Қоянның қанымен, бақаның «желімен» емдейді екен

11.11.2018
Қаралды: 1302

Жақында әлеуметтік желіден Бақыт Шабданов есімді азаматтың: «Жабайы қоянның қаны қан қысымы, бауыр ауруларын емдеп жазады. Әрі адамның жастық қалпын сақтап, ажарландыра түседі екен», – деген жазбасын оқыған едік. Сосын оның өзімен байланысып, мұндай тәсілмен ем жасайтын жанның кім екенін, қайда тұратынын сұрап білдік.

 

Түркістан облысының Мақтаарал ауданына қарасты Мыңжасар ата ауылында есімі сынықшы ретінде таныл­ған Медетбек Сүлейменұлы Жолшиев деген кісі тұрады. Ол нағашы атасынан дарыған сынықшылық қасиетіне қоса емшілік міндетті де қатар атқарып жүр екен. Өзі Мақтаарал аудандындағы «Аңшылар мен балықшылар» қоғамдастығында жұмыс істейді. Біз ол кісінінің өзімен сөйлескен едік.

 

– Медетбек аға, жабайы қоянның қанымен расында бауырдың қатерлі ісігі дерті мен қан қысымын толықтай емдеп жазуға бола ма? Мұндай емдеу тәсілін науқастарыңызға қолданып көрдіңіз бе? Жалпы, бұл тәсілді қайдан естідіңіз?

 

– Жабайы қоянның қанымен ем жасау туралы Сайд Юлдаш Әлидің «Мен емшімін» деген кітабынан оқып, білдім. Қазір ем жасауда осы кітапқа жүгінемін.

 

Кітапта кез келген қоян емес, тек жабайы қоянның ауыр сырқаттардан айықтыратыны жөнінде және оны қалай пайдалану керектігі туралы тәптіштеп жазылған. Яғни әлгі жануар қолға түсісімен сол заматта бауыздап, басын төмен ұстап тұру керек. Сол кезде нау­қас жан аузын ашып, оның қанын жылы күйінде, отырып немесе шалқасынан жатқан қалпы ішеді. Дәл осы тәсілді дерті өтіп кетіп, дәрігерлерден үмітін үзген талай науқастарға айтқаным болмаса, өзім емдегенім жоқ. Әйтсе де сол жандар құлан-таза айығып, бүгінде еңбек етіп, сап-сау өмір сүріп жатыр. Соның біреуін айтып берейін.

 

Бір күні маған ауыр дертке шалдыққан жап-жас жігіт келді. Терісі сүйегіне жабысып, өңі қуарған, көздері нұрсыз еді. Алдымда оның құр сүлдері ғана тұрды десем де болады. Жанында анасы мен жақындары жүр. Соңғы үмітіміз өзіңіз дегендей жәутеңдей қарайды. Бар білгенімді түсіндіріп, емдеу әдісін күнара жасауды ескертіп жібердім. Содан арада бірнеше ай өткен соң туыстарынан жігіттің сауыққанын естідім. Мен айтқандай жабайы қоянның қанын соңғы тамшысына дейін ішіп, асқабақты да шикідей жей беріпті. Алланың өзі жар болды деген осы.

 

Негізі ата-бабаларымыз да жабайы қоянның еті, қаны, тіпті құмалағының өзінен шипа табуға болатынын білген. Мәселен, шашылған құмалақтарды жинап алып, нанның арасына салып, балаға жегізсе, оның шыжың дертіне да­уасы мол. Ал қоянның еті суыққа, терісі радикулитке ем болады.

 

– Сіз – сынықшысыз. Емшілік жолды таңдауыңызға не себеп? Қандай ауру түрлерін емдейсіз?

 

– Бұрынғы «Крупская» бөлімшесінде Оңласбек дейтін сынықшы өмір сүрген. Сол кісі менің туған нағашы атам. Сынықшылық қабілет қан арқылы маған да беріліп, 12-13 жасымнан бастап шыққан жерлерді сала бастадым.

 

Есімде, ағамның қызы екі жасқа келгенде бірер күн шырқырап жылаумен болды. Жеңгем жауырыны жабысып қалды деп уқалай береді. Бірақ қарындасым жылауын қояр емес. Содан мені белгісіз сезім оларға қарай жетелеп,  кішкентайды қолға алдым да, иығын «ғырт, ғырт» еткізіп салып бере салдым. Үйдегілер аң-таң. Өзім де не болғанын түсінбей, состиып тұрмын. Қызықтың көкесі содан кейін басталды. Бұл жаңалықты естіп алған ауылдықтар біресе қойын, мысығын, біресе итін әкеліп, мені әбден бақылады. Кейін, тәжірибе жинақтап қалсам керек, енді мал-жануарларды әкелмеңіздер деп тоқтатып тастадым. Сосын ауыл тұрғындарының шығарып алған аяғын, қолын, омыртқасын салып беріп жүрдім.

 

Емшілікке келу жолым оңай болмады. Сол сынықшылықты енді қолға ала бастаған жылдары түсіме Қыдыр ата кірді. Ол кезде алтыншы-жетінші сынып оқитын кезім. Аппақ сақалды, ұзын, ақ шапан киген Қыдыр атамен керемет бір саялы бақта отыр екенбіз. Ол кісі: «Балам, ескіше ілім ал. Арабша оқы!» – деп әмір етті. Оянып кеттім. Екінші күні тағы сол түс қайталанды. Оянсам, қара терге түсіппін. Жүгіріп, анама жеттім. Оған екі күн бойғы Қыдыр атаның айтқандарын жеткізгенімде анам: «Балам-ау, саған ескіше кім оқытады? Бұған тыйым салынған ғой. Сенің оқу үлгеріміңнің өзі де нашар. Әрі жағдайымыз да жоқ», – деді. Атамның бүгін тағы түсіме кіретінін біліп, не жауап айтарымды уайымдап тұрғанымды көрген ол қорықпай, шындықты жеткізгенімді қалады. Солай болды да. Бірақ мені мұқият тыңдаған ата: «Мұның бекер...» – деп лезде көзден ғайып болды.

 

Содан ержетіп, жаңа өмірге қадам бастым деген атым ғана. Қандай істі бас­тасам да, не нәрсеге қызықсам да қа­йыры болмай, берекесіздікке тап келе бердім. Отбасымнан да қиындық арылмады. Әбден қажып, басымды тау мен тасқа ұрып жүргенімде Қыдыр ата тағы түсіме енді. Сонда жасым 23-те еді.

 

Бұрынғыдай емес, бұл жолы көзіме көрінбеді. Тек дауысынан ғана таныдым. Менің атымды атап, қолдарына ақ парақ ұстап: «Мына қағазда сенің тағдырың жазулы. Сол кезде ескіше әріп танығаныңда мұнда не жазылғанын оқып алар едің. Әттең... Дегенмен, сен абыржыма. Өзіңді мазалаған сұрақтар 184 күнде шешіледі. Өміріңнің ұзақтығы – 84 жыл. Енді алаңдамай, тіршілік кеше бер», –  деді.

 

Сіздерге өтірік, маған шын, 184-ші күні үйлендім. Құда түсіп, келісімге келе алмай жүрген кез еді мені қажытып жүрген. Бірақ болашақ жарыма Қыдыр ата айтқандай: «184-ші күнді санап жүр. Біздің жолымыз оңғарылады», – деп құлағына сыбырлап кеттім.

 

Бұрын «Адамның тағдырын Алла маңдайына жазады» дегенге сенбеуші едім. Сол оқиғадан кейін оған көзім анық жетті. Емшілік жолға 2005-жылы келдім. Онда да осы жылы қан қысымым 220-ға жетіп, құлап, бір жақ бетім қисайғанда қазақшылықты ұстауға бел будым. Алдымен сырқатымнан айығуды мақсаттап, Алладан көмек сұрадым. Ем­деліп, өзіме келген соң бата беретін ұстаз іздедім. Біраз әулие-әмбиелерді аралап, өңіріміздегі кесенелердің басында түнедім. Сөйтіп Жетісайда тұратын Хакім емшіні естідім. Көңілім сол кісіге ауды да тұрды. Арнайы іздеп барып, бата беруін сұрандым. Содан бері ем­шілік жолдамын.

 

Мен ем жасауды өз туыстарымнан бастаған адаммын. Келіншегімді асқазан жарасы (язва) мазалап, сырқаты бойын жылдам биледі. Ағасы да осылай ауырған соң медицина қызметкерлерінің кө­мегіне жүгініп, ота жасатқан екен. Отадан кейін қайынағам тек күтініп жүреді, майлы тамақ жемейді. Әйелімді ота үстеліне жатқызғым келмей, «Мен ем­шімін» кітабындағы ем-шаралармен емдеуді бастадым.

 

Кәдімгі дәріханаларда сатылатын медициналық спиртті күнде таңертең аш қарынға ішкіздім. Одан кейін алдын-ала 200 грамм алоэ гүлін еттартқыштан өткізіп, 200 грамм таза әселмен араластырып, дәрі дайындадым. Әуелі медициналық спиртті, сосын әзір болған қоспаны бір-бір қасықтан таусылғанша ішкізіп отырдым. Жағдайы әлдеқайда дұрысталып қалды. 

 

Менің ұлты грек досым бар. Білмейтіні жоқ. Әр келгенінде адамның денсаулығына  пайдалы дүниелерін бөлісе кетеді. Сол жігіт ауылға бір келгенінде араның балауызы (прополис) мен қолдың сары майының қосындысы бірталай сырқатқа шипа екенін айтқан. Келіншегім Шолпан асқазаным қырнап жүр деген соң балауызды ерітіп, қолдың майына араластырып, шай қасықпен тағы ішкізіп көрдім. Содан бері Шолпан асқазанына шағым айтпады.

 

– Сіздің көкбақаның «газымен» қалқанша безінің ұлғаюы (зоб) ауруын емдейтініңізді естіп едік.

 

– Бұл да рас. Жас күнімде ағайын әпкеміз осы дертке 17 жасында шалдығып, ата-анасы шипа іздеп бір тәуіптің алдына барғанын естідім. Қыз болса да ірі денелі, қылығы ұлға ұқсастау әпкемізге әлгі тәуіп аузыңды ашып, құрбақа жіберген газды жұт депті. Өмірі мұндайды көрмеген ол қорқып кетсе керек, барынша жұтынып қалғанда құрбақаны қоса жұтып жіберіпті. Содан кейін әпке­мізде «зоб» белгісі қартайып, дүниеден өткенше білінбеген көрінеді.

 

Әрі қызық, әрі тосын емдеу түрін өз келініме де жасадым. Үлкен баламның келіншегі табалдырығымызды аттаған соң «зобпен» ауыратынын айтқан. Ол кезде қыс мезгілі  еді. Оған: «Көктем шыққанша күте тұр, сырқатыңды лезде жазып беремін», – дедім. Көктем келісімен су бақаларының бірін  өзім ұстап әкелдім. Келінді отырғызып қойып, көкбақаның газын ішке тартуын өтіндім. Көзі шарасынан шыға жаздаса да айтқанымды екі етпеді. Ол бүгінде сәбилі болып, міндетін атқарып жүр. Ауырдым дегенін естімедім. 

 

Жалпы, су бақаларында у болмайды. Сондықтан қауіпті деуге еш негіз жоқ екенін ескерткім келеді.

 

– Осы жерде сұрақ туындап отыр. Құрбақаның «желін» қалай шығарасыз?

 

– Мұның еш қиындығы жоқ. Бақаның қарнынан ұстап, ақырын ғана басамыз. Онда да төмен қарай тартыңқырап басқан кезде «газы» еріксіз шығады. Бары осы ғана.

 

– Емші ретінде адамдарға қандай кеңес бересіз? Ырым-тыйымдарға қатысты айтарыңыз бар ма?

 

– Бұрын емші дегеннен көп нәрсе жоқ еді. Арасында алаяқтары да, Аллаға серік қоспай емдейтін жақсылары да бар еді. Келе-келе халықтың көзі ашылып, өз ісіне адал емшілер ғана қалды.

 

Мен өзімді сондай кереметпін дей алмаймын. Тек қазақшылықты ұстанып, кісі емдеуге кіріскен екенмін, осы міндетті таза орындауға тырысамын.

 

Кейде күбіртке, сыздауықты да емдетуге науқастар есік қағады. Оларға бұл кесел емес, тек атын атамаса жанды ауыртпайды, өзі-ақ қайтып кететінін жет­кіземін.

 

Баяғыда біз бала кезде саусағымызда күбіртке шыға бастағаннан анамыз жеті майда тас тауып, соның әрбіріне үш күн қатарынан ауырған саусақпен: «Бісміллә, тастай қат, тастай қат!» – деп шерткізетін. Екінші тәулікте саусақ жазылып, ойнап кететінбіз.

 

Көлбар жыланды ем ретінде пайдалануды меңгергенмін. Бұл жыланды кез келген қатерлі ісіктің алғашқы сатысында қолданса, шипа береді. Тек науқас міндетті түрде 12 жыланды тұтынуы абзал. Сонда біткен тамырлар ашылып, ағза сауығуға әрекет жасай бастайды.

 

– Қызықты әңгімеңіз үшін рахмет, қажет еткен жандарға шипаңыз дари берсін.

 

Сұхбаттасқан – М. ДАНА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ