Көрме орталығы көп адамның көңілін өсірді

12.11.2018
Қаралды: 887

Шымкент қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығы маңынан бой көтерген Көрме орталығы кешегі аптада өзінің 5 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы уақыт аралығында мұнда республикалық және халық­аралық дәрежедегі көрмелермен қатар, түрлі деңгейдегі мәдени жиындар, семинарлар мен кештер де өткізіліп келеді. Құрылысының құны 614 миллион теңгені, аумағы 2 мың шаршы метрді құрайтын бұл мекемеде осыған дейін 200-ге жуық іс-шаралар өткізіліпті.

 

Бес жылдықтың құрметіне ұйымдастырылған салтанатты шараға қаламыздағы елеулі іс атқарып жүрген біршама бетке тұтар азаматтар қонақ болды.  Алдымен Шымкент қалалық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әлия Шалхарова сөз алып, Көрме орталығының директоры Зухра Әмзеқызын және көрме қызметкерлерін арнайы Алғыс хатпен марапаттады. Жылы лебізден соң Зухра ханым халыққа есеп беру мақсатында орталықтың осы күнге дейінгі ат­қарған жұмыстары туралы баяндама жасады.  

 

«Кәсіпорын қызметінің мәні – көрмелер, конференциялар, семинарлар, шығармашылық кештер, бизнес-тренингтер өткізуді қамтамасыз ету және барлық салалар бойынша ақпаратты таратып, жариялау, халыққа насихаттау болып табылады. Сонымен қатар жергілікті кәсіп­керлерді қолдау және отандық өнімдерді насихаттау барысында өңірімізді көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына, денсау­лық саласына, балаларға арналған көр­мелерді жыл сайын өткізіп тұрамыз. Осы көрмелердің нәтижесінде көптеген тауар өндіруші компаниялардың арасында өзара байланыс орнап, халқымыз­ға та­уар өндірудің жаңа инновациялық технологиялары ұсынылды. Мақсатымыз – кез келген сала бойынша мәдениетіміздің ұлттық ерекшеліктерін танытып, өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстардың экономикалық және технологиялық даму дең­гейін халықаралық дәрежеге жеткізуге атсалысу», – деді ол өз баяндамасында.

 

Ол кісі сөз арасында мекемеге Бақытжан Сағынтаев, Асқар Мамин, Тамара Дүйсенова, Гүлшара Әбдіхалықова, Ораз­күл Асанғазы секілді елімізге белгілі сая­саткерлердің халықпен кездесу мақсатында ат басын бұрғанын да айта кетті.

 

Келесі кезекте Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы Түр­кістан облыстық филиалының төрағасы Бастарбек Пірімбетов құттықтау сөзін айтып, көрме басшысының кеудесіне Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының төрайымы Светлана Иманқұлованың атынан «Еңбек даңқы» төсбелгісін тақты.

 

Еркін Нұржанов, Әбдіхан Нұрмағанбет секілді әншілердің әдемі әнімен өрілген бұл кеште қонақ болған айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова мен Қазақстан Су­ретшілер және қолөнершілер одағының мүшесі Бибажар Иманбекқызы да ізгі тілектерін білдіріп жатты.  Сондай-ақ Жанат Тәжиева, Балкан Қасымов, Әбдіхан Бескемпірұлы, Батырхан Қалдарбекұлы, Нұрсәт Саттарұлы, Назарбек Нышанбекұлы, Қайрат Жайлауұлы, Арман Махмұтұлы, Шәрбану Әлмағанбетқызы, Зәкира Сейілбекқызы, Зоя Оралбайқызы, Әлімжан Раушанбетұлы секілді білім және мәдениет саласының өкілдері мен Рабиға Байтемірқызы, Талғат Жүнісбекұлы, Гуля Бексұлтанқызы, Ғалымжан Әуезбаев, Владимир Денисов, Нұрғазы Бижігітов секілді қала кәсіпкерлері де сөз алып, өз сый-сыяпаттарын тапсырды.

 

Жиын соңына қарай халықаралық дәрежедегі дизайнер Марат Ерімбетовтің топтамасынан дефиле көрсетіліп, ұжымның күнделікті жұмысынан бір сәттік көрініс қойылды. Келген қонақтарды құр қайтармай, көрме қызметкерлерінің тарапынан оларға тәтті торт та ұсынылды.

 

Біз осы іс-шара соңында Зухра Қарабекованы сөзге тарттық.

 

– «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, осы күнге қанша уақыттан бері да­йындалдық. Керемет көңіл-күйдеміз. Қыз­меткерлеріміз де өте қуанышты, олар да өздеріне тиісті марапаттарын алып жатыр. Алдағы келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен тек ұжымдастарымды ғана емес, барша қазақстандықтарды да құттықтағым келеді. Тәуел­сіздігіміздің тұғыры қашанда мықты болсын деймін. Міне, атқарған еңбегімді елеп, төсбелгі де беріп жатыр. Бұл жерде тек менің ғана емес, көрме орталығында қызмет істеп жүрген әрбір азаматтың үлесі бар, – дейді Зухра ханым.

 

Ендеше біз де оларға толағай табыстар тілейміз. Ұйымшыл ұжым мен іскер басшысының арқасында бұл мекеме әлі де талай жетістіктерге жететініне сеніміміз мол.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ