Қамбар ата тұқымын көбейтуді қолға алған

07.11.2018
Қаралды: 266

Мал шаруашылығы саласында мемлекеттен жәрдем көріп отырғандар жетерлік. Солардың қатарында Отырар ауданы, Мыңшұңқыр ауылының тұрғыны Ербол Қиқымбаев та бар. Мал басын көбейту ісімен айналысуды былтыр ғана бастаған кәсіпкер «Ырыс» микроқаржы ұйымынан 8 миллион теңге алғанын айтады.

 

– Несиеге берілген ақшаға 10-15 бас жылқы малын алғанбыз. Бірақ жыл­қыларымызға ауру келіп, біразы құлын тастап қойды. Бір-екеуін өлтіріп алдық. Сөйтіп, біраз кедергілерге тап болып, қиналып қалған жайымыз бар. Дегенмен қол қусырып қарап отырған жоқпыз, малымызды барынша емдеп, қолдан келгенін жасап жатырмыз. Қазір бізде 12-13-тей жылқы қалды. Алдағы уақытта ісіміз оңынан келіп жатса, ары қарай да тоқтатпаймыз деген ниеттеміз.

 

Қуантарлығы – жем-шөп жағынан еш қиындық көріп жатқан жоқпыз. Өзіміздің «Көктем» деп аталатын шаруа қожалығымызға қарасты 15 гектар суармалы жеріміз бар. Бірнеше жылдан бері осында жүгері мен жоңышқа егеміз. Қолда жер айдауға арналған бір трактор тұр. Егістік кезінде техникасы бар басқа да жұмысшыларды жалдаймыз. Әзірге жылқыларды жем-шөппен өзіміз қамтамасыз етіп отырмыз. Кейінірек басқа да шығындарымызды жабу мақсатында артылғанын сататын да шығармыз.

 

Негізінен алғанда отбасымызбен осы кәсіптің басы-қасындамыз. Бұл істе көбіне ағам бізге бағыт-бағдар беріп отырады. Әйтеуір осының ар­қасында азын-аулақ табысымызды тауып жатырмыз, – дейді Е.Қиқымбаев.

 

...Қандай жағдай болса да еңбектен қашпайтындар түбі бір биікке жететіні белгілі. Ербол мырза да болашақта сондай белестерден көрінер деген сенімдеміз.   

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ