Түлкібаста туризмді дамытпақ

06.12.2018
Қаралды: 48

Түлкібас ауданындағы кәсіпкерлік төңірегіндегі жүргізіліп жатқан жұмыстар көптеген салалардың дамуына септігін тигізуде. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің тарапынан берілген мәліметтер бұл сөзімізге дәлел бола алады.

 

 

Ағымдағы жылдың соңғы он айының қорытындысы бойынша, мұндағы жалпы өнеркәсіп кәсіпорындары 18 миллиард 755 миллион 500 мың теңгенің өнімін өндірген екен. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,8 па­йызға өскендігін көрсетеді. Осыған сәйкес, Түлкібас аудандық кәсіпкерлік бөлімі мынадай мәліметтер ұсынады:

 

«Бүгінгі күні ауданда 1 ірі, 3 орта, 24 кіші және 4 қосалқы – барлығы 32 кәсіпорын жұмыс атқаруда. Сондай-ақ 2018-жылдың қорытындысы бо­йынша мұндағы шағын және орта бизнес саласында тіркелген кәсіпкерлер саны 7036-ға жеткен.

 

Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде банк несиесінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бағыты аясында «Кентау» ЖШС-і Шақпақ баба ауылдық округінен 2 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасын салуға 600 миллион теңге және осы нысанды электр желісімен қамту үшін 66 миллион теңге несие алды.

 

Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне өз бизнесін бастауға мемлекеттік гранттар беру аясында жеке кәсіпкер М.Бөлееваның түрлі-түсті ірімшік өндіру жобасын іске асыру мақсатында 3 миллион теңге мақұлданды. Сондай-ақ «Нұрлыхан» шаруа қожалығы да саумалмен емдеу-сауықтыру кешеніне инфрақұрылым тарту мақсатында 103 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына ұсынған болатын. Қазіргі таңда  облыстық бюджеттен бұл жобаға 55 миллион теңге қаржы бөлінді.

 

Түлкібас ауданында тауар бағасын тұрақтандыру жөнінде де іс-шаралар жоспары бекітілген. Іс-шара негізінде күнделікті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен жанар-жағармай бағаларына мониторинг жүргізіліп, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына мәліметтер жолдануда. Осыған байланысты аудандағы сауда орындары мен аудан әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық жөнінде меморандум түзілуде. Оның мақсаты – сауда орындарының жалға беру ақысын себепсіз қымбаттатпау, санитарлық талаптарды сақтау, сауда объектілерін заманауи стандарттар­ға сәйкестендіру. Әр аптаның жұма күні әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының ретсіз өсіп кетпеуін қадағалау мақсатында жұмысшы штаб тарапынан рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.

 

Туризм саласы бойынша да тірліктер тыңғылықты атқарылуда. Бүгінгі таңда жыл басынан бері ауданға 13903 турист келсе, оның 673-і – шетел азаматтары. Осы мақсатта ауданда көрікті жер­лердің тізімі жасалып, келгендерге өңірді таныстыру үшін туристік маршруттар құрылған. Қазіргі таңда 2 қонақүй, 2 шипажай, 2 қонақ қабылдау үйі, 7 маусымдық балаларға арналған сауықтыру ла­герьлері, 17 демалыс аймағы – жалпы саны 30 нысан туристерге сапалы қызмет көрсетуде. Сонымен қоса, ағымдағы жылы «Famіly Resort» демалыс аймағының жанынан 100 миллион теңгеге балаларға арналған орталық пен 3 қонақ қабылдау үйлері салынды.

 

Осы жылы Түлкібас ауданында «Құрылыс» жол бойындағы қызмет көрсету орталығын құру мақсатында құны 348 миллион теңгені құрайтын жоба әзірленген болатын. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 95 пайызы аяқталды. «Бизнестің жол картасы – 2020» кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы арқылы мұнда инженерлік инфрақұрылым, яғни газ құбыры мен электр желісі жүргізілді. Нысан ағымдағы жылы тәуелсіздік мейрамының қарсаңына қарай іске қосылмақ.

 

Майлыкент ауылдық округі, Дауан ауылында «Etno Park Resort» этноауылының құрылысы жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 417 миллион теңгені құрайды. Аталмыш нысан да ағымдағы жылдың желтоқсан айында өз жұмысын бастамақ.

 

Құрылыс жұмыстарының 75 пайызы аяқталған «Мыңбай» шаруа қожалығының жол бойындағы қызмет көрсету орталығы 2019-жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр. Жоба құны – 76 миллион теңге».

 

Қысқасы, Түлкібас ауданында осындай шаруалар атқарылып жатыр екен.  Игілікті жұмыстар алдағы жылы да өз жалғасын таппақ.  

 

     М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ