Көксәйектік бүлдіршінге Кореяда ота жасалды

05.12.2018
Қаралды: 69

Корей елінің ең үздік клиникаларының бірінде Түркістан облысының кішкентай тұрғынына ауыр операция тегін жасалды. Төлеби ауданы, Көксәйек ауылының жеті айлық тұрғыны Нұркен Елшібек қазір анасымен Пучхон қаласында орналасқан «Сун Чхун Хян» клиникасында.

 

Кішкентайға отаны аурухананың ең мықты плас­тикалық хирургы, профессор Ким Енг Пэ жасады. Жекеменшік клиника науқас баланың медициналық тексеруін, операциясы мен барлық шығындарды өз мойнына алған болатын. Қайырымдылық шарасы «Сун Чхун Хян» клиникасы  басшылығы мен Түркістан облысы денсаулық сақтау бас­қармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың арасында қол қойыл­ған меморандум аясында жүзеге асты.

 

«Батпан құйрық» болмай шықты

 

Жеті айлық Нұркен Елшібекке іштен туылғаннан жоғарғы еріннің бітпеуі (хейлосхизис) жақ-бет аймағының туа біткен даму ақауы, яғни бет дамуының ауыр кемістігі – «қоянжырық» диагнозы қо­йылған. Сәбидің анасы Нұрила Исаева баласына операцияны Корея­да жасатуды тіпті армандай алмағанын айтады.

 

«Ұлым осындай кемістікпен туғанда жақындарым бетіме баспады. Біз бұл жағдайды Алланың сыны деп қабылдадық. Ауыр бет ақауымен өмір сүруге үйренуге тура келді. Уақыт өте бұл жағдай баладан гөрі менің жаныма қатты батты. Мен ұлымды кеудеме қысып, жиі кешірім сұрайтын едім. Біздің тұқымымызда мұндай кесел болмаған. Аяғым ауыр кезде қатты тұмауратып, ұзақ емделуге тура келді. Кейін дәрігерлер баламның кеселіне осы әсер етуі мүмкін екендігін болжады. Бұл кесел тек бетте ғана емес, психологиялық тұрғыда да жанымызды ауыртар жағдай. Оның демалуы ауырлап, емгенде сүттің көбі далаға ағып, шашалып қала береді. Іші кеуіп кетеді. Отырғызып емізіп әрі түнімен тұншығып қалмасын деп қолда ұстайтынбыз. Елді шошытып алмайық деп аузының жырығын көрсетпеуге де тырыс­тық. Себебі көрген жұрт тітіркеніп, қашқақтайтын. Бізде мұндайды қабылдау қиын шығар. Алланың жазғаны болған соң көнбеске амал жоқ.

 

Ота жасатуды ойластырған соң ақпарат жинай бас­тадық. Көрші Өзбекстанда мұндай операция 200 мың теңге екен. Кейін өзімізде де мықты мамандар барын естіп, кезекке тұрдық. Ал отаны алты айдан кейін жасату керек болды.

 

Осы кезде біз Корея мамандарының қайырымдылық шарасы туралы естідік. Қуанышымыз қойнымызға сыймай, бұл жаңалықты атамызға жет­кізгенде ол кісі бірден бас тартты. «Бұл не деген «батпан құйрық», олай болуы мүмкін емес», – деген соң қоя салсақ па дегенбіз.

 

Біз өте қарапайым отбасымыз. Мен мектепте сабақ берем, күйеуім қарапайым жұмысшы. Оның үстіне шетелге ешқашан шығып көрмегенбіз, тіл білмейтініміз тағы бар. Осылай екі ойда жүргенімізде аудандық аурухананың бас дәрігері Дәулет Мұсаев ұлымның дерті облыс бойынша ең ауыр түрі екенін, бұл мүмкіндікті пайдаланып қалу керектігін ескертті.

 

Ақыры мүмкіндікті қалт жібермей, атамызды көндіріп, жолға дайындалдық. Әуелі шетелге шығатын құжаттарды дайындай бастадық. Бізбен бірге Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының маманы баратынын естіп, көңіліміз орнына түсті.

 

Кореяда бізді өте жылы қабылдады. Жанымызда ем алып жатқандар да баламнан бойын аулақ салмады. Операция бес сағатқа созылды. Ұлымды құшағыма алғанда ғана барлық қиындық артта қалғандай сезіндім. Перзентімнің емі үшін қол ұшын созған әрбір жанға алғысымыз шексіз! Мұндай мүмкіндік берген Аллаға мың шүкір! Енді өміріміз өзгеріп, жаңаша өмір сүретін боламыз», –  дейді Нұркеннің анасы Нұрила Исаева.

 

Отбасында Нұркеннен үлкен әпкесі бар екен. Оның денсаулығы өте жақсы. Ал мұндай дертпен туылған Нұркенге отаны өзге елде тегін жасатуға мүмкіндік алғанын жақындары Алланың балақайға шарапаты деп қабылдаған. 

 

Сәтті өткен операциядан кейін «Сун Чхун Хян» университеті жанындағы Пучхон госпиталі меңге­рушісінің орынбасары, профессор Мин Генг Дэ кішкентай қазақстандық балақайға арнайы келіп, жағдайын сұрап, өзі әкелген сыйлықты табыс етіпті.

 

Жүкті кезде аурудан сақ болған жөн

 

Айта кетейік, өткен жылдың өзінде Түркістан облысында 78 балаға осындай ота жасалған екен. Биыл олардың саны – 108-ге жеткен көрінеді. Жалпы, мемлекеттік медициналық мекемелерде ота тегін жүргізіледі.

 

Ал баланың «қоянжырықпен» туылуына не себеп? Оған не түрткі болуы мүмкін деген сауалдарға тоқтала кетсек.

 

Бұл кесел – туа біткен, тұқым қуалайтын ақау. Сондай-ақ жүктіліктің алғашқы айларында  ананың жұқпалы вирустық аурулармен ауруы себеп болуы мүмкін. Жүкті әйелдерге көп препараттарды қабылдауға қатаң тыйым салынатыны да содан. 

 

«Қоянжырық» – жоғарғы еріннің бітелуін білді­ретін жақ-бет аймағының даму кемістігі. Бұл дертпен 0,04 пайыз нәрестелер туады, олардың арасында ұл балалар басым. Еріннің ыдырауы жүк­тіліктің 8-ші аптасына дейін, жақ-бет органдары дамыған кезде пайда болады. Бет жарықшақтары сирек оқшауланған ақаулар болып табылады, әрбір бесінші жағдайда олар туа біткен ауыр синдромдардың бір компоненті болып табылады. Бет саңылауларын түзетумен, бұзылған функ­цияларды қалпына келтірумен және туа біткен патологиясы бар пациенттерді оңалтумен жақ-бет хирургия­сы, стоматология, логопедия, педиатрия саласындағы мамандар айналысады.

 

Мұндай кесел гендік деңгейде негізделген. Еріннің ыдырауын тудыратын tbx22-геннің мутация­сы токсикозбен, стресстермен, антибиотиктермен, радиациялық немесе жұқпалы әсермен, есірткіні, алкогольді тұтыну немесе болашақ ананың темекі шегуін туындауы мүмкін. Жүктіліктің алғашқы 2 айында бұл факторлардың әсері әсіресе қауіпті.

 

Қоян ерні дамуының тағы бір факторы – кеш (35-40 жастан кейін) босану. Жүктіліктің соңғы кезеңдерінде ұрықты ультрадыбыстық зерттеу деректері бойынша қоян ерні бар баланың тууын анықтауға болады.

 

Егер мұндай ақау түзетілмесе, ол балада тұлғалық өзін-өзі бағалаудың төмендеуін тудыруы мүмкін. Оны түзету баланың тілі шыққанға дейін, яғни 3 жасқа дейін жасалуы керек. Одан кейін сөйлеу ақауларын жоюға бағытталған логопедиялық емдеу және операциядан кейінгі тыртықты жою бо­йынша косметикалық емдеу жүргізілуі де мүмкін.

 

Мұндай туа біткен аурулары бар ерлердің балаларында аурудың қайталануы 4 пайызды құрайды екен.

 

Кореяда ота құны 10 мың  доллардан басталады

 

Оңтүстік Кореяда мұндай операцияның құны 10 мың АҚШ долларынан басталады және оны пластикалық хирургтар жүргізеді. Өңірімізде мұндай отаны балалар жақ-бет хирургтары жасайды. 

 

2001-жылы құрылған сәттен бастап, «Sun-Chun-Hyan» университетінің Бучон ауруханасы заманауи жабдықты сатып алу және ХХІ ғасырдың жетекші медициналық орталығы болуға деген ұмтылыстың арқасында бүгінгі дәрежеге жетіп отыр. Қазіргі уақытта бұл аурухана 1000 төсек сыйымдылығына ие және сол аймақтағы 1600-ден астам қызметкер, оның ішінде 300 дәрігер, 600 медбике жұмыс істейтін жалғыз жоғары мамандандырылған медициналық мекеме.

 

Госпитальда 31 бөлімше, сондай-ақ 16 орталық және бір-бірімен тығыз ынтымақтасатын 108 мамандандырылған клиника бар.

 

М. МҮСІЛІМ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ