Швейцариялық компаниямен бірге жұмыс істейді

10.11.2018
Қаралды: 85

Еліміздің оңтүстік өңірінде мақта шаруашылығының жақсы дамығаны белгілі жайт. Осы саланың өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген Мақтаарал ауданы, Асықата кентіндегі «Ақ алтын» мақта өңдеу зауыты туралы айтпай кетуге болмайды. Алғаш рет «Киров мақта тазалау зауыты» болып 1967 жылдың наурыз айында іске қосылғанын ескерсек, бұл кәсіпорынның бүгінде елу жылдық тарихы бар. 1996 жылы «Ақ алтын» акционерлік қоғамы, 2005 жылы «Корпорация Ақ алтын» ЖШС-і болып өзгертілген өндіріс орны әлі де қарқынды жұмыс істеуде.

 

Мекеме басшысы – Айдархан Өтенұлы. 1996 жылы «Ақ алтын» акционерлік қоғамының алғашқы президенті болып сайланған ол бүгінде Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы және «Құрмет» орденінің иегері.

 

– Зауыттың өндірістік қуаты жылына 65 мың тонна шитті мақта өңдеуге мүмкіндік береді. Бірақ соңғы жылдары 18 мың мен 23 мың тонна аралығында ғана мақта  өңдеуде. Себебі бұл салада басқа да мақта өңдеуші зауыттар жеткілікті. 

 

Шитті мақтаны ауданда шаруалар өсіреді. Бүгінгі таңда зауытқа қарасты 20 мақта қабылдау бекеті бар. Күзде жиналған өнім зауытқа тасымалданып, өңделеді. Сөйтіп, мақта талшығы, шит, улюк, линт секілді мақта өнімдері шығарылады және  бізбен серіктестікте жұмыс істеп жатқан швейцариялық компания арқылы шетелге жөнелтіледі.

 

Зауыт маусыммен жұмыс жасайды. Маусым кезінде мұнда 500-ден аса адам жұмыспен қамтылса, қалған уақытта 80-90 адам тұрақты түрде жалақы алып отырады. Орташа айлық – 50-75 мың теңге шамасында, – дейді «Корпорация Ақ алтын» ЖШС-інің заңгері Серік Момынов.

 

Мұндай іргелі кәсіпорындардың жұ­мысы өңіріміз үшін қашан да маңызды. Себебі шаруашылықтың дамуына өз үлесін қосып келе жатқан бұл өндіріс ошағын әлі де талай келелі істер күтіп тұр.

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ