Екі түйеден басталған тіршілік

04.11.2018
Қаралды: 51

Отырар ауданы, Жаңа Шілік ауылының тұрғыны Гүлсара Сейітжанқызы – 65 жаста. Жолдасы Құдіретулла Сәмен екеуі 3 ұл, 3 қыз тәрби­е­­леп өсірген. Гүлсара апа – өзінің еңбекқорлығының арқасында қыруар шаруаны қалт­қысыз атқарып, бүгінде отбасымен бірге сол ісінің берекесін көріп отырған жандардың бірі.

 

– Өзім 1972 жылдан бастап сауда саласында жұмыс істегенмін. 1992-жылы «Жаңа жер» шаруа қожалығын ашқанбыз, содан бері оның жұмысын жүргізіп келемін.

 

Әуелде шұбат өндіру мақсатында екі түйе сатып алдым. Бұл 1996-жыл болатын. Бір жылдан соң Шәуілдірдегі «Отырар несие» деп аталатын несие серіктестігіне мүше болып, одан 500 мың теңге алдым. Ол кезде малдың арзандау кезі еді, сол ақшаға 18 бас сиыр келді. Сиырларды сауып, сүт да­йындап дегендей, өзімше мал шаруашылығымен айналысып жүрдім.

 

Бүгінгі күні түйелеріміз көбейіп, 80 басқа жетті. Олардан қымыран аламыз, оны сауыншыларымыз сауады. Сонымен қатар 150 бас сиыр тағы бар. Келінімнің атынан «Береке» жеке кәсіпкерлігімен бірге арнайы сүт цехын ашқан болатынбыз. 2017-жылы «Ырыс» микроқаржы ұйымынан 6 миллион теңге несиеге ақша алып, сауын сиырлардың санын көбейттік.

 

2015-жылы кіші баламның атынан тағы да «Бақытжан» деп аталатын жеке кәсіпкерлік ашып, алғашында 5 мың бас тауық алдық. Тауықтар күніне 4000 дана жұмыртқадан беріп отырды. Өнімге сұраныс көбейе бастаған соң сол жылы «Ырыс­тан» берілген 16 миллион теңге несиеге алдымен тауық тұратын орынды кеңейттік. Одан соң тағы да 10 мың бас тауық әкелдік. Енді содан қазір қолымызда 8 мың бас тауық қалды. Соның өзінен күніне 6800 – 7000-дай жұмыртқа алудамыз.

 

Дегенмен тауық бағу да оңай шаруа емес. Өте машақаты көп. Оларға берілетін жемді қолдан дайындаймыз. Бидай, жем, шрот, соя, сода, тұз, дәрумендер, өсімдік майы секілді 11-12 түрлі азықты арнайы аппаратқа салып, араластырып, сонымен қоректендіреміз.

 

Құс фермасында 4 адам жұмыс істейді. Олар тауықтарға қарап, тұрған орнын тазалайды.

 

Қазіргі таңда ортаншы балам «Нұр Шілік» кооперативін ашты. Осы арқылы ауыл тұрғындарын сүт-етпен және жұмыртқамен қамтамасыз етіп отырмыз. Қолдағы малдың арасында қартайғандарын және бұқаларды етке жібереміз. Өнімдерімізді апта сайын Қызылорда қаласындағы «Смарт ойл» мұнай компаниясына жөнелтеміз, сондай-ақ Шәуілдір, Төрткүл, Шілік ауылдарының халқын да қамтамасыз етіп отырмыз.

 

Өзіміздің суармалы жеріміз бар, соған жаздай жүгері егеміз. Оны мал мен құс азығы ретінде пайдаланамыз. Бірақ бидайды сатып аламыз. Бүгінгі күні осы шаруашылығымызда малшылар, тракторшылар, сауыншылар бар – жалпы саны 35 адам жалақы алып отыр, – дейді кәсіпкер апа.

 

...Осындай өмірлік тәжірибесінен тәлім алуға болатын апаларымыздың бар болғаны бізді қуантады. Ендеше, Гүлсара апаға еңбегінен – береке, отбасынан мереке кетпесін деп тілейік.                                                                               

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ