Мыңдаған құс пен малға азық дайындайды

29.10.2018
Қаралды: 42

Отырар ауданының Кеңес Одағы кезінде жүгері өсірумен аты шыққаны белгілі. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері де ауданда бұл дақыл өсіріледі, онда жүгері кластерін құру ойда бар. Аудандағы «Отырар – Дән» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де – осындай іске атсалысып жатқан кәсіпорындардың бірі.

 

«Отырар – Дән» серіктестігі 2015-жылы құрылған. Өзінің иелігіндегі жерге жүгері дақылын егеді. Шаруашылықтың 10 мың тоннаға дейін өнім сыятын қоймасы бар. Ол жергілікті диқандардан да жүгері қабылдап, оны тазартып, сұрыптайды, кептіреді, сөйтіп, құс және мал шаруашылығымен айналысатындарға өткізеді.

 

«Шаруаны «Максимум» аймақтық-инновациялық орталығынан 250 миллион теңге жеңілдетілген несие алып бас­тағанбыз. 300 – 400 гектар жерге жүгері егеміз. Кей жылдары топырақты тың­айтып, жерді демалдыру үшін қауын-қарбыз, кейде жоңышқа егетініміз бар. Жүгеріні өзіміз егеміз, жергілікті шаруа­лар да бізге өткізеді. Өнімді тазартып, кептіріп, қоймада сақтаймыз, қажет еткен шаруашылықтар­ға сатамыз. Бізден жүгері дәнін облысымыздағы «Ордабасы құс», «Қайнар құс» шаруашылықтары, мал бордақылайтын қожалықтар алып тұрады. Бұйыртса, биылдан бастап өнімді экспортқа шығару жағын да ойластырудамыз.

 

Алдағы жылы жобаның екінші кезеңін іске қоспақпыз. Сонда жүгеріні терең өңдеуге мүмкіндік тиеді, құрама жем шығаратын боламыз», – дейді серіктестіктің бас директоры Бауыржан Әлмаханов.

 

Серіктестік басшысы шаруашылықтарында бүгінде 15 адамның тұрақты жұмыспен қамтылғанын айтады. Олардың айлық жалақылары 40 – 50 мыңнан 80 – 90 мың теңгеге дейін жетеді екен. Қыркүйек – қазан айларында жиын-терім науқаны болып, төңіректегі ауылдың адамдары маусымдық жұ­мыс­қа тартылады. «Ол кезде бізден 40 – 50 адам жұмыс табады. Қырманда еңбек етіп, тиесілі ақыларын алады», – дейді серіктестік төрағасы.

 

«Отырар – Дән» серіктестігі жүгері егуден бөлек, ірі қара мал өсірумен де айналысады екен. Шаруашылықта 100-ден аса сиыр бар. Биылдан бастап малды асылдандыру жолға қойылыпты.

 

Бұл серіктестік осы қарқынмен жұ­мыс істей берсе үлкен кәсіпорынға ай­налатын күн де жақын сияқты.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ