120 отбасы қуанышқа кенелді

13.11.2018
Қаралды: 690

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев жариялаған 5 әлеуметтік бастаманың бірінде тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету жөнінде айтылғаны белгілі. Бұған қатысты «7-20-25» бағдарламасы да ұсыныл­ған болатын. Жалпы, бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатқанынан жұрт құлағдар.

 

Кешегі 1-желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қарсаңында Түркістан облысының Кентау қаласында болған жаңалықты да осындай маңызды іске қосылған үлес десек болады. Бұл күні қалада әрқайсысында 60 пәтерден бар бес қабатты 2 үй пайдалануға берілді. 120 отбасы баспаналы болып, қуанышқа кенелді.  Пәтер кілттерін иелеріне облыс әкімі Ж.Түймебаев тапсырды.

 

Аталған үйлер мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтеріп отыр. Жобалық құны 898 миллион 686 мың теңгені құрайтын құрылыс жұмыстарын Түркістандағы «Строй Сервис ХХІ» серіктестігі жүргізген.

 

Жалпы, бұл кәсіпорынның атқарып жат­қан жұмыстары жөнінде біз газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде жазғанбыз. Ол бүгінде облыс орталығындағы «Отырар» шағын ауданында 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысын жүргізуде, бұл нысан алдағы жылы пайдалануға берілетін болады.

 

«Строй Сервис ХХІ» серіктестігін Түркістан қаласының Құрметті азаматы, кәсіби құрылысшы Ермахан Оспанов басқарады. Ерекеңнің айтуынша, кешегі 1-желтоқсан қарсаңында Кентау қаласында ел игілігіне берілген үйдің құрылыс жұмыстары өткен жылдың жазында басталыпты. Яғни ол бір жарым жылға жетер-жетпес уақытта толықтай бітіп, пайдалануға берілген. Барлық қажеттіліктері қамтамасыз етілген, орталық жылу жүйесіне қосылған.  Екі үйдің жобасы бірдей, әрқайсысында 10 бір бөлмелі, 20 екі бөлмелі, 30 үш бөлмелі пәтерден бар.

 

...Жалпы, Түркістан және Кентау қалаларында тұрғын үй құрылыстары жақсы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін бірнеше қызметтік пәтерлер пайдалануға берілмек. Үй салу жұмыстары алдағы жылы да жалғасады.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ