«Алтынқұмнан» басталған кәсіп

07.11.2018
Қаралды: 341

Арыс қаласының тұрғыны Әбутәліп Ерімбетов – кәсіптің көзін тауып, бірнеше жылдан бері бизнестің төңірегінде жүрген жандардың бірі.

 

Ол «Максимум» аймақтық инвестиция­лық орталығынан трактор, рефрижератор алу мақсатында 53 миллион теңге несие алып, осы қаржыға мал өнімдерін қабылдап-өткізетін «Арыс-Сико» селолық тұтыну кооперативін құрған. 100 бас сиыр да сатып алынған. Кәсіпкер сондай-ақ осыдан бірнеше жыл бұрын «Жаңа базар» деп аталатын мал базарын салған.

 

– Мұнда барлық жағдай жасалған. Базарға малын сатуға әкелген адам ол өтпеген жағдайда осындағы арнайы соғылған қораға тастап кете алады. Малдың әр басына 100 теңге алып, келесі аптаға дейін бағып та береміз. Ет өңдейтін цехымызға ет қажет болған жағдайда келісілген бағадағы сомасын ұсынып, өзімізге алып қаламыз.

 

Ал бордақы малына қосқан салмағына қарай ақы төлейді. Мәселен, 150 келі болатын сиыр малын осындағы таразыға тартып өлшеп алып қаламыз. Бір аптадан соң 160 келіні көрсетсе, қосқан 10 келісі үшін мал сатушы бізге ақысын төлейді. Керісінше, арықтап кетсе, онда біз айыппұл төлейміз. Содан соң жеткізіп беру мәселесін де шешіп қойғанбыз. Базарымыздан мал сатып алған адамға келісілген ақысына малды сойып, үйіне дейін жеткізіп беретін де мүмкіндігіміз бар.

 

Жоғарыда айтып кеткен ет өңдейтін цехымызда күніне 3 тоннаға дейін ет өңдей аламыз. Қазір тек тапсырыспен шұжықтар ғана өндіріп жатырмыз. Бізде дайын өнімді өткізу мәселесінде қиыншылықтар болып тұр, осы жағдайды ретке келтірсек, кем дегенде 40 адам жұмыспен қамтылар еді және шұжықпен қатар консервілер де өндірер едік. 

 

Өзіміз мал да ұстаймыз. Қазіргі таңда 15 биені сауып отырмыз, тағы 12 жылқы бордақыға дайын. Өгіз, қошқарларды да байлаймыз. 2000-дай уақ мал, 65 бас түйеміз бар. Басында өзіміз қымыран ішіп отырайық деген мақсатпен 2 түйе алған болатынбыз. Байқасақ, түйе бағудың аса бір машақаты жоқ екен. Кез келген жағдайға төзімді, ауруы аз бұл жануар шөп те таңдамайды, өзі 18 ай сауғызады. Содан азайған сиырларымыздың орнына біртіндеп түйе ала бастадық.

 

Қазір күніне әр түйеден 6 литр сүт аламыз. Оны дүкендерге, тапсырыс бергендерге жібереміз. Өзіміздің үш тойханамыз бар. Оның жұмыстарын әйелім мен қыздарым қадағалайды. Қымыранды сол жаққа да жеткіземіз. Алдағы уақытта түйе санын 150 басқа апарсақ дейміз.

 

Сондай-ақ 400 гектар егістік, 150 гектар суармалы жеріміз бар. Онда бақша өнімдерін, жоңышқа, арпа егеміз. Биыл бидай ектік. Дәнді дақылдарды өзіміздің құрама жем цехымызда өңдейміз. Сол арқылы қолдағы малдың жем-шөбін толық қамтамасыз етіп отырмыз.  

      

Негізі кәсібімнің бастауы «Алтынқұмнан» басталған. Біз ашылған жылы құм тапшы болатын. Құрылыста құмды көп нәрсеге қолданатыны белгілі. Оны жан-жақтан әкелетінбіз. Сондай қиыншылықтар пайда болған соң өзім шағын кәсіпорын ашуды жөн көрдім. Сөйтіп, 1991-жылы «Алтынқұм» серіктестігі құ­рылды. Қазір 45 гектар жерден құм алудамыз. Серіктестіктің құм өңдейтін ұң­ғымасы, өз техникалары бар. Бүгінде Түркістан облысының төңірегіндегі ауылдық аймақтар мен Арыс қаласын жуылған құм түрімен қамтамасыз етіп отырмыз. Бүгінгі таңда құмның 1 текше мерті 1800 теңгені құрап отыр.

 

Алдағы уақытта балық өңдейтін цех ашқалы жатырмын. Барлығы дайын, енді тек лицензиясын алсам, іс біткелі тұр. Сонымен қатар, болашақта тауық фермасын ашуды да жоспарлап отырмын, – дейді Ә.Ерімбетов.

 

Бас-аяғы 30 шақты адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер қайырымдылықпен де айналысады екен. 2008-жылы Бадам ауылына арнайы мешіт тұрғызып, Арыстағы балалар үйіне көмек қолын созған. Бірнеше жыл бұрын ондағы бүлдіршіндерді сүндеттетіп те беріпті. Сонымен қатар, 4-5 жыл бұрын тағы да сол Бадамнан 1941 – 1945 жылдардағы  соғыс ардагерлеріне арналған монументті де осы кісі соққан екен. 

 

– Алла дүниені адамға бөліссін деп береді екен ғой, мен мүмкіндігінше игі істермен айналысқанды дұрыс көремін. Бірақ ол туралы көп айта бергенді жөн көрмеймін. Кейбіреулер суретке түсіп тұрып көрсетіп жатады. Әсіресе жетім, жағдайы төмен балаларға арналған арнайы акцияларға қатысқым келмейді. Оған беретін нәрсені үн-түнсіз-ақ апарып беруге болады ғой. Ел-жұртқа көрсетіп беру арқылы соны алып тұрған балаға қаншалықты ауыр тиетінін ешкім ойлап та жатқан жоқ. Өзім де жетім өскендіктен оның бәрін жақсы түсінемін. Сондықтан не берсек те мейлінше жарнама қылмай жасаған дұрыс, – дейді Ерімбетов мырза.

 

Арамызда осындай қыруар шаруаны атқарып жүрген жандардың болғаны қандай жақсы! Өз ауданының дамуына ерекше үлес қосып отырған мұндай кәсіпкерлердің еңбегі тиісінше еленсе дейміз.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ