«98 жастағы» тракторын әкімдікке сыйламақ

03.11.2018
Қаралды: 46

«Ұстаның қолы – алтын» демекші, ауылды жерлерде он саусағынан өнер тамған азаматтар аз емес. Солардың бірі – Жетісай ауданы, Қызылқұм ауылының тұрғыны, темір ұстасы Әмір Әуелбеков.

 

Жастайынан темір-терсек құрастыруға құмар ол бүгінде шағын ұстаханалық цех ашып, елдің алғысын алып жүр.  Жуырда ол бір ғасырға жуық «ғұмыр кешкен» көк тракторға «жан бітіріп», ауылдың кіре берісіне ескерткіш ретінде тарту етпек ниетте.

 

1922-жылы шыққан трактордың маркасы - «Универсал». Бұл тракторды соңғы жылдары Қосқұдық ауылының тұрғыны Қырғызбай Ботыұлы есімді азамат тізгіндепті. Қырғызбай ақсақал дүние салған соң балалары «әкеміздің көзі» деп ешкімге сатпай сақтапты. Тіпті бір кездері бұл трактордың айырбасына су жаңа «Жигули» де ұсынылыпты. Алайда әке аманатына адал балалары айырбасқа бармапты. 

 

«Көк трактордың біраз бөлшегін қайта қалпына келтіруге тура келді. Бірнеше бөлшекті қолдан құрастырдым. Сырлап, жаңадан дөңгелек салдым. Енді бірер күнде қайта құрылымдау жұмыстарын аяқтап, ауыл басшыларына табыстаймын», – дейді ұста Әмір Әуелбеков. 

 

Бүгінде Әмірдің шағын цехында 4 жігіт жұмыс істеп, жалақы алады. Олар темір қақпалар құрастырып, арка, бас­тырма жасаудың нағыз шеберлері атанып үлгерген. Маусымдық кезеңдегі табысымыз айына 250-300 мың теңгеге дейін ұлғаяды дейді олар. Істің көзін тапқан Әмір алдағы жылы үйінің іргесінен жыл он екі ай жұмыс істеуге лайықты шағын цех салуды жоспарлап отыр.

 

Бұл туралы Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ