Атаулы әлеуметтік көмектің игілігін көруде

03.11.2018
Қаралды: 34

Жыл басында енгізілген жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек қазақстандық 72 мыңнан астам отбасына беріліпті. Республика көлемінде тың жүйе бойынша төлем алғандар қатарын жетісайлықтар арттырып отыр. Осы орайда атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізген аймақ тұрғындарының кәсіппен айналысу белсенділігі жоғары.

 

Жетісай ауданының тұрғындары атаулы әлеуметтік көмектің арқасында тірліктерін дөңгеленте бастады. Мәселен, Жетісай қаласының тұрғыны Махбуба Сарсенова 127 мың теңгеге тігін машинасын сатып алып, бір отбасының айлық табысын шығарып отыр екен. 

 

Ал Жаңаауыл ауыл округі, Мырзашөл ауылының тұрғыны Батулла Қиықбай болса, 6 ай мерзімге 498 мың 528 теңге алып, мақсатты жұмсапты. Бүгінде бұл үйдің қорасында 2 сиыр бар. 

 

Дәл осындай қаражатты Ынтымақ елді мекенінің тұрғындары – Дүйсенбековтер әулеті де тиімді пайдалануда екен. Отбасындағы 6 адамға шаққанда 6 айға 353 мың теңге алып, мақсатты жұмсап отыр. 

 

Ш.Дәлдабеков ауыл округінің тұрғыны Қалқабай Шілмырзаев атаулы әлеуметтік көмектің игілігімен 456 мың 990 теңгеге 2 бас сауынды сиыр сатып алыпты. 

 

«Атаулы әлеуметтік көмектің игілігін көріп отырғанымыз рас. Алты айлық алатын соманы бірден алған бізге өте тиімді болды. Екі сиыр алып, бала-шағамыз ағарғанға қол жеткізді. Алдағы мақсатымыз – қорадағы мал басын көбейтіп, ел қатарлы өмір сүру. Жалпы, қара малдың пайдасы көп», – дейді Қалқабай Шілмырзаев. 

 

Атаулы әлеуметтік көмектің игілігін көргендердің қатарында Қазыбек би ауыл округінің тұрғыны Салтанат Артықбаева да бар. Ол да 6 айлық көмекті бірден алып, 216 мың теңгеге қол жеткізіпті. Ал өзі «Таныр» шаруа қожалығында жұмысшы болып істейді. 

 

Қызылқұмдық Феруза Буриева 6 айға 257 мың теңге, Ынтымақ ауыл округінің тұрғыны Жорабек Ешанқұлов 6 айға – 320 мың, Үшкөпір ауылының тұрғыны Жұмахан Жамбаев – 180 мың, Жанатбай Худайбергенов 530 мың теңге алып, мақсатты жұмсау­да.

 

 Д. ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ