Темірланда робототехника курсы ашылды

10.11.2018
Қаралды: 325

Бүгінгі күні елімізде робототехника саласының дамуына ерекше мән беріліп келеді. Бұған қатысты Президент Н.Назарбаев өзінің 5 әлеуметтік жобасында да айтқан болатын. Яғни Елбасының  жастарды заманауи мамандықтарға үйретуді тапсырғаны мәлім.

 

Осы орайда Түркістан облысының бірқатар білім ордалары робототехника ғылымын үйірме немесе қосымша пән ретінде оқытуды қолға алып жатыр. Солардың қатарында Ордабасы ауданы, Темірлан ауылындағы Шолпан Шәді­қо­жа басшылық ететін «Кәусар» гимназиясы да бар. 2018 жылдың қаңтар айында мұнда «Робот техникасы» бойынша элективті курс ашылды. Курсты Педагогикалық шеберлік орталығында осы бағытта біліктілігін арттырған информатика пәнінің мұғалімі Мейіржан Төледияров жүргізеді.

 

– 2017 жылдың желтоқсан айында ауданымыздағы жеті мектеп робототехникаға арналған құралдармен жабдықталған болатын. Солардың қатарында «Кәусар» гимназиясы да бар. Ағымдағы жылы мектеп басшылығы тарапынан сағат бөлініп, оқушылардың еркін жұмыс істеуі үшін арнайы кабинет жасақталды. Қазіргі таңда 5,6 және 9 сыныптарға аптасына бір рет элективті курс өтеді. Әр сыныптан 12 оқушы, барлығы 36 бала қатысады. Әрине, робототехникаға қызығушылық танытып жатқан оқушылар көп. Олардың барлығын бірдей қамту мүмкін емес. Бірақ биыл қатыса алмағандардың біразы келесі оқу жылында қатысатын болады.

 

Алдымен оқушыларды робототехниканың қандай мақсатта, қай салада қолданылатыны туралы түрлі ақпаратпен хабардар етіп аламыз, содан соң ішінен ерекше ынта білдіргендерін ғана курсқа іріктеп аламыз. Бүгінгі күні олар конс­труктор жабдықтарының қызметтерімен, міндеттерімен және оларға бағдарлама құру жолдарымен танысып қана қоймай, құрастырғыштың жеңіл түрлерінен ұшақ, көлік, құстар мен жануарларды жасап үйренуде.

 

Робототехниканың артықшылығы көп. Құрастырғыш конструктордың «LEGO Educatіon WeDo» деп аталатын жеңіл және «LEGO MІNDSTORMS Educatіon EV3» атты күрделі түрінен оқушы өзі жүктеген бағдарлама немесе компьютер арқылы басқарылатын роботтар жасап шығаруына болады. Сондай-ақ математика, физика, геометрия және информатика пәндерінен алған теориялық білім­дерін робототехника саласында қолдана отырып, түрлі жарыстарға қатыса алады және иновациялық жобалар да­йындауда табысқа жету мүмкіндігі бар, – дейді М.Төледияров.

 

Расында да қазіргі күні робот өмірі­міздің көптеген саласына еніп те үлгерді. Тіпті уақыт өткен сайын техникамен қоса технология да дамып келе жатыр. Мұның барлығы болашақта білімді әрі білікті маман даярлауды талап ететіні белгілі. Жастар осыған дайын болуы керек. Осы орайда «Кәусар» мектебі де бұл іске өзіндік үлес қосары сөзсіз.

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ