін туристер қатары да жылдан-жылға арта түспек.

 

Бүгінде Түркістан қаласының біршама реттеліп, өзгеріп жатқанын айтушылар аз емес. Енді оның ажары ашылып, жарқырай түрленетін күндері келері анық.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ