Сайрамда бар сансыз бизнес...

06.12.2018
Қаралды: 41

Жері сулы, шөбі шүйгін Сайрам ауданының хал­қы мал өсіруге әбден машықтанған. Сондықтан болар, ел тұрғындары бұл ауданды ауыл шаруашылығы, оның ішінде ет, сүт, мал шаруашылықтары дамыған өңір ретінде жақсы таниды. Сайрам ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі берген мәліметтерге қарағанда, ауданда өндірілген ет пен бордақыланған ірі қаралар сонау Иран­ға, Ауғанстанға, Өзбекстан мен Ресейге жөнелтіліп жатыр.

 

Өнеркәсіп саласы өркендеген өңір Түркістан қаласында өткізілген «Агрофест-2018» мерекелік іс-шарасында жүлделі орынды қанжығаға байлады. Яғни облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде жыл қортындысымен Сайрам ауданы ет өндіру бойынша І-орын, мал шаруашылығы өнімдерін экспорттаудан І-орын және агроөнеркәсіп кешенінің даму бағдарламасы көрсеткіштерін орындаудан ІІІ-орынды иемденді. Ал жеке номинациялар бойынша  «Нұр Көл»  ЖШС – астық өндіруден және  «МанкентАгро»  ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі көкөніс өндіруден облыс бойынша үздік атанды.

 

Бұл жетістіктер, әрине, бірлігі мен тірлігі жарасқан халықтың тынымсыз еңбегінің арқасы. Жалпы, тоғыз жолдың торабы саналатын аудан арқылы халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізі, «Алматы – Бішкек», «Ташкент – Орынбор» магистральдары мен «Алматы – Ташкент  – Мәскеу» темір жол желісі өтеді.

 

Бүгінде Сайрам ауданы –халқының тығыздығы жағынан өте үлкен, этнодемографиялық жағдайы күрделі, әрі даму потенциалы аса жоғары, көпұлтты аймақ. 11 ауылдық округті біріктіретін 42 елді мекен бар. Оларда 206 мыңнан астам халық өмір сүруде.

 

Ауданның шағын және орта бизнес саласында қазіргі таңда 25 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл аудан халқының 12,5 пайызы осы салада еңбекке тартылғанын көрсетеді.

 

Сайрам ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, аудан бойынша белсенді кәсіпкерлік субъектілерінің саны 13 703-ке жетіп, 5,7 пайызға өскен. Шағын және орта кәсіпкерлердің өндірген өнімі 84,2 миллиард теңгені құрап, өсім 4,5 пайызға жетіп отыр. Тәуелсіздік алған 27 жылдың ішінде Сайрам ауданының ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 1991-жылы 1 миллиард 277 миллион теңгені құраса, өткен 2017-жылғы көрсеткіш 58,8 миллиардты межеледі. Аудан еңбеккерлерінің маңдай терінің арқасында өсім 46 есеге артты.

 

Жалпы, ауданда мемлекеттік бағдарламаларды дамытуға басты назар аударылуда. Осы ретте өткен жылы микрокредиттік ұйымдар арқылы 9273 адамға 5 миллиард 141,5 миллион теңге несие берілді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 17 жоба қолдау тапқан. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 2017-жылы 253 адам оқытылып, оның ішінде 193 адам өзінің бизнесін ашты. Арнайы курстарда оқытылған 19 жеке кәсіпкерге 68,5 миллион теңге көлемінде шағын несие берілді.

 

Өнеркәсіп өндірісі бойынша ауданның үлесі облыс көлемінде қомақты. 2017-жылы 36,1 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 31,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілген.

 

Атап айтар болсақ, өнеркәсіп саласы қазіргі уақытта екі бағытта дамуда. Бірінші бағыт – аудан өнеркәсібінің 86,6 пайызын өңдеу өнеркәсібі құрайды. Бұл орайда жаңа кәсіпорындар ашу, жұмыс істеп тұрған қуаттарды кеңейту есебінен өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі артып, өсім 27,4 пайызға көтерілді. Нақты айтар болсақ, басымдық шикізаттық емес сектордағы жобаларға берілді. Былтырғы жылы өнеркәсіп саласында 4 жаңа өндіріс іске қосылып, 60 жұмыс орны, 3 өндірісті кеңейту есебінен 26 жұмыс орны ашылды.

 

Екінші бағытта аудандағы бар резервтерді пайдалану есебінен аудан экономикасын көтеру маңызды болып отыр. Қазіргі кезде индустрияландыру картасы аясында «Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына» жалпы құны 7,3 миллиард теңгелік 13 жоба енді. Мұның ішінде қазіргі таңда 8 жоба нақты өнім беруде.

 

Аудан экономикасының басым бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы саласы екені белгілі. Көрсеткішке назар аударатын болсақ, өткен жылы 8,1 гектар жерге жылыжай салынып, 111 гектар жерге тамшылатып суғару әдісі ендірілді. Қазіргі уақытта жалпы жұмыс істеп тұрған жылыжай көлемі 27,5 гектарға, тамшылатып суғару әдісі ендірілген жалпы жер көлемі 456 гектарға жетті. Нәтижесінде өсімдік шаруашылығында 26,4 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп отыр.

 

2017-жылы мал шаруашылығын дамыту үшін бірқатар жұмыстар атқарылды. Яғни «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 280 бас ірі қара мал, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 200 бас уақ аналық мал және 7 бас асыл тұқымды қошқар сатып алынса, «Құлан» бағдарламасы арқылы 32 бас жылқы алынып, аудандық көрсеткіштер жоспары толықтай орындалды. Ауданда 34 кооператив құрылып, кооперативтердің жалпы саны 45-ке жетті. Өңірде 10-15 бастық 103 шағын мал бордақылау алаңдары, 41 жанұялық сүт аулалары ашылған. Сонымен қатар 887 мал бордақылау алаңдарында бір мезетте 31 мың бас мал бордақылануда. Нәтижесінде мал шаруашылығында 32,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп отыр.

 

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша жоспарлан­ған көрсеткіштер толығымен орындалып келеді. 2018-жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізілген болатын. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек – тұрмысы төмен азаматтарға немесе отбасыларға көрсетілетін қолдаудың үш түрін бір пакетпен ұсыну болып табылады. Бұл бүгінгі таңдағыдай тек атаулы әлеуметтік көмек төлеп қана қоймай, мемлекет тарапынан жұмыс­қа тұруға жәрдемдесуді білдіреді. Нақты айтсақ, жұмыссыз жүрген отбасы мүшелері мемлекет есебінен оқуға жіберіледі, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға орналастырылады. Сондай-ақ жеке ісін ашуға немесе бизнесін кеңейтуге микрокредит беріледі. Биылға атау­лы әлеуметтік көмекке республикалық бюджеттен 325,1 миллион теңге, аудандық бюджеттен 334,8 миллион теңге, барлығы 659,9 миллион теңге қаржы қаралып, 11267 адам­ға тағайындау жоспарланып отыр.

 

...Міне, қыруар істің ортасында қайнап жатқан Сайрамның тіршілігі осындай. Облыс халқының 7 пайызы мекен еткен өңірде бүгінде 25 мыңнан астам адам ауыл шаруашылығы саласына тұрақты жұмыс­қа тартылған. Жұмысыздықпен күрес­те алдыңғы қатарда келе жатқан Сайрам ауданындағы істер әлі де жалғасын таба берері анық.

 

Д. ӘБДІМАНАП.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ