Тәулігіне 10 тоннаға жуық сүт өнімдерін өндіреді

05.12.2018
Қаралды: 41

Түлкібас ауданында отандық инвесторлардың қолдауымен құны 2,5 миллиард теңгені құрайтын 4 жоба жүзеге аспақ. Сонымен қатар қазір Ақбиік ауылында сүт өңдеу цехы іске қосылуға дайын.

 

Жалпы, Түлкібаста сүтті мал шаруашылығы жылдан-жылға қарқын алып келеді. Бүгінде ауданда 4 сүт өндіретін ферма жұмыс істейді. Міне, сондай сүт өндірісін қолға алған кәсіп­орынның бірі – Азаттық ауылындағы «Майлыкент-сүт» өңдеу кәсіпорны.

 

«Майлыкент-сүт» зауытында майсыз сүттен бастап, йогурт, айран, ірімшік сияқты 12 түрлі өнім дайындалады. Бұл үшін серіктестік жергілікті жеке сүт жинайтындардан күніне 10 тоннадай сүт жинайды екен. Өнімнің әр топтамасы арнайы сараптамадан өтіп, жарамдылық көрсеткіші қатаң қадағаланады.

 

Мұнда шығарылатын табиғи тауардың жарамдылық мерзімі – 7 күнге дейін. Дайындалатын сүт өнімдері негізінен жергілікті әлеуметтік мекемелерге жіберіледі. Отандық тауарлар сондай-ақ Шымкент қаласы мен Түркістан, Жамбыл облыстарындағы бірқатар сауда орталықтарына сұраныс бо­йынша тасымалданады.

 

«Зауыттың жұмыс істегеніне 5 жылға жуықтады. Зауыттың жер көлемі 0,50 гектарды құрайды. Алғаш жұмысымызды бастағанда қатты қиналдық. Өйткені сұраныс аз еді. Тіпті дүкендерге тегін беріп кететінбіз. Ал қазіргі кезде жұмысымыз жақсы дамып келеді. Сұраныс та жақсы. Тіпті кейбір тұтынушылар зауытты арнайы іздеп келіп, тауарларымызды қай дүкендерден алуға болатынын сұрап жатады. Мұның бәрі, әрине, мемлекеттің қолдауының арқасында. Тәуелсіздіктің арқасында біз де елімізге өз пайдамызды тигізіп отырмыз», – дейді «Майлыкент-сүт» кәсіпорнының басшысы Ниязбек Сауытбеков.

 

Кәсіпорын «Даму» қорының тарапынан қаржылай көмек алған. 6 жылға 6 пайызбен алынған жеңілдетілген несие арқылы мұнда қажетті жабдықтар мен құрылғылар орнатылған. Қар­қынды дамып келе жатқан за­уытта тәулігіне 10 тоннаға дейін сүт өнімдері өндіріледі.

 

Бұл жобаның жалпы құны 80 миллион теңгені құрайды екен. Ал мұнда 38 адам жұмыс атқарады.

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ