Жылқы бордақылаумен айналысады

05.12.2018
Қаралды: 63

Отырар ауданындағы Шәуілдір ауылының тұрғыны Қанат Айтқұлов 2000-жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. Ол осыдан алты ай бұрын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 4 миллион теңге несие иеленіп, оған 12 бас жылқы сатып алған. Қазіргі таңда ол 6-7 бас – бордақыға және 5-6 бас – көбейтуге арналған  жылқы ұстап отыр.

 

– Біздің негізгі жұмысымыз да, күнкөрісіміз де осы. Біздерге ауылда бұдан басқа жұмыс жоқ. Осы тұста мемлекеттен болып жатқан жәрдем көп көмегін тигізуде. Ал­ған несиемізді алты айда бір төлейміз, сондай-ақ пайызы да төмен. Несиеден құтылған соң, алдағы уақытта осы салада тағы да біраз жұмыстар атқарғым келеді. Соның ішінде қора салу, мал басын одан әрі көбейту, өгіз шаруашылығын қолға алу деген жоспарлар да жоқ емес.

 

Бір әттең-айы – жем-шөп бағасының екі есеге көтеріліп кеткені. Былтыр престелген шөптің бір данасын 250 – 300 теңгеге алатынбыз. Биыл 500 – 600 теңгеге бір-ақ аспандады. Қабы 18 келі болатын кебекті 1000 теңгеге алып жатырмыз.

 

Барлық азық-түлік қымбаттады, ал еттің бағасы өскен жоқ, бір деңгейде тұр. Бұл біздің шығынымызды көбейтіп, кірісімізді азайтып жатыр. Бұрынғыдай емес, үстінен көретініміз азын-аулақ қана. Десек те соған қарамай жұмысымызды істеп жатырмыз. Қолын бір сілтеп, қоя салып жат­қандар да бар. Бірақ біз әзірге осы бағыттан таймаймыз. Себебі асырайтын бала-шаға, төлейтін несие бар, – дейді кәсіпкердің өзі.

 

Қ.Айтқұлов сонымен қатар шаруашылықта жүрген адам малдың тілін ғана емес, есепті де білуі керек дейді. Расында да, өз кәсібін сандармен сөйлете білген адам ғана табысқа жетеді.

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ