Асқабақтан өзгеше өнім шығарған

05.11.2018
Қаралды: 99

Өрелі ой қашан да қолдау табатыны белгілі. Сондай ойдың иесі, жас кәсіпкер Жасұлан Мұратбаев ағымдағы жылы «Биз­нестің жол картасы – 2020» бағдарламасына сәйкес, асқабақ өңдеу бо­йынша өзінің инновациялық жобасын ұсынған екен. Мемлекет тарапынан жоғары сенімге ие болып, нәтижесінде ол 3 миллион теңге грант ұтып алған. Қаржы өндіріске қажетті жабдық алуға жұмсалыпты. «Бұл – Қазақстан бойынша теңдесі жоқ жалғыз жоба», – дейді кәсіпкердің өзі. 

 

Негізі «Омос» серіктестігі өз жұмысын 2017-жылы бастаған болатын. Содан бері бұл кәсіпорын адам ағзасына пайдалы тағам түрін өндіруді тоқтатқан жоқ. Қазіргі таңда 12 адам осы жерден өз нәпақасын та­уып отыр. 

 

– Асқабақты Түркістан қаласының, Арыс және Отырар аудандарының диқандарынан сатып аламыз. Сөйтіп, одан джем және павидло жасаймыз. Негізі жоба бойынша ас­қабақ езбесін де (пюре) өндіруіміз керек болатын.  Бірақ ол балаларға арналған тағам болған соң сәйкесінше сапасына қойылатын талабы да өте жоғары. Оған бірнеше сертификаттар мен технологиялық білімі терең мамандар қажет болды. Сондықтан өнімнің бұл түрі әзірге біздің өндірісте жоқ.

 

Аталған асқабақ өнімдері – үлкендерге де, балаларға да арналған отбасылық тағам. Білген адамға ол өте пайдалы, оның құрамында дәрумен көп. Өнімдеріміз шыны ыдыстарға құйылып, «Омос» деген атпен шығарылады. Оның жарамдылық мерзімі – 2 жыл. Тағамдарымызды көбіне Батыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстанның қалаларына жібереміз. Сол жақта сұраныс өте жоғары. Біз тіпті жарнамаға да мұқтаж емеспіз. Сондай-ақ Орталық Қазақстаннан Қарағанды қаласына да жөнелтеміз. Ол жақта шахтерлар көп тұтынады.

 

Оңтүстік өңір бойынша асқабақтың санау­лы-ақ түрі бар, яғни бізге екі-ақ сорты келеді. Екеуі де – өте дәмдісі. Қоймаға түскен шикізат алдымен жуылады, содан соң сырты тазаланады, қайнатылады, соңыра залалсыздандырылады. Осылай бірнеше процестен өтеді. Бұл жұмыстардың жартысы адамның қолымен, енді біразы автоматтың көмегімен ат­қарылады. Сапасына да қатты мән береміз, міндетті түрде тексерулерден өткіземіз. Себебі құрамы дұрыс болмаса, адам денсаулығына зиян келетіні белгілі.  

 

Жиналған шикі асқабақтың 25 пайызы – қалдығы деп есептейміз, яғни бұл – алынып тасталатын қабығы мен ішіндегі дәні. Қал­ған 75 пайызы өндіріске кетеді. Сонда 200 тонна асқабақтың 150 тоннасынан ғана қажетті тағам дайындалады. Бірақ ол қалдықтың да өзінің жұмсалатын жері бар. Қабығын жергілікті шаруалар сатып алып, одан малға жем дайындаса, тұқымын медицина саласында пайдаланады. Оны бізден «Химфарм» секілді фармацевтикалық компаниялар сатып алып, дәрі дайындайды. Сонда бұл жобада шығын жоқ деп айтуға да болады.

 

Өндіріске қажетті қондырғылардың барлығын Ресей және Қытай елдерінен әкелген едік. Енді болашақта осы мемлекеттерге өнімдерімізді экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз. Бізде шикізат жеткілікті, келесі жылға қарай қондырғыларымызды бір жаңартып алып, көздеген мақсатымызға жетсек деген ойымыз бар, – дейді Жасұлан.

 

...Жақсы ойлардың нәтижесінде кәсіптің көзін тауып, оны жүргізе білген осындай жандардың ісі қашан да қуантады. Бұйырса, межелі мақсатына жететініне біз де күмән келтірмейміз.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ