Балық та, құс та өсіріп жатыр

29.10.2018
Қаралды: 44

Көзін тапқан адамға балық өсіру де – табыс көзі. Бүгінде балық шаруашылығын қолға алып, іс бастағандар да баршылық.

 

Түркістан облысы, Ордабасы ауданының шаруалары сазан балығын өсіре бастады.  Бөржар ауылдық округі, Жамбыл ауылындағы «Сайып ата» шаруа қожалығының төрағасы, жеке кәсіпкер Амантай Мәулен 6 гектар жерге су айдынын жасап, 2 мың дана  сазан  балығын суға жіберіпті. Өз қаржысы арқылы кәсібін бастап отырған азамат болашақта бұл мекеннің үлкен демалыс аймағына айналатынын айтады. Шаруасы жайымен ілгері басып келе жатқан қожалықта бес адам жұмыспен қамтылған.  Оларға 60 мың теңгеден жалақы беріледі екен.

 

Ордабасыда ауыз толтырып айтарлық жұмыстар тек бұл ғана емес. Мұнан бөлек, ауданда мал бордақылайтын 150 алаң жұмысын бастап, жанұялық 22 сүт фермасы іске қосылды. Сондай-ақ жеке кәсіпкер Б.Башенов 25 мың басқа арналған құс фермасын салып, жұмысын жүргізіп келеді.

 

Осындай ілкімді істердің арқасында Ордабасы ауданында  2018-жылдың 5 айында ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 9 миллиард 154 миллион 500 мың теңгені құрап отыр. Бұл 2017-жылғымен (8 миллиард 45 миллион 300 мың теңге) салыстырғанда 1 миллиард 109 миллион 200 мың теңгеге артық. Ауыл шаруашылығы дақылдарына арналған жерді игеру жоспары 102 пайызға орындалып, 56 мың 553 гектарды құрады.

 

Өңірде суармалы жер жыл басынан бері 725 гектарға ұлғайтылыпты. Оның 7,4 гектарына жылыжай шаруашылығы іске қосылып, 541,54 гектар­ға тамшылатып суғару әдісі енгізілді. 

 

Қарқынды бау шаруашылығын дамыту үшін келесі жылы 60 гектарға  – жүзім, 40 гектарға жаңғақ егу жоспарланды. Бұл бағытта бүгінгі таңда 34 гектар бау, 5 гектар жүзім көшеті отырғызылды. Сонымен қатар, Бөржар ауыл округінде «Александровский сад» шаруашылығы 20 гектарға жеміс пен жаңғақ көшеттерін, «Green town south» ЖШС-і 10 гектар жеміс көшеттерін отырғызып, қарқынды шаруашылықтарын ұлғайтуды көздеуде.

 

Егін шаруашылығындағы жетістіктер де баршылық. Мал өсіріп, көбейтумен, бордақылаумен шұғылданатындар да ауданда жетерлік. Жыл басынан бері «Сыбаға» бағдарламасымен 333 ірі қара, «Алтын асықпен» 1268 уақ мал, «Құлан» бағдарламасы бойынша 361 жылқы алынды.

 

Сондай-ақ Ордабасыда терең қопсыту әдісін қолдану бағытында 9500 гектар жерді өңдеу жоспарланған көрінеді. Бұл бағытта 11 соқа алынып, 9807 гектар жерге терең қопсыту әдісі ендірілді, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалау бойынша жыл басынан бері 39 техника сатып алынды.

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ