Ағаш пен темірден түйін түйген әулет

06.12.2018
Қаралды: 35

Өңірімізде қарапайым заттардан түрлі бұйымдар жасап, ағаштан түйін түйген қолөнер шеберлері аз емес. Сондай шеберлердің бірі – Бәйдібек ауданы, Жамбыл ауылының тұрғыны Құрылысхан Аязбаев. Ол осы ауылдағы Жамбыл атындағы  жалпы орта мектепте 15 жылға жуық мектеп ұстасы болып еңбек етті. 

 

Мектептегі «Өлкетану» мұражайындағы жәдігерлердің көбі – Құрылысхан шебердің қолынан шыққан бұйымдар. Бастапқыда бұл мұражайдың ашылуына өзі негіз болған Құрылысхан ағай мектеп ұжымына да сыйлы кісі. Шебердің жары Марина Маликова да қол­өнерден кенде жан емес. Марина апай жоғарыда аталған мектепте 37 жыл еңбек еткен, еңбек пәнінің білікті ұстазы. Бұл күнде Құрылысхан ағай мен Марина апай үш ұл тәрбиелеп, ұяға қондырып, олардан 15 немере сүйіп отырған ата мен әже.

 

Ағашқа өрнек салып, бедерлеу, нақыштау оңай дүние емес, әрине. Оған қолдың ептілігі, саусақтың шеберлігіне қоса сабырлылық, ыждағаттылық, күш-қайрат пен төзімділік қажет. Біздің кейіпкер – осы қасиеттерді меңгерген азамат.

 

«Әкем марқұм ат-көлік әбзелдерін, мал шаруашылығына керек заттарды өз қолымен жасайтын. Сондықтан бұл өнер маған әкемнен дарыса керек. Қолөнерді киелі іс дегенге сенбеуші едім. Алайда бір жылдары қатты науқастанып, дерттің дауасын осы қолөнерге бет бұрған соң таптым», – дейді шебер. 

 

Атадан балаға дарыған қолөнер Құрылысхан ағайдың екінші баласы Нұрболға берілген. Әкесі ағаш шебері болса, баласы – темірден түйін түйген ұста.

 

Нұрбол түрлі көліктің бөлшектерінен шаруашылыққа қажетті заттарды құрастырып жасайды. Ал отбасының үлкен немересі Нұрай атасы жасаған бұйымдарға өю-өрнек салып, бояуын келтіріп, әрлеуге құмар. Шебердің өнерін бағалап, республиканың түрлі қалаларынан арнайы келіп, бұйымдарын сатып алатындар да жоқ емес.

 

Құрылысхан ағай бұйымдарын үйіндегі кішкене шеберханасында жасайды. Мұнда тұрмыс­қа қажетті балта саптарын, пышақ, шаппа, ер-тұрмандар, тағы басқа дүниелерді тапсырыспен жасайтынына да куә болдық. Тіпті қара ағаштың бұтақтарынан түрлі жануарлардың бейнесін айна-қатесіз жасағанын көргенде таңданысымызды жасыра алмадық.

 

Ауданда ұлттық мәдениетімізді дәріптеп, насихаттап жүрген Құрылысхан Аязбаев – айрықша өнер иесі, дарынды азамат. Ол осы еңбегі үшін аудан, облыс көлемінде лайықты марапатын да алған екен. 

 

Ұлттық қолөнерді жаңғыртуға үлес қосып отырған Құрылысхан Қырықбайұлының және оның отбасының ісі  көпке үлгі.

 

Д. БАЙЖІГІТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ