Отырарлық диқандар өз істеріне риза екенін айтады

04.11.2018
Қаралды: 55

Бүгінде Отырар ауданында егін шаруашылығымен айналысып жүр­ген шаруалар жетерлік. Мемлекет көмегіне жү­гініп, сол арқылы қолдау көріп отырған диқандар жыл сайын жүгері, жоңышқа, қауын-қарбыз егіп, осы істі жақсы күнкөріс көзіне айналдырған. Солардың бірі – Аққұм ауылының тұрғыны Нұрбол Омар.

 

– Көзімді ашқалы осы кәсіптің басы-қасындамын. Әуелде 1 гектар жерге егін егіп бастағанмын. Қазір «Бибол» шаруа қожалығы мен «Омар ата» ЖШС-ін ашып, екеуінің де жұмысын қатар алып келемін. Оның бірінде – 200 гектар, екіншісінде 180 гектардай жер бар. Қолымызда төрт тракторымыз тұр, лизингке тағы да өзімізге қажетті техника алып жатырмыз.

 

«Ырыс» микроқаржы ұйымының біз секілді диқандарға көктемгі дала жұмыстарына арнал­ған несиесі бар. Мамыр айында берілген қаржыны қазан айында толық өтеп біту керек. Жыл сайын осы несие түрін алып, уақытында жа­уып отырамыз. Биыл да сол үрдіспен 6 пайызбен ақша алып, оны жер айдау жұмыстарына, тыңайтқыш алуға жұмсадық.

 

Дегенмен қауын-қарбыз биыл жылдағыдан аздау болды. Қыста қар аз түскеннен жердің соры бетіне шығып, осы жылғы өніміміз былтыр­ғының жартысын ғана құрап отыр. Содан соң бізді қинайтыны – жылдағы су тапшылығы. Сырдың суы бізге жетпей қалып жатыр, – дейді кәсіпкер.  

   

Талапты ауыл округіне қарасты Шытты ауылының тұрғыны Асанхан Көпжасаров та осы мәселені айтады. Кәсіпкер 2014-жылы «Абзал-86» шаруа қожалығын ашып, содан бері жұмысын тоқтатпай келе жатыр екен.

 

– Жүгері өнімі былтырғыдан сәл төмендеу болғанын жасырмаймыз. Себебі су мезгілінен кеш жіберіліп жатты. Бірақ өзіміз биыл қауын-қарбыздан жаман болған жоқпыз. 4 гектар жерден 200 тоннадай қарбыз жинадық, қауын да ойдағыдай болды. Жоңышқаны  да үш орып алдық. Дала жұмыстарына кеткен барлық шығынымызды «Ырыс» микроқаржы ұйымынан берілген несие арқылы жаптық. Барлық шаруаны отбасымызбен жабылып істейміз. Тек егістік науқаны кезінде жұмысшылар жалдаймыз.

 

Бүгінгі күні «Абзал-86» шаруа қожалығының қарамағында 39 гектар жер жатыр. 50 гектар жайылымдық жеріміз тағы бар. 

 

Тек егінмен ғана шектеліп қалмай, мал шаруашылығын да қолға алып отырмыз. 2014-жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 2,5 миллион теңге несие алып, оған 17 бас сиыр әкелдік. Сөйтіп, бұқаларын бордақылап, саттық. Оның орнына байлауға жылқы алдық. Қазір 10-15 бас жылқы мен 8-9 сауын сиырымыз бар. 3-4 биені сауып, оның саумалын сатып отырмыз.

 

Мемлекеттің көмегі қаншама шығынымызды жауып отыр. Кәсіпкерлер үшін өте ыңғайлы. Құжатыңды бір рәсімдеп қойсаң, сол құжатпен жылда келіп ала бересің. Кепіл болатын адам керек демейді. Бөліп төлеуге де болады. Пайызы да көп емес. Кепілге жылжымайтын мүлік қойсаң, гектарына 100 – 150 мың теңгеге дейін несие береді. Біз шамамызға қарай аламыз. Мемлекет селитрасын да, жүгері ұрығын да беріп жатыр.  Құжатың түгел болса, кедергі жоқ.

 

Болашақта алға қойған жоспар көп.  Жыл сайын бақша дақылын еге берген соң жер шаршайды. Ал жоңышқаның құрамында тыңайт­қыш көп болады. Соны егіп, жерді тыңайтып алсақ дейміз. Содан соң мал басын көбейтсек деп отырмыз. Сондай-ақ жаңа техника алуға әрекет жасап жатырмыз.

 

Өзімде бір трактор бар, жер айдау, басқа да жұмыстарды істейтін тағы біреуін алсам деймін. Жалпы, ісімізде алға жылжу да, табыс та жоқ емес. Мемлекетке ризамыз, – дейді А.Көпжасаров.

 

...Еңбек етіп, кәсіптің көзін тапқандар осылайша жағдайларын түзетіп алуға тырысып жатыр екен. Бұл істе тек мүмкіндікті мүлт жібермесең болғаны.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ