Ідәя деген атақты қазақ болған

07.11.2018
Қаралды: 204

Шымкент қаласының тұрғыны Айдарбек Қыдырбекұлының есімі «Замананың» оқырмандарына жақсы таныс. Ол кісі – газетіміздің тұрақты оқырманы, жанкүйері, «Заманада» мақалалары жарияланып тұрады. Таяуда Айдарбек қария бізге «Батырдың ұрпағы» атты кітап әкеліп тапсырған болатын. Жаңақорғандық Әбу Тұрғанбайұлы жазған бұл кітапты біз бастан-аяқ оқып шықтық.

 

Әділет жолында күресіп өтіпті

 

Аталған кітапта Жаңақорған өңірінде өмірге келіп, кейін Ташкентке кеткен, сол жақта жүріп 1937-жылы «халық жауы» деген атпен сотталып, лагерьде қаза болған Ідәя Әділұлы есімді азаматтың (азан шақырып қойылған есімі – Идаят) өмір жолы жайында жазылған. Ол кәнігі жазушының қолынан шықпағанымен, көркемдік, тағы басқа кемшіліктері болғанымен жан толқытардай өте әсерлі жазылған.

 

Ідәя Әділұлы – Жаңақорған өңірінде би болған Сасықбай батыр деген кісінің немересі екен. Ол жас­тайынан ер мінезді, күшті, әділетсіздікке төзбейтін намысқой болып өскен. Ауылдағы Омар төре дегеннің ашқан мектебін бітіргесін ары қарай білім қуып, халыққа қызмет етуді армандапты. Бірақ өзінің адуын мінезімен, әділдікті қорғайтын ерлігімен сол кездегі ел билеушілеріне жақпай, Ташкент жаққа кетуіне тура келіпті. Кейін ата-анасын сол жаққа көшіріп алған.

 

Ідәя Ташкентке барғанда қарақшылардың қолына түсіп қалып, амалсыз соларға қосылған. Кейін олардың бәрін бағындырып, тәртіпке салған екен. Олар байлардың дүниесін тартып алып, жоқ-жұқана жандарға бөліп берумен айналысыпты. Кеңес өкіметі орнаған жылдарда, ашаршылық кезеңдерінде қарапайым халыққа көп жақсылық жасапты. Тіпті Ауғанстанмен байланысы бар бандыларды құрықтауға да қатысыпты. Милицияда лауазымды қызмет атқарғаны туралы да айтылады. Алаш ардақтысы Мұс­тафа Шоқайдың шетелге аман кетуіне де атсалысыпты. Халық ақыны Нартай Бекежановпен, әйгілі Қажымұ­қанмен кездескен, сырласқан жерлері де өз алдына бір тарихтай.

 

Осындай өзіндік мінез-құлық иесі кейін «халық жауы» деген жаламен айыпталып, сотталған. Оны Қиыр Шығыстағы лагерьден көргендер бар екен. Есіл ер сол жақта опасыз біреулердің қолынан қаза тауыпты.

 

Кітап авторы Ідәя Әділұлының жақсылығын көрген көптеген адамдардың естеліктерін келтірген. Осындай азаматтың атын халық жадында сақтау үшін тиісті шаралар жасалуы керек деген ой білдірген.

 

Жалпы, ел басына күн туған сонау аласапыран жылдарда өмір сүріп, өзіндік күрес жолымен халық жадында ізгі атын қалдырған Ідәя Әділұлының қысқаша өмір жолы осындай екен. Кітап авторы  Әбу Тұрғанбайұлы ол кісі туралы дерек­терді жұртшылық арасында таралған ауызша әңгімелерден және мұрағаттардан жинапты. Бұл туындыда сүйегі жат жерде белгісіз болып қалған есіл азаматтың артында тұяқ қалмады деген өкініш білдіріледі.

 

Осыған орай бұл кітапты бізге әкеліп тапсырған шымкенттік Айдарбек Қы­дыр­бекұлы Байымбетов өзінің жаз­ған шағын мақаласын қоса қалдырған еді. Біз оны оқырман назарына ұсынып отырмыз. Ол кісі былай дейді:

 

Ідәядан қалған ұрпақ бар

 

– Ідәя 1900-жылдары Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Әкесі Әділ – Жаңақор­ғанда би болған Сасықбай батырдың баласы.

 

Ідәя жастайынан озбырлардың іс-әрекетіне төзімсіздікпен қарап, би-болыс­тардың теріс шешімдеріне  қарсылық біл­дір­ген. Ол елге зорлықшылдарға өзін­ше шара қолдануымен белгілі бол­ған. Бойына біткен Алла берген қара күшті ақылмен жұмсап, қара қылды қақ жара әрекет етуі сол кездегі би-болыстарға, әрине, жақпаған. Жала жауып итжеккенге айдауға дайындық жүріп жатқан кезде қасына бір жолдасын ертіп, Ташкент­ке жүріп кетеді. Ташкентке жетіп, пойыздан түскен 17-18 жастағы балаларды бір топ қарақшылар қоршап, аздаған азық-түлік салған дорбаларын тартып алып, өздерің өлгілерің келмесе бізге қосыл деген талап қояды, бұлар амал жоқ, соларға қосылады.

 

Әлгілердің кәсібі – қаладағы «Алай» базары және сол маңайдағы көптеген елді мекендерді тонау, ұрлау, бар тап­қанын бастықтары Рустам дегенге әкеліп, сол жерде бөлісу екен. Бұрыннан мұндай озбырлыққа төзбейтін Ідәя кейін Рустамды жекпе-жекте жеңіп, барлығын өзіне бағындырып, кәсіптерін басқаша істеуге көндіреді. Кедей-кепшікке тиіспеу жөнінде уәдесін алып, әдепкіде тапқандарына сол маңайдағы кедей-кепшіктерді жинап, шайханада аптасына екі рет тегін тамақ беруді ұйымдастырады.

 

Ең үлкен «Қойлық» базарын сол кезде Қараман қарақшы билеген екен. Ідәя жекпе-жекте оны да жеңіп, «Қойлық» базарын да қосып алған, Қараман екеуі жақсы жолдас болған. Ұзамай Ташкент маңын түгел бағындырған Ідәя сосын Самарқан, Қоқан жағын да бағындырып, сол жақтарда да аштарға тегін тамақ беруді тапсырған.

 

Бұл жағдайлар 1927 – 1930-жылдарда басталып, 1937-жылы Ідәяны НКВД ұстағанша жалғасын тапқан. Кедейлерге қамқоршы, әділдікті жақтаған оған өкімет адамдары тиіспеген. Ол Сары­ағаш ауданында және Ташкенттегі бір ауданда милиция бастығы болған.

 

Ідәя ағамыздың руы – Сунақ, мен де Сунақпын. Сол Ташкентте туып-өстім. Ол кісінің менен 4 жас үлкен Қамбар атты ұлы бар. Бәріміз бір жерде, сол Ташкент маңындағы қазіргі Сунақ ауылында бірге өстік. Қамбар қазір де бар, 4-5 балалы-шағалы. Өкінішке орай, ол мектепте оқымады. Шешесі жуас, келісті адам болатын. Аты – Болған, жалғыз баласын ешқайда шығармай қасында ұстаған.

 

1937-жылдың басында, мүмкін келісімі бар шығар, құдықтан су алып жатқан сұлу бойжеткен қыз – Болған апамызды Ідәя атының алдына мінгізіп, тал түсте алып кеткен, оған ешкім қарсы келе алмаған. Сол жылдың ортасында кешке қарай Болған апамызды үйіне әкеліп салған және кетерінде: «Ұл тусаң, атын Қамбар қой. Мен енді сендермен көрісе алмаспын», – деп жүріп кеткен. Сол жылдың аяғында ұсталып, Сібірден бір-ақ шыққан. Сібірде де түрмеде өз тәртібін орнатып, мұсылман ағайындар­ға қамқор болған. Сол түрмеде ұйықтап жатқанда бір сатқынның қолынан қаза болған. Онымен бірге болған кісілердің айтуы солай.

 

Ал Қамбардан екі ұл бала бар. Екеуі де Алматыда. Біреуі спорт шебері, физкультура институтында доцент, ғылым кандидаты. Екіншісі де спорт жағында деп естимін.

 

Өзім Ташкентке бір барғанымда Қамбардың үлкен ұлымен кездескенмін. Бабасы Ідәяға түр-тұлғасы келеді. Баласына әкесінің күш-қайраты дарымаса да немерелеріне дарығаны көрініп-ақ тұр. Ал Қамбар кітаптағы Ідәя әкесіне де, оның інісі Шалқарға да ұқсайды. Оларды іздеген туыстарына, Ідәя ағамыздың баласы Қамбар мен немерелерін елмен табыстыруға мен көмегімді аямаймын.

 

Айтпақшы, сол Ідәя туралы естелік жазған Аймахан Мырзабайұлы – менің анамның туған інісі, анамнан 2 жас кіші болатын. 2010-жылы 102 жасында қайтыс болды. Мен Ідәя туралы көп әңгімені сол кісіден естігенмін.

 

Ал Мұсахан Әбутәліпов ағамызбен  «Түгіскен» совхозында бірге жұмыс істедік. Мен агроном болсам, ол кісі мал фермасының бастығы еді. Кітапта жазылған және Ідәя ағамыз туралы естелік жазғандардың көпшілігін танимын. Әлі де болса кеш емес, ұрпақтарын табыстырып, ара қатынастарын жолға салса болады. Оған тек Жаңақорғандағы аға­йындары атсалысса жеткілікті.

 

Ал осы Ідәя жөніндегі тың деректерді тауып, Төменарықтағы, Жаңақорған ауданында тұратын туыстарына жолығып, жалғыз суретін де тапқан және Ідәя туралы кітап жазған Әбу Тұрғанбаевқа жол сілтеген де – 15 кітаптың авторы, Халықаралық  Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мү­шесі  Шайдарбек қажы Әшімов еке­нін айту бізге парыз. Ол кісі менің ай­туым­мен Ташкентке барып, Ідәя ағамыздың баласы Қамбар мен әйелін суретке түсіріп, «Өмірдің өзі – тарих» атты кітабында көлемді мақала жазған.

 

Ш.Әшімовтің Ідәя ағамыздың атын Жаңақорған ауданының бір көшесіне бергізу жөнінде мәселе көтеріп жүргенін білеміз. Бұл өте құптарлық мәселе. Өйт­кені Ідәяның сол заманда кедейлерге, жетім-жесірлерге жасаған қамқорлығын көзін көргендер әлі де айтып жүр. Бұл мәселені ары қарай қозғап, оң шешімін табар деп сенгіміз келеді.

 

Тағы бір айтарым – жұрт арасында «қарақшы» атанып кеткен Сүлеймен мен Қараман да Ідәя ағамызбен таныс болған, бірлесе кедейлерге барынша қам­қор болып, ашаршылық жылдары өсіп-өнуіне ықпал жасаған азаматтар, ол екеуіне де Шымкенттен көше атын берсе нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын.

 

Айдарбек БАЙЫМБЕТОВ,

зейнеткер.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ